Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал теңізінде ғана кездесетін ерекше балық түрлері

Арал теңізінде ғана кездесетін ерекше балық түрлері


Біздің өзімізді қоршаған ортаның жан-жануарлары мен өсімдіктері, олардың адамға деген әсері мен пайдасын біле бермейміз. Тіпті, Қазақстан аумағын былай қойғанда өз көлдерімізде ғана бар басқа дүниежүзінің ешбір жерінде кездеспейтін жануарларға назар аударып жүрміз бе? Жалпы, балықтар, оның тіршілігі туралы баспасөз беттерінде өте сирек жазылады. Әңгіме тек Арал теңізінде өмір сүріп, басқа ешбір жерде кездеспейтін балықтар туралы болмақ.
Бұрынғы Кеңес одағы ішінде жеке-дара бар болғаны жеті теңіз болған (басқа теңіздер де бар, бірақ басқа елдерге де ортақ). Соның бірі атақты Арал теңізі. Аралды теңіз дегенмен, кейде көл деп атайды. Ғалымдардың бұлай атауына өз себептері бар.
Айдыны шалқып-тасып, жал-жал, асау толқындары кемерінен асып, балықтары тайдай тулап, шағалалары ән салып шат-шадыман болған Аралды еске алатын болсақ, Арал теңізі дүниежүзіндегі ең ірі көлдердің ішіндегі үшінші орын (кейде төртінші дейді) алады. Теңіздің ұзындығы 475 километр, енінің ең кең жері 280 километрге дейін барған. Бұл Голландия мен Бельгияның жер көлемін қоса есептегенде біршама асып түседі. Теңіздің ең терең жері 65,5 метр, орташа тереңдігі 16,5 метр.
Көп теңіздер лай, ластау болса, Арал теңізі әдемі де сұлу теңіз, оның әдемілігімен Егей теңізі ғана таласа алады.
Дүниедегі ең мөлдір теңіздердің бірі де осы біздің Арал теңізі екенін біле бермейміз. Мысалы, теңіздің батыс жағының мөлдірлігі 27 метрге дейін жетеді, яғни, суға тасты тастап жіберсеңіз, осы тереңдікте әлгі тастаған затыңыз көрініп тұрады.
Арал теңізіне Орта Азияның екі ірі өзені - Әмудария мен Сырдария құяды. Теңіз құм шөлейттердің ортасындағы Тұран ойпатында орналасқан. Мұнда климат қатаң континенталды, яғни, қысы қатты болса, жазы өте ыссы болады. Арал теңізі бассейні кезінде балыққа да кенде болмаған. Мысалы, салыстырма түрде қарасақ, бір гектар суда Жерорта теңізінде 0,5 килограмм, Қара теңізде - 2 килограмм, Балқашта - 9, Солтүстік Каспийде 30 килограмнан келетін болса, Арал теңізінде 10 килограмнан келген. Тіпті, Кеңес одағында тыран балығын аулау жөнінде Арал теңізі үшінші орын алатын.
Басқа теңіздерге қарағанда балығы дәмді де сапалы, жұғымды. Оған бірнеше мысал айтуға болады. Кезінде Арал балық комбинаты елімізден тысқары сыртқы экспортқа ақбалықтың төсі мен қаязды, шөмейкені, т.б. шығарғанын айтсақ та жеткілікті.
Кезінде Аралдың ихтиофаунасы 20 түрден 34 түрге (жерсінгендері бар, т.б.) дейін жеткен. Уақыт өте келе кейбір балықтар жерсінбей, балық түрлері едәуір азайған. Көбінесе тұқы (карп) тұқымдас балықтар басым келеді. Енді балықтардың түрлеріне жеке тоқталайық.
