Ұнамаған шығармын: Танымал тележүргізуші өзін бағдарлама жүргізушілігінен алып тастағанын айтты
Танымал тележүргізуші Эльвира Ерғалина «Түнгі студия» бағадарламасының жаңа маусымында қосалқы жүргізуші ретінде тағайындалған еді. Ол өзіне жүктелген міндетті абыроймен алып шығып, көреремендерінің көңілінен де шықты. Алайда танымал бағдараманың келесі маусымында Ерғалинаны өзге жүргізуші алмастыратын болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Эльвира Ерғалинаның өзі Instagram желісіндегі парақшасында жазды.
«Түнгі студияданың” бұрышында отырмаймын енді. Иә, бұл бағдарламадағы қосалқы жүргізушілік қызметім аяқталды. Жаңа маусымда орныма басқа қыз келеді.
ТВ экранына шығуға мүмкіндік берген Жаратқанға, арна басшылығына алғысым шексіз. Бойымда кез келген істі алып кететін қабілет бар өзіме ризамын. Мен үшін бұл кезең мықты тәжірибе сыйлады, біраз нәрсе үйрендім, жауапкершілікті сезіне түстім», – дейді Ерғалина.
Тележүргізушінің сөзінше, жоба басшылары оған неліктен орнына басқа жүргізушіні тағайындағанын түсіндірмеген. Дәл осы жайт Эльвира үшін тосын болыпты. Алайда, ренішім жоқ, дейді ол.
«Орнымнан кеткеніме ренжулімін бе? Жоқ. Ешқандай реніш те, өкпе де жоқ. Қайта өмірімде жаңа кезең келгелі жатқанына қуанам. Барлық нәрсенің басы мен аяғы бар, менің бұл жобадағы миссиям аяқталған шығар.
Аздап сұрақ па, түсініксіз күй бар. Жоба басшыларының кетуімнің себебін еш түсіндірмеуі және өздерінің ешқайсысы менімен хабарласпағаны. Демек, тікелей сөйлесуге кідіртіп тұрған бірдеңе бар шығар, әйтеуір, осы жері тұманды мен үшін», – дейді тележүргізуші.
Желідегі жазбасында Ерғалина «Түнгі студиядан» кетуінің себебін өзінше болжап көрді. Өз сөзінде әлдекімнің қосалқы жүргізуші орнына дәмесі болуы мүмкін екенін де жасырмады.
«Өткен маусымды жақсы көрсеткішпен аяқтап, тап сол құраммен жалғастыратын боп шешілген. Бүгін тосын жаңалықты есіттім. Бәлкім, көрерменге ұнамаған шығармын, кәсібилік жоқ шығар менде. Бәлкім, басқа біреу осы орында отырғысы келген шығар. Себебін өзім де болжай алмай отырмын. Десе де, түсірілім барысында бар мүмкіндігімді қолдандым», – дейді ол. Өз кезегінде Эльвира Ерғалина аталған бағдарламаның жаңа жүргізушісіне сәттілік тіледі.
«Мына бұрышта отырып, эфирге шығатын жанға сәттілік тілеймін! Бастысы, халықтың көңілінен шықса екен. Кім келсе де, лайық адам екеніне сенімдімін», – деп түйіндеді тележүргізуші.