Күй құдіреті
Күй өнері – қазақ халқының ең құнды, бағалы мұрасының бірі. Қаны мен жанында күй ойнаған ұлтымыз тума таланттарға кенде емес. Сондай дарын иелерінің бірі – қазақ өнерінде өзінің өшпес ізін қалдырған күйші, композитор Дина Нұрпейісова. Биыл даңқты тұлғаның туғанына 160 жыл толып отыр. Соған байланысты «Қазақконцертте» сұңғыла өнер иесінің мерейтойына арналған үлкен концерт өтті.
Аталған іс-шараның біз де куәгері болдық. «Ұстаз бен шәкірт» деп аталатын жаңа концертті «Қазақконцерт» әртістері күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлы мен оның атақты шәкірті Дина Нұрпейісованың шығармашылығына арнады. Бұл кеш «Қазақконцерттің» 60-шы мерейтойлық маусымына арналған «Жұлдызбен бір сахнада» атты жаңа жоба аясында жүзеге асырылды.
Концертте белгілі композитор Бауыржан Ақтаевтың көркемдік жетекшілігімен «Астана сазы» ансамблінің солистері ұлы күйшілердің есімдерін асқақтатып, артына қалдырған бай мұраларын жаңғыртты. Бұл кешті өнерсүйер қауым әртістермен бір сахнада отырып тамашалап, концерттің тікелей қатысушысы ретінде жаңа әсер алды. Концерттің жаңа форматымен ерекше үйлесім тапқан ұлттық музыка және әртістерінің кәсіби шеберлігі көрерменнің жоғары бағасына ие болды.
Көрермендермен бірге мерекелік концертті тамашалаған Дина Нұрпейісованың туған немересі Төлеген Қуанышев «Қазақконцерт» әртістеріне өз алғысын білдірді.
Бауыржан Ақтаевтың айтуынша, күйші Дина Нұрпейісованың 160 жылдығы мен «Қазақконцерттің» 60 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған бұл кеш көрермен қауымға нағыз рухани демалыс сыйлады.