1. Арал шипі немесе бекіре
Еті өте бағалы балық. Оның етінің тәттілігі мен пайдалылығы жөнінен онымен теңесе алатын дүниежүзінде балық аз. Судың тұздалуына байланысты құрып кетуге жақын. Сондықтан, Қазақстан Республикасының «Қызыл кітабына» енгі­зілген. Халықтың «қызыл балық» деп жүргені бекіре тұқымдас балықтар. Бұлардың қара уылдырықтары қазіргі кезде алтыннан кем бағаланбайды десем, артық айтқандық болмас. Біздің қазіргі көбіміздің жеп жүрген консервідегі “қара уылдырығымыз” бекіренің ішінен шыққан уылдырық емес, соған ұқсас жасанды уылдырық.
Бекіреде қабыршақ болмайды. Денесін ұзына бойлай ромб тәріздес бес қатар сүйекті пластинкалар - шытыра орналасқан. Сүйегі жоқ, шеміршекті балықтарға жатады. Оның ұзындығы екі метрге, салмағы 45-65 килограмға дейін жетеді. Бекіре - балықтардың ішінде ерте кезден келе жатқан, алғашқы пайда болған балықтардың бірі.
Соңғы уақыттары көптеген елдерде осы балықтың азайып кетпеуі және көбеюіне зор көңіл бөлінуде.
2005 жылы Президентіміз Н.Назарбаевтың облысымызға келген сапарында Қамыстыбас көліне бірнеше бекірелер жіберді. Келешекте осы аса құнды балық көбейіп, халық игілігіне асатынына сеніммен қарауға болады.
2. Арал албырты (лосось)
Арал теңізінде бұдан басқа құйрық қанатына жақын орналасқан май қанаты (жировой плавник) бар балық жоқ. Сондықтан, бұны бірден тануға (ажыратуға) болады. Теңіздің өз деңгейінде тұрған кезінің өзінде бұл балықтың саны өте аз болды. Балықшылардың ауына жылына шамамен бірнеше ондаған ғана албырт түсетін. Өмір тіршілігі аз зерттелген балық. Арал албырты Каспий теңізіндегі албыртқа ұқсас болғанымен, оған қарағанда басы мен жақ сүйектері ұзындау, омыртқалары аздау болып келеді. Салмағы 9 килограмм, ұзындығы 85 сантиметрге дейін жетеді. Қызыл кітапқа кіргеніне қарамастан, Арал экологиясының бұзылуына байланысты бұл балық құрып кетті деуге болады. Өкінішті жағдай.
3. Тасбекіре (лопатолос)
Сыртқы құрылысы ерекше жаратылған балық. Бекіре тұқымдас балықтарға жатса да, оларға ұқсап үлкен болмай, керісінше кіші болып келеді. Дене тұрқы 36-75 сантиметр, салмағы 2,5 килограмдай. Қызыл кітапқа енген. Тек қана тұщы суда (өзенде) өсетін балық. Сырдария өзенінде Сырдария тасбекіресі, Әмударияда үлкен және кіші жалған тасбекірелері кездеседі. Бұл балықтар ертеден келе жатқан балық­тар, әрі сол өзендердің эндимик балықтары (эндимик - тек белгілі бір жердің ғана организмі). Тұмсығы ұзын, қалақ немесе күрек тәрізді, қисық көз, торсылдақтары өте кішкентай, тұмсығының астындағы аузы оймақтай, тұмсығы бірнеше мұртты. Балықтар өзенде өте сирек кездеседі, сондықтан оның кәсіптік маңызы жоқ. Жалпы, бұл балықтар жөнді зерттелмеген. Қазіргі кезде бұл балықтар құрып кеткен шығар. Себебі, бірнеше жылдар бойы осы балықтың ұсталғаны туралы деректер жоқ.
4. Арал тортасы (вобла)
Теңіздің барлық жерінде кездеседі. Кезінде бірден-бір кәсіптік маңызы бар балық болған. Торталар суда көп қозғалуымен (жүзуімен) ерекшеленеді. Топтасып жүреді, жуас, кішілеу, дене ұзындығы 25-30 сантиметр, салмағы 400 грамға жетеді. Торта қармақпен жақсы ауланады.
