Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Кәсіби суретшілердің республикалық шығармашылық конкурсы өткізіледі

Кәсіби суретшілердің республикалық шығармашылық конкурсы өткізіледі

 «Ұлттық құндылықтар: салттың сырлы бейнесі» атты
кәсіби суретшілердің республикалық шығармашылық
конкурсын өткізу қағидалары
 1-тарау.  Жалпы ережелер
«Ұлттық құндылықтар: салттың сырлы бейнесі» атты кәсіби суретшілердің республикалық шығармашылық конкурсын (бұдан әрі – Конкурс) өткізу қағидалары (бұдан әрі – қағидалар) «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы, 6-тармағы 9) және 12) тармақшаларына, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрінің 2011 жылғы 31 наурыздағы
№ 56 бұйрығымен бекітілген Республикалық конкурстар мен фестивалдерді өткізудің үлгілік қағидаларына сәйкес (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6923 болып тіркелген) жасалды және Конкурсты өткізу тәртібін реттейді.
Конкурстың ұйымдастырушысы – Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі.
Конкурс тек кәсіби суретшілер арасында өткізіледі.
2-тарау. Конкурстың мақсаттары мен міндеттері
Конкурстың мақсаты – бейнелеу өнері туындыларының негізінде ұлттық құндылықтар мен мәдени нысандарды дәріптеу, отандық суретшілердің шығармашылығын қолдау және қоғамдағы патриоттық рух пен ұлттық бірегейлікті қалыптастыру болып табылады.
Конкурстың міндеттері:
1) қоғамда қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен мәдени нысандарын дәріптеу;
2) суретшілерге шығармашылық туындыларын жасау кезінде ұлттық идеяларды сақтай отырып, өздерінің ерекше шығармашылық стилін көрсетуге мүмкіндік беру;
3) қоғамда отансүйгіштік сезімін дамыту, ұлттық бірегейлікті қалыптастыру және қазақстандық мәдени қоғамды шоғырландыру;
4) жас ұрпақ бойында ұлттық құндылықтарды насихаттау, тарихи-мәдени мұраға құрметпен қарау, дәстүрлі мәдениет үлгілерін жаңаша бейнелеуге бағытталған шығармашылық пікірталастар өткізу үшін белсенді арт-алаң құру.
3-тарау. Конкурс өткізу тәртібі
Конкурс2024 жылғы 9 желтоқсан және 2025 жылғы 28 ақпан аралығында өткізіледі.
Конкурсты өткізу қағидалары Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің, Бейбітшілік және келісім сарайының, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалалары мәдениет басқармаларының интернет-ресурстарында, сондай-ақ республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылады.
Конкурсты өткізу кезеңдері:
2024 жылы 9 желтоқсанда Конкурс туралы хабарландыру республикалық және жергілікті баспа және электрондық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады;
2025 жылдың 8-24 ақпан аралығында Конкурстық өтінімдерді жинау және қарау, Конкурсқа шығармашылық жұмыстарды қабылдау жүргізіледі;
2025 жылы 25-28 ақпан аралығында шығармашылық жұмыстарды іріктеу шаралары іске асырылады;
2025 жылы 12 наурызда Конкурстың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өткізіліп, үздік шығармашылық жұмыстардың көрмесі ашылады.
Үміткер Конкурсқа қатысу жөнінде осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес өтінімді ulttyk_muzei@mail.ru электрондық мекенжай арқылы Ұйымдастыру комитетіне ұсынады.
Үміткерден осы Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша ақпарат толық ұсынылмаған жағдайда, өтінім қаралмайды және қайтарылуға жатпайды.
Конкурстың шарттары:
1) Конкурсқа қатысу үшін тек кәсіби суретшілер шақырылады;
2) шығармашылық жұмыстың өлшемі 80 х 60 см-ден кем болмауы тиіс;
3) материалдары: кенеп, майлы бояу немесе акрил;
4) шығармашылық жұмысқа pdf/jpeg форматындағы шығарманың қысқаша аннотациясы мен 10 х 15 см. өлшемі фотосуреті қоса берілуі тиіс;  
5) шығармашылық жұмыс багетпен рәсімделіп, автор қол қоюы тиіс;
6) іріктеу 21 жастан 60 жасқа дейінгі жас аралықтарын қамтиды.
11. Конкурстың шығармашылық жұмыстарының негізгі тақырыптық бағыты (жанрлары: пейзаж, натюрморт, сюжеттік картина) қазақ халқының дәстүрлі мәдени құндылықтары.
Үміткер Конкурстың негізгі тақырыптық бағытын таңдау кезінде осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес кестедегі талаптарды басты назарға алуы тиіс.
Конкурсқа қатысушы үміткер шығармашылық жұмыстарды жасау кезінде осы Қағидалардың 11-тармағында көрсетілген конкурстың негізгі тақырыптық бағыттарын, сондай-ақ осы Қағидалардың 1-қосымшасын басшылыққа алады.
Конкурсқа қатысушы үміткер авторлық шығармашылық жұмысын осы Қағидалардың 7-тармақ 2) тармақшасында көрсетілген мерзімде Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне Астана қаласы, Тәуелсіздік даңғылы,
54 мекен-жайына ұсынуы тиіс.
