Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Арал туралы «Теңізім» фильмінің Netflix-ке шығуы қазақ фильміне серпін береді – қазақстандық режиссер

Арал туралы «Теңізім» фильмінің Netflix-ке шығуы қазақ фильміне серпін береді – қазақстандық режиссер

Жуырда қазақстандық режиссер Катерина Суворова өзінің «Теңізім» (Sea tomorrow) атты толықметражды деректі фильмінің әлем­дегі ең ірі стриминг платформасы саналатын Netflix-тен көрсетілетінін хабарлады. Режиссер Арал теңі­зінің жағалауында түсірілген бұл фильмде теңіз­дің экологиялық жағдайынан гөрі, сол маңай­да тұрып жатқан тұрғындардың тұрмыс-тір­шілігін сипаттағысы келгенін айтады. Бүгінде көрер­менге жол тартқан бұл фильм әлемнің сегіз ті­ліне аударылып көрсетілуде. Қазір Qyzbolsyn ат­ты деректі фильмге дайындық жұмыстарын жүр­гізіп жатқан Катеринаға хабарласып, сұхбат құр­ған едік.
– Интернеттегі деректердің бірінде сізді Ресейдің тумасы десе, енді бір жерде «Алматы қаласында дүниеге келген» деп жазылған. Қайсысы дұрыс?
– Екеуі де дұрыс (күліп). Алматыда тума­сам да, өзімді осы жердің тумасымын деп есеп­теймін. Негізі, аталарым мен әжелерім, туған-туыстарымның көбі Алматыда туған. Әкем Алматы әскери училищесін бітірген соң, қызмет бабымен әртүрлі өңірде болған. Сөйтіп, әпкем Германияда туса, ал мен Ресейдің Қиыр Шығыс аймағында дүниеге келдім. Кейін Кеңес Одағы ыдыраған соң, ата-анам Алматыға қайтып оралған. Қазір бар­лығымыз осында тұрамыз.
dizayn bez nazvaniya 6
«Теңізім» фильмінің тұсаукесерінде.
– Әдетте деректі фильм режиссерлері экологиялық жағдайы көңіл көншіт­пей­тін орындарды көрермен назарына әдейі ұсынып, аудитория жинағысы ке­леді. Бірақ сіз «Теңізім» фильмі арқы­лы көрерменге мүлдем басқа ой сал­ғыңыз келген екен. Солай ма?
–Иә. Жалпы, бұл фильмді түсіруіме Вик­тор Цой бас рөлде ойнаған, Рашид Нұғыма­нов­тың әйгілі «Ине» киносы түрткі болды. Сол фильмде кейіпкердің ақ құмның орта­сын­да қаусап тұрған кеменің маңайына бара­тыны таспаланған. Мұны алғаш көрген кез­де аң-таң болған мен бұл сюжеттің қай жер­де түсірілгенін білгім келді. Сөйтсем, бұл Арал теңізінің жағалауында түсірілген екен. Сосын интернеттен Арал теңізі туралы мәлімет іздегенімде орысша және қазақша жазылған мәліметтер аз, ал ағылшын тілінде көп жарияланғанын байқадым. Негізі, біз – Қазақстан тұрғындары ел аумағында орна­лас­қан небір әсем жерлер бар екенін ұмытып кете береміз ғой. Сондықтан Арал теңізін өз көзіммен көріп, саяхаттап қайтқым келді. Сөйтіп, фотограф досым екеуіміз бірге баратын болып шештік, оған қоса, ол бір ақпарат агенттігінен тап­сырыс алып, сонда суреттерін сататын бо­лып келісті. Жолай кездескен бір жапондық турист Токиодағы пәтерін жалға беріп, түскен ақшаға Аралды көру үшін алыстан ат арытып келіпті. Оны қасымызға ертіп алдық. Арал жаққа келе салып, «Қане, кемелеріңіз қай­да? Қайдан көрсек болады?» дедік. Бірақ біз ойлағаннан да мүлде басқа картина көр­дік. Қарбалас тіршілік, ешкімнің де ешкімде шаруасы жоқ. Әркім өз жұмысымен айналы­сып жүр. Кемелер қайраңдап тұрған жерге жеткенге дейін жолай қызық хикаясы бар көп адаммен кездестік. Олар бізге ыстық ықы­лас танытып, жол көрсетті. Діттеген жер­ге жетудің қысқа жолын көрсету үшін ауыл­ды аралатып, бізбен бірге жүрді. Бай­қасаңыз, интернетте Аралды көбіне тіршілік көзі жоқ жер деп жазады ғой. Бір күні жол түсіп, ол жаққа барып жатсаңыз, онда өмірдің қыз-қыз қайнап жатқанын көресіз. Сол кезде бұл саяхатқа тот басқан кемелерді көру үшін емес, сол кемелердің маңайында қар­баласқа толы өмір кешіп жатқан ада­м­дармен танысу үшін шыққанымды түсіндім. Оқуға қайтып келсем де, аралдықтардың кейпі ойымнан кетпей қойды. Сөйтіп, бұл жөнінде деректі фильм түсіру туралы шешім қабылдап, жоспар құрып, команда жинақтадым. Бағыма орай, инвестор табыла кетіп, барлығы біз ойлағандай болды.
