Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ескендір Хасанғалиевпен сұхбат: өнерге қалай келгені, әндері және отбасы жайлы

Ескендір Хасанғалиевпен сұхбат: өнерге қалай келгені, әндері және отбасы жайлы

sputniknews.kz Ескендір Хасанғалиев 80 жылдық мерейтойына орай Алматы мен Нұр-Сұлтанда жеке концерт беруді жоспарлап отырҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиев 80 жасқа толды. Sputnik Қазақстантілшісі өнер адамымен шығармашылық жолы жайында әңгімелесті. Жары Дарико Хасанғалиеваның пікірін сұрап, отбасылық өмірі жайлы біліп қайтты.

"Ермек Серкебаевтың өнеріне ғашық болдым"

"Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе деген қазақы ауданында тудым. Сол жерде орта мектепте оқыдым. Мектепті 16 жасымда бітіріп,  "қайда барамын", "қайда оқуға түсемін? " деп ұзақ ойландым", - деп бастады сөзін Ескендір Хасанғалиев.
Халық әртісі Ермек Серкебаев, Роза Бағланованы радиодан естіп, олар жайлы газеттен оқып жүрсе де, 16 жасқа дейін суретін көрмеген.
"Ол кезде ауылда теледидар жоқ. Барлығы киножурнал арқылы жүреді. Бірде журналдан ақ шалбары бар, қызыл көйлекті, шашы бұйра бір ағайды көрсетті. Өзі ән айтады. "Ермек Серкебаев" деп хабарлады. Оған дейін ол кісі жайлы газеттен оқып, радиодан дауысын естігенмен түрін көрмеген едім. Ермек ағамыз "Жарқ етпес қара көңілім не қылса да" деген Абайдың өлеңіне жазылған Сыдық Мұхамеджановтың романсын орындады", - дейді ол.
Ақ шалбар, қызыл көйлек киген Ермек Серкебаевқа бір көргеннен келбетіне де, өнеріне де ғашық болған бала Ескендір өнер жолы – менің өмір жолым шығар деп ойлайды. Оған себеп те бар еді. Орта мектепте топ алдына шығып, бірлі-жарым ән айтып жүрген.
"Бір көргеннен ағама ғашық болдым. Дауысына да, өзіне де. Соның артынан ілесе "Ах, Самара-городок" әнін айтып Роза Бағланова шықты. Ол кісіні де радиодан естігенбіз, көрген емеспіз. Сонда мен "Менің жолым өнер жолы ма екен? Осындай аға-апаларға ұқсап, шіркін-ай, талаптансам" деп ойладым. Өзім де мектепте ептеп ән айтатынмын, - дейді композитор.

Әкесі мен анасы сахнада жүріп табысқан

Ескендір Хасанғалиев математика пәнінің мұғалімі Құбаш Ибрашев пен 15 жастағы Қанаш Өтегенқызының отбасында дүниеге келген. Екеуі де өнерге жақын жандар. Бір сахнада өнер көрсете жүріп, бір-біріне ғашық болып, отбасы құрған.
"Туған анам – Қанаш апай мені он бес жастан асқанда дүниеге әкелген. Жолдасы – Құбаш Ибрашев. Ол кісі 24 жасында өкпе ауруынан дүние салды. Математикадан сабақ берсе де, скрипкада аздап ойнайтын өнері болған.  Қанаш апай 7-класстың оқушысы, ал ол кісі ұстазы болған. Сонда мектепте қойылым қояды екен. Бір сахнада өнер көрсетіп, бір-біріне ғашық болған. Демек, мендегі музыка өнері екі жақтан да бар", - дейді Хасанғалиев.
Әкесі дүниеден өткенде екі жаста болған Ескендір Хасанғалиевті нағашы атасы мен әжесі қамқорлығына алады.
"Мені атам Өтеген Хасанғалиев пен Бахия әжем бауырына басып алды. Үлкен анам деп атаушы едім. Туған қызының баласын қамқорлығына алу қазақта бар дәстүр. Ол кісілерге деген ризашылығым мол. Өтеген атамды Өте дейтінбіз. Ол кісі ауыл кеңесінің бастығы болған үлкен кісі", - деп естелігімен бөлісті әнші.

Өнерге неге бармады

"16 жасымда Ермек ағам мен Роза апама ғашық бодым. Содан өз жолымды нақтыладым. Бірақ алдында тау инженері болсам деген арманым болды. Өйткені біздің ауданның 2 жігіті Алматыда оқитын. Демалысқа келгенінде соңынан қалмайтынбыз. Киіміндегі алтын түсті түймелер мен иығындағы погонға қызыға қараушы едік. Инженер боламын деп жүрдім. Ой үстінде жүргенде мектепті бітірдік. Аңсап, армандап Алматыға жолға шықтық", - дейді Хасанғалиев жастық шағын еске алып.








14 ақпан 2020 ж. 1 158 0