Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сыр елінде «Жырлансын, Тәуелсіздік жыр бұлағы» атты республикалық жыршы-жыраулар байқауы басталды

Сыр елінде «Жырлансын, Тәуелсіздік жыр бұлағы» атты республикалық жыршы-жыраулар байқауы басталды

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында Н.Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театрында Сыр сүлейі Кете Жүсіп Ешниязұлының 150 жылдығына арналған «Жырлансын, Тәуелсіздік жыр бұлағы» атты республикалық жыршы-жыраулар байқауы бастау алды.
Ұлттық өнерді ұлықтап, мәдени мұраларды дәріптеуді көздейтін жыршы-жыраулар байқауының ашылу рәсіміне облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қатысып, жыр-керуеніне жиналған халықты Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, додаға қатысушы жыршыларға сәттілік тіледі.
«Сыр елі – жыр елі» атанған қасиетті өлкеміз – тума таланттардың бесігі болған, дауылпаз Сыр сүлейлері шыққан өңір. Абыз Қорқыттан бастау алатын жыраулық дәстүрдің мектебін қалыптастырған Шораяқтың Омары, Балқы Базар, Қарасақал Ерімбет, Кете Жүсіп, Дүр Оңғар, Тұрмағамбет, Нартай, Нұртуғандай дүлдүлдер дүниеге келген жер. Бүгінгі республикалық дәстүрлі орындаушылардың байқауы Арқа мен Батыстың, Жетісу мен Сырдың дарындарын тоғыстырып, Сыр жерінде жырдың жалауын желбіреткен күн десек қателеспейміз.
Олай болса, байқауға қатысушы өнер саңлақтарына көмейлеріңізден күміс әуен төгілсін деген тілек білдіремін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, ғұмыры мәңгі болсын!, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Жыр додасында дәстүрлі өнердің әлемдік деңгейде насихатталуына және талантты өнерпаздардың кәсіби білім алуына елеулі үлес қосқан белгілі жырау Алмас Алматов төрелік жасап, жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану ғылымдарының кандидаты, Қазақ Ұлттық Өнер университетінің профессоры Эльмира Жаңабергенова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының аға оқытушысы Ұлжан Байбосынова, қоғам қайраткері, өнер жанашыры Рзақұл Нұртаев, жыршы-жырау, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Майра Сарсенбаева қазылық етуде.
Байқауға 13 жыр жүйрігі қатысып, егемен елдің өркенді істерін арқау етіп, даңқты өнер иесі Кете Жүсіп Ешниязұлының мол мұрасын бүгінге ұрпаққа аманаттау мақсатында ұлттық өнерді ұлықтады.
Жыр додасына Ақтөбе қаласынан Демеубай Жолымбетов, Маңғыстау облысынан Амангелді Сәңкібаев, Павлодар облысы Бөкен Жігер, Алматы қаласынан Бақыт Тоғжанова, Қызылорда қаласынан Әділхан Қуаңбаев, Болат Баймұратов, Серік Жақсығұлов, Жақсан Жәнібек, Малика Алдамжарова қатысуда. Сондай-ақ, Арал ауданынан Айбек Тәңірбергенов пен Бексұлтан Орынбасар, Шиелі ауданынан Мұхамедәлі Бекпейісов және Қармақшы ауданынан Әлішер Мырзағалиев көрерменге ұлық өнерді тағы бір дәріптеді.
Байқау барысында Жүсіп Ешниязұлының бұрын соңды көп орындалмай жүрген айтыстары, термелері және «Шәһзада», «Сұрмерген», «Мекер қатын» дастандарымен қатар Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған арнау жырлар орындалуда.
Айта кетейік, жыр байқауы кешке дейін жалғасып, жүйрік жеңімпаздар марапатталады.


kyzylorda-news.kz
24 қыркүйек 2021 ж. 963 0