– Фильмді өндіруші ел ретінде Қа­зақ­стан-Германия деп жазылғанына қа­рағанда біздікілерден бөлек неміс ин­весторлары да қаржылай көмек бер­ген болып тұр ғой.
– Иә. Robert Bosch Stiftung неміс қоры­ның киногрантын жеңіп алдым. Негізі, «Теңі­зім» – менің тырнақалды толықметражды туын­дым. Кино әлеміне енді қадам басып жат­қаныма қарамастан, неміс қорының өкіл­дері грант ұсынып, қомақты қаржы бөл­ді. Десе де олар маған осыншама ақшаны не­­ліктен оңай бере салды деп ойлайсыз? Өйткені шетелдіктерге қазақстандықтардың тұрмыс-тіршілігі қызық. Бірақ мен фильмді толығымен олардың ақшасына түсірсем, өндіруші ел ретінде Германия деп жазылып, ақыр аяғында көпшілік Қазақстанда түсіріл­ген бұл туындымды неміс фильмі деп тани­тын еді. Кино әлемінде осылай, кім ақша берсе, сол өндіруші саналады. Содан соң қазақстандық инвесторлардан қолдау іздедім. «Қазақфильмнен» көмек сұраған едім, ондағылар менің идеямды түсінбей, сюжетін ұнатпаса керек. Сосын жолым бо­лып, қазақстандық кәсіпкер Шыңғыс Құл­жановты кездестірдім. Аралға барғанда тү­сірген суреттерді көрсетіп, мақсатымды тү­сіндірдім. Сөйтіп ол бұл идеяны қос қолдап қош­тап, Қазақстанға пайдалы іс жасағысы келетінін айтып, неміс қорының өкілдерімен бірге инвестор болуға келісті.
dizayn bez nazvaniya 4
«Теңізім» фильмінен бір кадр.
– Бір сұхбатыңызда Netflix стриминг пла­тформасына шығуды тіпті де мақсат тұтпағаныңызды айтып қалдыңыз. Десе де, жүрек түбінде төл туындыңызды «Netflix секілді әлемдегі ең ірі стриминг сервис арқылы көрсетсе ғой» деген ой болған шығар.
– Мұндай ой мүлде болған жоқ. Осы ретте бір айта кетерлігі, бұл фильм 2016 жылы тұсауы кесілсе де, түсіру жұмыстарын он жыл бұрын бастағанмын. Ал ол кезде ха­лықаралық нарыққа енді-енді шыға бастаған Netflix қазіргідей онлайн жазылу арқылы көруге болатын видеосервис «ата­ғына» қол жеткізе қоймаған. Бұл фильм­ді тү­сі­ретін кезде атақ я марапат алуды көз­демедім. Бар болғаны, кинозалға келген кө­рермендерді ерекше әсерге бөлейтін қызық­ты туынды жасағым келді. Сосын жоғарыда айтып өткенімдей, қазақ­стан­дықтардың тұрмыс-тіршілігі, түрлі қиын­дық­тарды қалай еңсеретіні әлемге қызық. Мы­салы, аралдықтар теңіздің тартылуынан туын­даған қиындыққа мойымай, өз бетінше өмір сүруде. Олар теңіз тартылып қалды, бітті деп қол қусырып отырған жоқ. Олар фи­льмге түскен, бау-бақшаны гүлдендірудің тәсі­лін ойлап тапқан Жүкен ата секілді ең­бектеніп, сол еңбегінің жемісін көріп жатыр. Егер сізді таңырқатқан хикаяны камера ар­қылы сауатты, әдемі әрі креативті түрде сипаттай алсаңыз, мұндай ойлы дүниенің өз көрерменін табары күмәнсіз. «Теңізім» – соның дәлелі. Ал оның Netflix-ке шығуы ко­­­­мандамның қажырлы еңбегінің көрінісі деп білемін. Режиссер ретінде менің аты-жөнім жиі аталғанымен, бұл фильмді түсіру жолында көптеген қазақстандық маман тынбай еңбек етті. Netflix-ке шығады дегенді естігенде өзім және командам үшін қатты қуандым.
– Бес жыл бұрын тұсауы кесілген туын­дыңыздың Netflix өкілдерінің на­зарына қалай іліккені бізге қызық.