Конкурсқа бұрын басқа жерде жарияланбаған және іске асырылмаған шығармашылық жұмыстар (жобалар) жіберіледі, сондай-ақ бір автордан бір жоба және бір өтінім қабылданады.
Шығармашылық жұмыстарды іріктеуді осы Қағидалардың
3-қосымшасына сәйкес құрамдағы комиссия мүшелері Қазақстан Рерсупбликасының Ұлттық музейінде офлайн форматта жүзеге асырады.
Қатысушылардың шығармашылық жұмыстарын іріктеу критерийлері:
1) бейнелеу өнері техникасының кәсіби, техникалық және академиялық дағдыларын меңгерудің жоғары деңгейі;
2) конкурстық туындының жоғары орындаушылық және шығармашылық деңгейі;
3) конкурстық жұмыста жоғары көркемдік құрамдас бөліктің болуы;
4) шығармашылық жұмыстың эстетикалық түрі.
Конкурс жеңімпаздарын комиссия мүшелері қатысушылар жасаған шығармашылық жұмыстардың сапасы мен креативтілігі негізінде таңдайды.
Байқау қорытындысы бойынша Бейбітшілік және келісім сарайында көрме ұйымдастырылады, сондай-ақ қатысушылардың таңдалған шығармашылық жұмыстарынан Каталог шығарылады.
Байқау қорытындысы бойынша қатысушылардың іріктелген шығармашылық жұмыстары Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің қорына тұрақты сақтауға беріледі.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі және таңдалған шығармашылық жұмыстар көрмесінің ашылуы Бейбітшілік және келісім сарайында 2025 жылы 12 наурызында офлайн форматта өтеді.
Жеңімпаздарды марапаттау аясында:
1) Конкурс жеңімпаздарына салтанатты жағдайда диплом және ақшалай сыйақы беріледі;
2) Конкурсқа қатысушыларға сертификат беріледі.
4-тарау. Ұйымдастыру комитеті
Конкурсты ұйымдастыру және өткізу үшін осы Қағидалардың
3-қосымшасына сәйкес құрамда Ұйымдастыру комитеті құрылады.
Ұйымдастыру комитеті Конкурсқа дайындық және ұйымдастыру жұмыстарына басшылық етеді.
Конкурс жұмысын жариялау мақсатында Ұйымдастыру комитеті бұқаралық ақпарат құралдарына баспасөз хабарламаларын, Конкурс бағдарламасы мен ақпараттық-анықтамалық сипаттағы өзге де материалдарды ұсынады.
Ұйымдастыру комитетінің мүшелері өз функцияларын қоғамдық негізде жүзеге асырады.
5-тарау. Конкурстың қазылар алқасы
Конкурстың Қазылар алқасы осы Қағидалардың 23, 24-тармақтарында көрсетілген номинацияларға сай жұмыстарды анықтайды, бағалайды, қорытындылайды және сыйлық беру туралы шешім қабылдайды.
Конкурстың Қазылар алқасы осы Қағидалардың
14, 15, 16-тармақтарына сәйкес критерийлер негізінде конкурстық өтінімдер мен шығармашылық жұмыстарды қарастырады.
Қазылар алқасы келесідей құқықтарды өзіне қалдырады:
1) сыйлықтар беру және сыйлықақыларды қатысушылар арасында бөлу;
2) арнайы сыйлықтар мен номинациялар беруге міндетті.
Байқаудың Қазылар алқасы ашық дауыс беру арқылы көпшілік дауыстардың негізінде шешім қабылдайды, нәтижесі Қазылар алқасының төрағасы мен мүшелері қол қойған хаттамамен рәсімделеді.
Конкурста Қазылар алқасының сыйлық беру туралы шешімі көрме қорытындыларының ашылу салтанатында жарияланады, түпкілікті болып табылады және қайта қарауға жатпайды.
Конкурстың Қазылар алқасының отырысын өткізу орны: Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің «Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны.
6-тарау. Конкурсты қаржыландыру
Конкурсты қаржыландыру «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және архив ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» 033 бюджеттік бағдарламасының «Тарихи-мәдени мұраны сақтауды қамтамасыз ету» 107 кіші бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады.
Конкурстың тақырыптық бағыттарына сәйкес іріктеуден өткен жұмыстарға келесідей ақшалай сыйлықтар белгіленеді: 
Көркем шығармалар: станоктық кескіндемеде пейзаж, натюрморт жанрларындағы дәстүрлі ойындар, мерекелер, әдет-ғұрыптар және жалпы қазақ тұрмысы тақырыбындағы сюжеттік картина:
Гран-При – 2 000 000 (екі миллион) теңге;
1-орын – 1 500 000 (бір жарым миллион) теңге;
2-орын – 1 000 000 (бір миллион) теңге;
3-орын – 700 000 (жеті жүз мың) теңге;
ынталандыру ақшалай сыйлығы – 100 000 (жүз мың) теңге.
Барлық ақшалай сыйлықтар жеке табыс салығын ескере отырып есептеледі.
7-тарау. Қорытынды ереже
Осы Қағидаларда реттелмеген барлық мәселелер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес шешіледі.
06 желтоқсан 2024 ж. 122 0