Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өзге елдің нөмірімен жүрген көліктер қалай тіркеледі?

Өзге елдің нөмірімен жүрген көліктер қалай тіркеледі?

ІІМ әкімшілік полиция комитеті шетелдік нөмірлермен жүрген көліктерді онлайн тіркеудің тәртібін түсіндірді.
Комитет төрағасының орынбасары Әлібек Кеңісбаевтың айтуынша, бүгінде Қазақстанда Ресей, Армения мен Қырғызстанның тіркеу нөмірлерімен жүрген автокөліктер көп. Ондай көліктердің нақты саны да белгісіз."Өкінішке қарай, біз ол көліктердің иесін және кімнің айдап жүргенін де білмейміз. Ал тіркеу жүйелері жол жүру ережесін бұзу фактісін тіркесе де, көлік иесін анықтай алмайды. Себебі камераға өзге елдің нөмірі түседі. Әкімшілік хаттаманы да толтыра алмаймыз", -  деді Кеңісбаев.Оның сөзіне қарағанда, өткен жылы осы санаттағы көліктердің иесі 40 мыңнан аса ереже бұзса, биыл алты айдың ішінде аталған көрсеткіш 42 мыңнан асқан. Осыған байланысты шетелдік нөмірлермен жүрген көліктерді уақытша тіркеуді онлайн режимде енгізу бастамасы көтеріліп отыр.
"Аталған шара тегін жүргізіледі. Ешқандай құжат алудың қажеті жоқ. Біз көліктердің тіркелгенін өзіміздің ақпараттық базамызда көретін боламыз. Аталған деректер әрбір полицейдің планшетіне шығарылады. Осылайша, өзге елдің нөмірімен жүрген көліктер тіркеуге алынады. Соның арқасында жол қауіпсіздігін ғана емес, сан алуан қылмыстарды да анықтауға мүмкіндік болады", - деп атап көрсетті Кеңісбаев. Осы бастаманың аясында кеден қызметі мен ішкі істер органдарының ақпараттық базаларын интеграциялау жоспарланып отыр. Осылайша, полицейлер Қазақстанға кірген көліктерді көріп отырады.
17 шілде 2019 ж. 908 0