Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда мемлекеттен қалай баспана алуға болады - толық ақпарат

Қазақстанда мемлекеттен қалай баспана алуға болады - толық ақпарат

Мемлекет қазақстандықтарға әртүрлі жолмен баспана алуға көмектеседі. Ол үшін арнайы ипотекалық бағдарламалар, қызметтік баспана беру мүмкіндігі, сатып алу құқығы бар арендалық баспана, мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана алу немесе әкімдіктің азаматтардың кей тобына беретін баспанасы қарастырылғанЭлектронды үкімет порталы eGov хабарлағандай, мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу үшін бірнеше қадам орындау қажет.
  1. Қажетті құжаттарды жинап, әкімдікке немесе онлайн тапсыру.
  2. Құжаттар дұрыс болса, отыз күн ішінде хабарлама келеді, артынша кезекті бақылап отыру керек. Мұны электронды цифрлық қолтаңба арқылы онлайн істеуге болады.
  3. Тұрғын үй комиссиясы құжаттарды қарап, шешім қабылдайды.
  4. Келісімшарт жасап, баспана алу.

Кім мемлекеттен баспана ала алады?

Баспана алу кезегіне тұру үшін елді мекенде тұрақты тіркелу қажет.
Коммуналдық немесе мемлекеттік пәтерлер коммуналдық тұрғын үй қорынан немесе жеке тұрғын үй қорынан беріледі. Жеке тұрғын үй қорына әкімдіктер жалға алған пәтерлер кіреді.
Баспана алуға құқығы бар азаматтар:
  • Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектері;
  • тұрмысы төмен азаматтар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
  • 18 жасқа толмаған жетімдер мен ата-анасынан айырылған балалар;
  • мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым қызметкерлері, әскери қызметшілер, ғарышкер болуға үміткерлер, ғарышкерлер мен мемлекеттік сайлаулы лауазым иеленгендер;
  • Қазақстан заңнамасы бойынша жалғыз баспанасы апаттық жағдайда деп танылған азаматтар;

Қандай жағдайда адам баспанаға мұқтаж болып саналады?

"Тұрғын үй қатынастары туралы" заңның 69-бабына сәйкес Қазақстан азаматы келесі жағдайда баспанаға мұқтаж болып саналады:
  • Коммуналдық тұрғын үй қоры немесе мемлекеттік кәсіпорын тұрғын үй қорынан баспана алу үшін есепке тұрған кезде және баспана алар кезде Қазақстан территориясында жекеменшік баспанасы жоқ болса;
  • Азамат пен оның отбасы тұратын баспана заңмен бекітілген санитарлық және техникалық талаптарға сай болмаса;
  • Іргелес, оқшауланбаған тұрғын үйде екі немесе одан да көп отбасы тұрып жатса;
  • Отбасыда созылмалы ауыр дертке шалдыққан науқастар болса және олармен бір бөлмеде тұру мүмкін болмаса.

Қандай жағдайда баспана бермеуі мүмкін?

Азамат соңғы бес жылда баспанасын айырбастап, тұруға жарамды үйді тастап кетіп, баспанасын өзі бұзған жағдайда жаңа баспана алу үшін кезекке тұрғызбауы мүмкін.
Мемлекет қандай баспана береді?"Тұрғын үй қатынастары" туралы заң бойынша мемлекет адам басына шаққанда пайдалы тұрғын үй ауданы 15 шаршы метрден кем емес және 18 шаршы метрден артық емес баспана бере алады, бірақ бір бөлмелі пәтерден немесе жатақхана бөлмесінен кіші болмауы тиіс.
Отбасыда ауыр дертке шалдыққан науқас болса, оған жеке бөлме беріледі. Сонымен қатар отбасыда жүктілік мерзімі 22 аптадан асқан аяғы ауыр әйел болса үлкенірек пәтер берілуі мүмкін.
Берілетін баспанада барлық жағдай жасалған, тұрғын үй қала ішінде орналасқан, сондай-ақ мүгедектерге қолайлы болуы тиіс.
sputniknews.kz
13 шілде 2019 ж. 752 0