Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Роза Бағланова айдынды Аралда туды ма?

Роза Бағланова айдынды Аралда туды ма?

Қазақтың әлемге әйгілі күміс көмей, бұлбұл үнді әншісі Роза Бағланованы жұртымыз өте жақсы біледі. Көзі тірісінде аты аңызға айналған қазақ аруы қалай мақтасақ та тұрарлық жан. Оның өмірбаяндық деректері де әрқайсысымызға да жақсы таныс. Сан қайтара жазылған.
Роза Бағланова 1922 жылдың 1 қаңтарында Қазалы өңірінде Тәжібай деген белгілі кісінің отбасында дүниеге келген. Бүлдіршін қыз кішкентайынан өнерге өте әуес боп өседі. Әжесі Күндей мен анасы Ақкүріштің сызылта айтқан халық әндері оның көкейіне ұялап, әншіліктің ең алғашқы мектебі болды. Әжесі тігіп берген кәмшат бөрік пен қамқа бешпетін киіп алып, ауыл арасындағы тойларда жұрт алдына шығып ән айтып, балаң даусымен-ақ баршаны таңдандыратын.
Қазалы қаласындағы №67 мектепті бітірген Роза Тәжібайқызы облыс орталығы Қызылорда қаласындағы педагогика институтына оқуға түседі. Осы жылдары әкесі қайтыс болып, отбасындағы жағдай қиындап кеткендіктен Роза сырттай оқуға ауысады. 1941 жылы Өзбекстан астанасы Ташкент шаһарындағы Әбдірахман атты туысын сағалап келген жас қызды өзбек филармониясының директоры Кари Якубов кездейсоқ ұшыратады. Оның әсем даусын естіп қалған ол Розаны филармонияға шақырып, ансамбльдің құрамына алады. Жас таланттың өнердегі жұлдызы осылай жарқ ете қалады. Әнші даусына тәнті болған Өзбекстан Компартиясының бірінші хатшысы Осман Юсупов қамқорлыққа алып, Ташкент шаһарынан, орталықтан үй беріп, Мәскеудегі консерваторияға жолдама да береді. Алайда ойда жоқта басталған сұм соғыс консерваторияда оқуға мүмкіндік бермеді.
Батыл қыз филармония әртістерімен бірге майдан шептеріне барып, жаңбырдай жауған оқтың астында Солтүстік, Батыс майданында, Калинин, Минск, Киев сияқты қалаларда айлап жүріп ән айтады. "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалін кеудесіне тағады.
1949 жылы Роза Бағланова Әлем жастарының дүниежүзілік фестивалі өткен Венгрия астанасы Будапештте өнер тарландарымен сайысқа түседі. Фестиваль жүлдегерлерімен қосылып, Венгрия, Чехословакия, Германия, Австрия, Польша елдерін аралап, концерттер қояды. Кейін де атақты әнші АҚШ, Франция, Дания, Канада, Испания, Жапония, Корея, Қытай, Иран сияқты ондаған мемлекеттің сахналарында ән шырқап, әлем халықтарының отыздан астам тілдерінде ән айтты.
Ел өнеріне сіңірген орасан зор еңбегі үшін 1955 жылы "Қазақстанның Халық әртісі" атағына ие болса, 1967 жылы "КСРО Халық әртісі" болды. Қазақ халқының ән өнерінде қайталанбас тұлға атанды. 80-90 жылдары қоғамдық белсенділігімен  айрықша көзге түсті десек болады. Арал теңізі тартыла бастағанда шырылдап Аралға араша сұрағандардың алдыңғы сапында жүрді. Бірнеше рет Арал өңіріне келіп, экологиялық апатқа душар болған халықтың алдына келіп, жабыққан жұртқа рухты сөздерімен күш берді. Сол бір күндер әрбір аралдықтың есінде де болар. Сондай-ақ Аралдың талантты перзенті, дарынды сазгер Мұрат Сыдықов ағамызбен тығыз шығармашылық байланыста болды. Мерейтойлық концерттерінде болып, әндерін айтты.
Бар ғұмырын әні мен халқына арнаған ұлы әнші Роза Бағланованың үлкен еңбегін бағалап, 1996 жылы "Халық қаһарманы" атағын берді. Ол қандай да марапатқа әбден лайық еді. Қазақ халқының қайталанбас бұлбұлы 2011 жылы 89 жасында мәңгілік сапарға аттанды. Қазақ халқы сүйікті әншісін ешқашан ұмытпақ емес. Ол – ән мен сұлулық бәйгесінің тәжін қоса киген алаштың ай маңдайлы аруы, жер шарындағы ең әдемі әйелдердің бірі, кезінде Ұлыбританияда өтетін жыл сайынғы "Әлемнің әйгілі әйелдері" атағын алған мега-жұлдыздардың бірі.
