Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АУДАН МЕКТЕПТЕРІНДЕ «ЭКО-САҒАТ» ӨТКІЗІЛДІ

АУДАН МЕКТЕПТЕРІНДЕ «ЭКО-САҒАТ» ӨТКІЗІЛДІ

Бүгін - Дүниежүзілік мекендеу орнын қорғау күні. Осыған орай еліміздің Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев барлық мектептерде «Эко-сағат» кең көлемді акциясы басталатындығын хабарлаған болатын.
Бүгін ауданға қарасты барлық ауылдық округтер мен қала мектептерінде жас ұрпақты табиғи ресурстарға ұқыпты қарауға тарту, экологиялық тұрғыдан саналылыққа тәрбиелеу мақсатында экологиялық сағат өткізілді.
№ 83 орта мектебінде «Мұхиттар қауіпті жағдайда» тақырыбында өткен «Эко-сағатқа» аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қатысты.
Сабақ барысында оқушыларға қазіргі уақытта мұнай өндіру, ірі кәсіпорындар мен заводтардың көбеюі салдарынан әлемдік мұхиттың тепе-теңдігі бұзылып, ластануы, балықтардың қырылу жағдайлары орын алып жатқандығы тәжірибе арқылы түсіндірілді.
Сондай-ақ, аудандағы Қамбаш көліне келген демалушылардың қоқыс қалдықтарын бей-берекет тастап, қоршаған ортаға зиян келтіру әрекеттері жөнінде мысалдар келтірілді. Оқушылар қоршаған ортаның ластану мәселелеріне байланысты өз пікірлерін білдірді.
Эко-сағатта оқушылармен табиғатқа, туған өлкеге ұқыпты қарау, табиғи және су ресурстарын, өсімдік және жануарлар әлемін сақтау мәселелері кеңінен талқыланды.
Сабақ соңында аудан басшысы экосағаттан алған әсерімен бөлісіп, Жер-Ананың берген сыйын қорғау баршамызға ортақ міндет екендігін атап өтті. Сонымен қатар, оқушылармен бірге мектеп ауласына ағаш отырғызды.
03 қазан 2019 ж. 1 438 0