Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сұранысқа сай сапалы қызмет бар

Сұранысқа сай сапалы қызмет бар

syrboyi.kz: Кәсіпкерлік саласы экономиканы дамытудың маңызды тетіктеріне айналды. Бұл ретте аралдықтардың айы оңынан туып тұр. Мұндағы 4 206 кәсіпкерлік субъектісінің 3 665-і тұрақты жұмыс істейді. Оларда 7 574 адам жұмыспен қамтылған.
– Кәсіпкерлік нысандарында жұ­мыспен қамтылғандар жалпы жұмыс істеуге белсенді азаматтардың 23,5 процентін құрайды. Соңғы уақыттары кәсібін жаңадан ашатын немесе дамытатын, қайтарымсыз грантқа тың идеялармен қатысатын жандар жетерлік. Жыл басынан «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы 120 тұрғын оқу курсынан өтті. 330,1 млн теңгені құрайтын 30 жоба ұсынылды. Одан бөлек 155,5 млн теңге көлеміндегі 44 жоба мақұлданған. Мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндігін тиімді пайдаланып жатқан кәсіпкерлер көп, – дейді аудандық кәсіп­кер­лік, өнеркәсіп және туризм бөлі­мінің бас маманы Сержан Әуесов.
Мәселен, аудан орталығындағы «Айбар» фитнес орталығы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде ашылған. Халыққа сапалы қызмет көрсетіп келе жатқан орталықтың меңгерушісі Әділет Ал­тайұлы тұрғындардың фитнеске көз­қарасы өзгергенін айтады.
– Соңғы кездері фитнестің пайдасын ұғынғандар көп. Бұрын жай бір ермек санайтын. Қазір денесін шынықтырады, артық салмақтан арылтады. Жастар бос уақытын тиімді өткізеді. Мұның барлығына біздің орталық септесіп жатқаны үшін қуаныштымын, – дейді ол.
Орталықтың жалпы құны 30 млн теңгені құрайды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 14 млн теңге несие алған кәсіпкер, қалғанын өз қаражаты есебінен толтырған.
– Жалпы 30 адамға арналған. Бүгін ерлер келсе, келесі күні әйелдер келеді. Біз ашылғалы тоқтаусыз келіп жатқандар бар. Мектеп оқушыларынан бастап зейнеткерлерге дейін келеді. Жүрек ауруларымен ауыратындарға веложаттықтырушы арналған. Ең жеңілі сол. Әрі қарай күрделене түседі. Артық салмақтан арылуға көмектесетін, қан айналым жүйесіне әсер ететін, аяқ бұлшық етін шынықтыратын құрылғылар бар, – дейді жаттықтырушы Ерлан Сатыбалдиев.
Ауданда жол бойы сервистік қызмет көрсету нысандары да жүйелі жұмыс істеп тұр. Солардың бірі – «Ай-Жұлдыз» орталығы. Жоба құны 200 млн теңге тұрады. Кәсіпкер Берік Жандәулетов «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 60 млн теңге несие алған. 2015 жылы қазанда ашылған нысанда 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
– Мұнда қонақүй, асхана, монша, дүкен, жанармай бе­кеті, шұбат-қымыз ішетін се­кілді қызмет көрсету орындары бар. Болашақта көлік жөндеу орталығын салу жоспарда тұр. Қызметкерлерімізге төленетін ең төмен жалақы – 50 мың теңге. Жолдан өткендер соқпай кетпейді. Біз де өз кезегімізде сапалы қызмет көрсетіп, жұртшылықтың алғысын алып жүрміз, – дейді меңгеруші Гүлзат Майданбаева.
Кісі аяғы арылмайтын ны­санның бұл күнгі жай-күйі де жаңаша серпін алған. Алыс жолдан қажыған жолаушының бір сәт тынығып, сергіп аларлық барлық жағдай жасалған.

Дәулет ҚЫРДАН.
Арал ауданы.
24 шілде 2019 ж. 810 0