Нұр-Сұлтанда Ұлттық спорт университеті ашылады – ҚР ҰОК президенті
ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев Нұр-Сұлтанда Ұлттық спорт университетін ашу көзделіп отырғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз Нұр-Сұлтан қаласында Ұлттық Олимпиада комитеті арқылы алға Ұлттық спорт университетін құруды мақсат етіп отырмыз. Мұндай нақты мақсат бар. Алайда өкінішке қарай дәл қазіргі уақытта қаржыландыру мәселесі шешілген жоқ. Мұндай мәселені қарастыру бойынша Мемлекет басшысы тапсырма беріп қойған. Әлбетте, мұндай ұлттық Жоғары оқу орнының базасында ғылыми жұмыстар жүргізіледі. Жетістікке жеткен әр спортшының дайындығын, психикасын зерттейтіндей ғылым болуы керек. Бапкерлер осы ретте оқулық әзірлеуі тиіс. Себебі, боксты алып қарағанның өзінде бізде бірегей жетістіктерді топтастырып, оқулық ретінде шығаруға толық мүмкіндік бар», - деді Тимур Құлыбаев Қазақстан бокс федерациясының отырысында.
Оның айтуынша, облыс орталықтарында спорт колледждерін ашу туралы үкіметтік деңгейде тапсырма бар.
«Спортшылар осы колледждердің базасында оқып, теориялық білім алып, сонымен қатар, болашақтағы мамандығын бірге оқып алып жүруі тиіс. Облыс орталықтарындағы барлық спортшылар халықаралық деңгейге шыға алмауы мүмкін. Спортшылардың көбі жасөспірім шақтан ересектікке өткен кезде болашағы туралы ойлана бастайды. Бапкерлерге де жұмыс табылары анық», - деді ол.
Еске сала кетсек, Қазақстан бокс федерациясының бүгінгі отырысында Тимур Құлыбаев аталмыш федерация басшылығынан кететінін мәлімдеген болатын.
Оның орнына белгілі қазақстандық бизнесмен Кеңес Рақышев сайланды.
https://www.inform.kz/kz/nur-sultanda-ulttyk-sport-universiteti-ashylady-kr-uok-prezidenti_a3573649