5. Арал шөмейкесі (шемая)
“Шемая” деген парсы тілінде “патша балығы” деген мағына береді. Шынында да еті өте жұмсақ, майлы, дәмді. Әсіресе тұздап-кептіріп, дегдітіп (валение) дайындағанда өзгеше тәтті. Дене тұрқы 20-24 сан­тиметр, салмағы 300 грамдай. Түнде судың кез келген қабатында жүреді де, күндіз су түбіне тереңге кетеді. Ол көбінесе ащы суларда өсетін балық, бірақ жағдайға байланысты тұщы суда да өмір сүре береді. Балықшылар оны уылдырық шашарда көбірек аулайды. Қазіргі кезде бұл балықтың да саны аз.
6. Арал қаракөзі (белоглазка)
Ұзындығы 24 сантиметр, салмағы 300 грамм. Көбінесе теңіздің оңтүстік және оңтүстік батыс жағында көбірек кездеседі. Арал теңізінің өз алдына географикалық түрі (расса). Арал теңізін көп зерттеген атақты орыс ғалымы Г.В.Никольский қаракөзді “еті өте семіз, тамақ есебінде бағалы” деп баға берген.
7. Арал тыраны (лещ)
Тұқы тұқымдастарына жатады. Теңізде ең көп тараған балық. Суы тұнық та терең жерлерді ұнатады. Тәжірибелі жетекшісімен үш бұрыш жасап, топтасып жүреді. Ол бір жаққа бұрылса, бүкіл үйір оның соңына ереді, өте сақ. Ұзындығы 45 сантиметр, 3 килограмға дейін жетеді.
8. Арал ақбалығы
Ғалымдар қызыл ерінді Арал ақбалығы (Аральский красногубый жерех) деп атайды. Каспий теңізінде Еуропадағы суларда өсетін ақбалықтардан көптеген өзгешеліктері бар. Еті өте майлы, құнарлы, дәмді, оны қуырып та, асып та, тұздап та жегенде сапасын жоғалтпайды. Пішіні оқтаудай жұмыр, дене тұрқы 80 сантиметр, салмағы 6 килограмға дейін жетеді. Ол жыртқыш балық, тез жетіліп өседі, себебі судағы жәндіктер мен балықтарды таңдамай жұта береді.
9. Арал қаязы немесе сүген
Сүген ұзындығы 120 сантиметр, салмағы 15 килограмға дейін жететін (орта салмағы 4-6 килограмм) көшпелі балық. Еті дәмді әрі майлы. Сүген Арал теңізінің аборигені - байырғы тұрғыны. Соңғы жылдары көптеп салынған плотиналар мен теңіздің шамадан тыс тұздануы осы балықтың құрып кету қаупіне дейін апарды. Қызыл кітапқа енген.
Осы аса бағалы қаязды құтқару және санын көбейту мақсатында Арал ауданында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, жақсы нәтижелер беруде.
Осы балықтар дүниежүзінің өзен-көлдерінде, теңіздерінде бар. Бірақ, Аралдағы аты аталған балықтардан өзгешелеу. Сондықтан, жоғарыдағы балықтар тек қана Арал теңізі бассейніне тән, жеке-дара түрлер мен түр тармағы (подвид). Сол үшін де біздер оларды мақтан тұтамыз әрі сақтауымыз керек.
Адамның тамақтануында балық маңызды орын алады. Пролетариаттардың көсемі, ғылыми коммунизмнің негізін салушы, атышулы ғалым К.Маркстен “қандай тағамды жақсы көресің” дегенде, “балық” деп жауап берген. Білетіндердің айтуы бойынша балық пейіштің асы дейді. Несі бар, балық еті - дәмділігі, тағамдық қасиеті мен бойға жұғымдылығы жағынан мал, үй құстары етінен кем емес, ал сіңімділігі жағынан одан асып түсетін ас. Кейбір балықтардың емдік те қасиеттері бар.
13 қыркүйек 2019 ж. 8 017 0