Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қасым-Жомарт Тоқаев Ескендір Хасанғалиевтің отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев Ескендір Хасанғалиевтің отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ескендір Хасанғалиевтің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтып, жеделхат жолдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Ескендір Өтегенұлын халқымыз қоңыр дауысты әнші және жан тебірентерлік әндер шығарған композитор ретінде өте жақсы көрген еді. Ұзақ жылғы шығармашылық жолында жемісті еңбек етіп, отандық музыка өнерінің дамуына зор үлес қосты. Халқымызға 200-ге жуық ән, романс және хорға арналған шығармаларын тарту етті. Әсіресе, "Атамекен", "Анаға сәлем", "Есіңе ал", "Айналайын", "Әдемі-ау", "Гүлсезім" және басқа да тамаша туындылары көрермен тарапынан жоғары бағасын алды. Халқымыздың сүйіспеншілігі мен айрықша құрметіне бөленді. Еліміздің өнері мен мәдениетін өркендетуге атсалысып, соңына жарқын із қалдырған Ескендір Өтегенұлының бейнесі ұмытылмайды, есімі халқымыздың жадында сақталады", - делінген жеделхатта.

Оған қоса, еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев халқымыздың біртуар әнші-композиторы, Қазақ КСР-ның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ескендір Хасанғалиевтің өмірден озғаны туралы суыт хабарды күйзеліспен қабылдады.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті орны толмас ауыр қайғыға ортақтасып, көңіл айтты.

"Ескендір Хасанғалиев өзінің қайталанбас туындылары арқылы қазақ музыка өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Оның "Атамекен", "Әдемі-ау", "Ескірмеген махаббат" сияқты патриоттық және лирикалық әндері қалың көпшіліктің жүрегінен ерекше орын алып, қазақстандықтардың туған жерге деген сүйіспеншілігі мен отаншылдық сезімін күшейте түсті. Талантты тұлғаның артында қалдырған мол музыкалық мұрасы мен оның жарқын бейнесі жұртшылық жадында әрдайым сақталады деп кәміл сенемін", – делінген жеделхатта.
01 мамыр 2021 ж. 604 0