Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда зейнетақы мен мүгедектікті тағайындау процедурасы жеңілдетілмек

Қазақстанда зейнетақы мен мүгедектікті тағайындау процедурасы жеңілдетілмек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мүгедектікті және еңбекке қабілеттіліктен айырылу деңгейін белгілеу процедурасы жеңілдетілмек. Бұл туралы еңбек вице-министрі Светлана Жақыпованың қатысуымен өткен баспасөз-мәслихатында мәлім болды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде "Еңбек және әлеуметтік саланы цифрландыру" тақырыбында өткен шарада вице-министр үш әлеуметтік қызмет (жасына байланысты зейнетақы тағайындау, базалық зейнетақы төлемдері мен БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы) бойынша құжаттарды қабылдау "бір өтініш" қағидасымен жүзеге асырылатынын атап өтті.
«Нәтижесінде зейнеткердің барлық төлемдері оның бір банктік есеп-шотына түседі, мемлекеттік кепілдік төлемдер де бір мезетте жіберіледі. Сондай-ақ, әлеуметтік төлемдерді белгілеу бойынша тағы алты мемлекеттік қызмет түрін проактивті етудің механизмдері жасақталып жатыр», - деді Светлана Жақыпова.
Сонымен қатар, еңбек министрінің орынбасары мүгедектік пен еңбекке қабілеттіліктен айырылу деңгейін белгілеудің жаңа ережелеріне де тоқталды: «Біз осы саладағы қызметтерді композиттік форматта көрсетуге көшіруді жүзеге асырдық. Егер бұрын мүгедектікті белгілеу, жәрдемақыларды тағайындау және еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлем алу үшін адам үш ұйымға жүгінген болса, қазір тек бір ұйымға жүгінеді. Келешекте бұл өтініштер электронды түрде е-gov арқылы қабылданатын болады, медициналық-әлеуметтік сараптама өтініш берушінің жеке қатысуынсыз жүзеге асырылады деп жоспарлап отырмыз. Бұл сондай-ақ адами факторды жояды және сыбайлас жемқорлық қатерлерін төмендетеді".
Оған қоса, жұмыс жасаған бірер айда өз тиімділігін көрсетіп үлгерген Электронды еңбек биржасының базасында барлық өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар (табысы 12 ең төменгі жалақыдан төмен) үшін мемлекеттік кіріс органдарында оңайлатылған тіркелу/рәсімделу механизмі іске қосылмақ.
Жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің еңбек шарттарын бірыңғай есепке алу жүйесі енгізілетін болады. Электрондық форматқа ауыстырылған еңбек шарттары қағаз түріндегі еңбек кітапшаларынан бас тартуға мүмкіндік береді. Цифрланған еңбек шарттары азаматтардың кірістерін жалпыға бірдей декларациялауды енгізу үшін негіз болады.         
Аталмыш ақпараттық жүйелер өзара интеграцияланған және адамды дүниеге келген күннен бастап зейнеткерлік жасқа дейін «сүйемелдейді»; әлеуметтік саладағы қызметтер толығымен автоматтандырылған: азаматтардың дербес есебін жүргізу, құжаттарды ұсыну, төлемдерді тағайындау, есептеу және оларды жүзеге асыру т.б. Электрондық форматта көрсетілетін қызметтер көлемі жыл сайын өсіп келеді. 2017 жылы  e-gov порталы арқылы 3,2 млн. қызмет көрсетілді.
Жүйеде құрылған дерекқор онлайн режимде жаңартылып/толығып отырады. Бұл өз кезегінде әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарды тез анықтап, тиісінше мемлекеттік төлемдерді уақыты тағайындауға мүмкіндік бермек.    
14 наурыз 2018 ж. 1 089 0