Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сұрағы жоқ сұхбат. Ескендір Хасанғалиев

Сұрағы жоқ сұхбат. Ескендір Хасанғалиев

Ескендір Хасанғалиев (1940 - 2021) - композитор, әнші. 
Сахнаға шығар алдында аты-жөнімді хабарлап жатқанда бәрін ұмытып, ортаға шығып тек халыққа жұмыс істеуім қажет. Оларға әннің мазмұнын жеткізуім керек.
Сахна мен күйсандық – біздің жан жолдасымыз.
Өміріңдегі қиын кезеңде халыққа, елге керек екеніңді сезіну – өнер адамының үлкен бақыты.
Өмірімді кері айналдырса, балалық шаққа оралар едім.
Мелодиясы мен өлең жолдары қабыспаған ән халық жүрегіне жетпейді.
Жас жұбайларға айтар ақылым – қосылғаннан кейін адамның көзіне шөп салу деген қылмыспен тең. Ауыр қылмыс. Күйеуінің ойнасы бар екенін білу әйелге ауыр. Одан кейін бірін-бірі кешіру де қиын. Жастар бір-біріне адал, таза болса деймін.
Өмірдің мәні үй тұрмысында, жанұяңда. Өсіп келе жатқан ұрпағың мен немерелерің амандығында. Міне, осының бәрін көрсе, өмірдің мәні сол.
Ән айтуды, күйсандықта ойнауды жақсы көремін. Бірақ сөйлегенді аса ұната бермеймін.
Өмір маған өнерден бөлек ғажап жар сыйлады. Дарико Сопыжановнаны ең үлкен жетістігім деп білемін. Сахнаға шыққан кезде бірден залдан сүйікті бантигімді іздеймін. Ол маған үнемі шабыт береді.
Осыған дейін мен туралы “қайтыс болды” деген ақпарат үш рет тарады. Шыны керек, оған етім үйреніп те қалыпты. Бірақ соңғысынан кейін “Енді ағаларың ұзақ өмір сүреді” дедім.
Стокгольм қаласында концертке дайындалып жүргенімде ауылымды сағынып, Алматымды сағынып, біртүрлі сезімде болдым. Содан кішкене мұңдылау бір әуен туды. Ол әнді Алматыдан жолға шығарда жазғанмын. Соны Стокгольмде пысықтап, бітіріп, бірінші концертте Нүсіпжанов екеуіміз дуэт болып орындадық. Ол “Атамекен” әні болатын.
Біздің ата-бабамыз бір жағынан әнші, бір жағынан композитор болған. Сол дәстүрді, екі жанрды дамытқым келді.
Өнерге деген сүйіспеншілігім шексіз.
Екеу арасындағы махаббатты ұстап тұратын сезім, одан кейін сенім.
Әр әнімді жазған сайын әнім елге тарай ма, ән сүйер қауымның құлағына жаға ма деген ойға түсемін. Кейде өзіме ұнаса, халыққа да ұнар деп қоямын.
Дарикошым – тәннің, мен – жанның дәрігері. Осы нәрсе екеуімізді қосты.
Жігіт Ескендірдің орны ерекше ғой. Бірақ ата Ескендір тіпті жақын сияқты. Үш немеремді бауырыма басқанда, жүрегім елжіреп кетеді.
Мансұр Сағатовтан еңбекқорлықты, Әбілахат пен Шәмші ағалардан қарапайымдылықты үйрендім.
Кішкентай немереме бүкіл өмірінде бір ғана кеңес айту керек болса, “бақытты бол” дер едім.
Менің арманым жоқ. Өйткені мектептен кейін үш жыл ауылда жүрген қара баланың бар арманы орындалды.
* * *
Материал Stan.kzSputnik.kzTime.kzQazaqstan.tv, Жетісу телеарнасы контенті негізінде әзірленді.

baribar.kz
11 мамыр 2021 ж. 823 0