«Алтын қалам» байқауы: Биыл үздік романға 1 млн теңге тағайындалып отыр
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Алтын қалам» әдеби жүлдесінің 7-ші маусымы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін Алматыда «Қазақстан» баспасөз клубында «Алтын қалам» әдеби жүлдесін ұйымдастырушылар жаңа маусымның басталғанын, бүгіннен бастап, байқауға шығармалар қабылданатынын жария етті.
Ұйымдастырушылардың бірі, журналист Кенже Жұманұлының айтуынша, биыл Есенқұл Маманұлы атындағы бас жүлдеге 1 млн теңге тігіліп отыр. Аталған жүлде қазақ тіліндегі үздік роман авторына бұйырмақ. Сонымен қатар, балалар әдебиетіне арналған «Дарабоз» байқауының жеңімпазына да 1 млн теңге жүлде берілмек.
«Байқауды биыл 7-ші рет ұйымдастырып отырмыз. Бүгіннен бастап, қыркүйектің 15-іне дейін шығармаларды қабылдаймыз. Оқырмандар тарапынан дауыс беру, үздік шығарманы анықтау 15-30 қыркүйек аралығында болады. Осы 6 ай ішінде республиканың барлық өңірінен жіберілген қазақ-орыс тілдеріндегі шығармаларды қабылдауды бастағалы отырмыз. Жақында біз зерттеу жүргізіп, фантастика, детектив жанрларына сұраныс үлкен екенін білдік. Сондықтан, осы жанрлар бойынша номинацияны қалдырдық. Биыл Есенқұл Маманов атындағы жүлдені жариялап, оған 1 млн теңге тағайындап отырмыз. «Дарабоз» байқауы бұған дейін 11 рет өткізілгенін білесіздер. Былтырдан бастап аталған байқау «Алтын қалам» байқауы аясында өте бастады. Осы байқауға да 1 млн теңге тағайындап, үздік балалар туындысын марапаттамақпыз. Жүлделерді «Жер су» корпорациясы бергелі отыр», - деді Кенже Жұманұлы.
«Алтын қалам» байқауы бойынша биыл да оқырмандар akalam.kz сайтында дауыс бере алады. Дауыс беру «Жылдың үздік поэзиясы», «Жылдың үздік прозасы», «Дарабоз» балалар және жасөспірімдердің үздік шығармасы, «Есенжол Домбаев атындағы жылдың үздік сатирасы», «Жылдың үздік фантастика және детектив шығармасы», «Жылдың үздік киносценариі және драматургиясы», «Қазақ әдебиетіне елеулі еңбегі үшін» және «Есенқұл Маманов атындағы сыйлық» номинациялары бойынша жүреді. Қаламгерлер шығармаларын adebiet2014@gmail.com электронды поштасына 15 қыркүйекке дейін жолдай алады.
Айта кетейік, «Алтын қалам» байқауының 2017 жылғы маусымында ақын-жазушылардан мыңнан астам шығарма қабылданған. Ұйымдастырушылар мұны рекордтық көрсеткіш деп жариялаған болатын.