Ғажайып үнді әнші Роза Бағланованың алдында болып, онымен сұхбаттасқан журналистердің бірі, жерлесіміз Ұлдай Ибайдуллаева апамыз. Бүгінде аурушаң болып жүрсе де, онымен әр хабарласқан сайын әнші апасы туралы үнемі ырзалықпен, сүйіспеншілікпен еске алып айтып отырады. Ол туралы жазған дүниелерін маған жібереді. Сол сұхбатының бірінде "Сізден шет елдік журналистер не туралы сұраушы еді?" деген сауалына Роза Тәжібайқызы: "Бізді орыс деп қабылдайды. Бар білгенімше қазақ деген ел барын айтуға тырысып бағамын. Бірде "Қазақтың қыздары сіздей көрікті ме?" деп сұрады журналистер. Мен Қыз Жібек, Баян сұлу, батыр Мәншүк, Әлияны айттым. Және Қыз Жібектің тарихи отанынан болатынымды да мақтанып айтып қалдым"  деп жауап береді.
Роза апамыздың Қыз Жібек туралы айтқаны жайдан-жай емес деп ойлаймын. Осы орайда мақаламызға тақырып болған "Роза Бағланова айдынды Аралда туды ма?" деген сөздің себепсіз емес екенін білдіргім келеді. Кезінде, яғни әнші апамыз дүниеге келген 1922 жылдары Арал әлі аудан боп құрылмаған, Қазалы уезіне қарайтын-тын. Әрі атақты әнші мектеп жасында Қазалы қаласында тұрып оқығанын білеміз. Алайда біздің бұл сұраты қоюымызға түрткі болған жай туралы айтқым келеді.
Облыстық "Сыр бойы" газетінің 2018 жылғы 5 сәуірдегі №49 санында белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Саржановтың "Еліне еңбегімен елеулі есім" атты көлемді мақаласы жарияланған. Мақала Қазақстан Республикасының өндірісіне еңбек сіңірген қайраткері, өңірімізде үлкен құрметке ие болған Дәуқара Аймағамбетұлы туралы. Сол мақала ішінде мынандай біздер, аралдықтар үшін қызықты мәлімет бар.
"1968 жылдың жазында Аралға КСРО халық әртісі Роза Бағланова апай келді. Мақсаты – Арал теңізінің оңтүстігіндегі Ұялы елді мекенінің төңірегіндегі әке-шешесінің басына барып қайту. Аудан басшысы Тәкей Есетов Ұялыдағы Дәуқараны қызметтік катермен шақырып алып, қасына ауаткомның орынбасары Түгелбай Пірімбетов деген азаматты қосады. Розаның аман-есен барып қайту жауапкершілігін тапсырады. Олар апайды жақсы құрметпен апарған. Ата-анасының жатқан жерінде болған апай тебіреніп, риза болып қайтады".   
Міне, әнші апамыздың осындай бір сапары болған екен. Егерде әкесі Тәжібай мен шешесі Ақкүріш Арал өңірінің бір пұшпағы Ұялы маңында жатса, ол жер – ата қонысы болмай ма?! Осы кішкентай мағлұматқа қарап атақты әншіні біздің нағыз жерлесіміз десек, ешкім ештеңе дей қоймас. Қалай болғанда да, туған жеріміздің бір жұлдызы, мақтанышымыз деп ауыз толтыра айтып жүруімізге қақымыз бар сияқты. Тарихи айғақ бізге осыны айтып тұр.
"Би ортақ, батыр ортақ" деген халқымыздың тамаша бір сөзі бар. Айтпақшы, осы мәліметті әлеуметтік желіге салғанымызда, көптеген сұрақтар мен өтініштер болды. Арал қаласында қазақ бұлбұлының есіміне бір көше де берілмегені қозғалды. "Ештен кеш жақсы" деген емес пе, әншінің кіндік қаны тамған өңірде оның есімін құрметтеп, еске алу шаралары жүргізілсе дейміз. Оның үстіне келер жылы Алаштың аруы, ғажайып әнші Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы да келе жатыр. Осы тұрғыда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әнші есімін мәңгі сақтау үшін шаралар қабылдауды тапсырғанын айта кеткен жөн. Президент өз жазбасында: "2022 жылдың 1 қаңтарында қазақтың бұлбұл әншісі Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толады. Ол – Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, Қазақстанның Халық қаһарманы. Майдан даласында ән салған Р.Бағланова қазіргі күнге дейін еліміздегі және шетелдегі ән сүйер қауым арасында аса танымал. Оның есімін мәңгі сақтау үшін шаралар қабылдауды тапсырдым" деген еді.
Қазір бұл тапсырманы елімізде орындауға кірісіп те кеткен жайы бар. Бірнеше қалада, соның ішінде Қызылордада көше мен музыкалық мектепке Роза Бағланованың аты берілді. Бірнеше фестивальдер мен концерттер, қойылымдар, кинотүсірілімдер  жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, Ұлттық банк мерейтойға арнап монета шығарады, қазақстандық пошта маркасы да басылмақшы.
Ұлы әншінің туған жері Арал өңірінде түрлі шаралар дер кезінде қолға алынады деп сенеміз.
Ерғали АБДУЛЛА,
журналист    
25 қыркүйек 2021 ж. 1 840 0