– Негізі, бұл фильм бес жыл бұрын жа­рық­қа шықса да, сандықтың түбінде жатқан жоқ. Көптеген халықаралық фестивальдерде көрсетіліп, көрсету құқығын сатып алған бірнеше шетелдік арналарда жүріліп жатты. Айналамдағы көп адам сіз секілді «Теңізім­нің» Netflix өкілдерінің назарына қалай іліккенін сұрайды. Бірақ олар фильмдерді қалай іріктеп алатынын жария қылмайды. Бар білетініміз, Netflix платформасына шығудың екі тәсілі бар. Олар фильм түсіруге қаржылай көмектеседі немесе дайын өні­міңді сатып алады. Қаржылай көмек алу үшін жоба ұсынып, оны қорғап шығуың ке­рек екені түсінікті. Ал түсірілген фильмді қан­дай критерий бойынша сатып алуға лайық деп танитыны түсініксіз. Негізі, олар қай фильмді сатып алатынын өздері ше­шетін секілді. Айта кетерлігі, Netflix-те жұ­мыс істейтін арнайы іріктеуші топ ха­лықаралық фестивальдерде көрсетілген ки­ноларды үнемі байқап жүреді. Жалпы, түрлі фес­тивальдерде жүлделі орын алған әрі Ос­кар сыйлығына үміткер ретінде таңдалған ки­нолардың Netflix-те көрсетіле­тінін байқап жүр­мін. Сондықтан «ананы бүйтіп түсірсең, мы­­наны былай жасасаң, Netflix өніміңді 100 пайыз сатып алады» деген қатып қалған ере­же жоқ. Тек сапалы өнім жасасаң болғаны.
dizayn bez nazvaniya 2
Фестиваль кезінде
– Білуімше, қазір «Теңізім» фильмін тек еуропалық көрермен көре алады. Ал қа­зақстандықтар ше?
– Netflix өкілдері фильмді Еуропа көрер­ме­ніне көрсету үшін сатып алды. Өкінішке қа­рай, Netflix-тің ТМД елдеріндегі жазылу­шылары мұны көре алмайды. Netflix-тегілер ТМД-дағы клиенттер мұндай фильмдерге қызыға қоймайды, ал еуропалықтар осындай дүниелерді көргенді ұнатады деп есептейді. Бү­гінде бұл фильм субтитр арқылы Еуро­па­ның сегіз тіліне аударылды. Өткенде тексеріп көрсем, туындыңның түрлі субтитрде көрсе­тілгені қызық көрінеді екен. Дегенмен қазір қазақстандықтарға көру мүмкіндігін беру үшін ресейлік стримингтермен келіссөз жүр­гізіп жатырмыз.
– Тек субтитр арқылы ау­дарыл­са, демек «Теңізім» Еуропаға қазақ тілін та­­нытуға үлес қосып отыр деп есеп­тесек болатын шығар?
– Әлбетте! Бұл жаңалықтың маңызы осын­да жатыр. Бірақ көп журналист мұны бай­қамады. Еуропалықтар бұл фильмді көру ар­қылы қазақ тілімен «танысады». «Теңізім­дегі» кейіпкерлер қазақша және орысша сөйлейді. Негізі, мен осылай жұмыс істеймін. Кейіпкерлердің өздеріне ыңғайлы тілде сөй­легенін қалаймын. Nintety one тобы туралы түсірген Men sen emes атты деректі фильмде де осылай болған. Деректі фильмнің мәні де осын­да, біздің міндетіміз кейіпкерді «мына тілде сөйлеу қажет» деп тығырыққа тіреу емес, керісінше қалауына ерік беріп, оның міне­зін аша түсу.
dizayn bez nazvaniya 5
Nintety one тобымен бірге
– Nintety one демекші, BBC агентті­гі­нің жыл басында сол топ жайлы кө­лем­ді мақала жариялауына сіздің олар туралы түсірген фильміңіз себепкер бол­ған екен. Сол рас па?
– Иә. Негізі, бұл деректі фильм көпшілік ой­лағандай топ продюсерінің тапсырысы бойын­ша емес, халықаралық ұйымның қол­дауымен түсірілді. Ол уақытта осындай топ­тың бар екенін білсем де, олардың айна­ла­сында болып жатқан жайттар туралы еш­теңе білмедім. Халықаралық ұйымның олар туралы деректі фильм түсіргісі келе­тінін естіген журналист құрбым «Алдымен барып танысып көр. Ұнаса түсірерсің, ұна­маса тағы көрерсің» деп ұсыныс білдірді. Жал­пы, Қазақстанда бұрын-соңды ешкім жазбаған музыканы жазып, оны тыңдар­манға қазақ тілінде жеткізген Nintety one жігіттері сынға ілігіп, түсініспеушілікке тап болса да, өздерін мойындата білді. Содан соң, бұл фильмде тек топтың мүшелерін емес, көптеген қазақстандықтар да сөйлеттік. Меніңше, бұл барлық қазақстандыққа арналған фильм болып шыққан тәрізді. Бір аумақта, бір мәдени кеңістікте жүрсек те, әр­қай­сысымыздың көзқарасымыз әртүрлі. Ал фильмде мінезі сан алуан адамдардың қалай ортақ тіл табыса алатыны баяндалған. Негізі, бұл фильмнің көрсетілуі пандемиямен тұспа-тұс келсе де, кейіннен бұл туындым түрлі фестивальдерде көрсетіліп жүрді. BBC-дің Сингапурдегі кеңсесінде жұмыс істейтін журналист сол жерде өткен Орта Азия кинофорумында Men sen emes фильмін көргеннен соң лонгрид жазып, сайтқа жария­лаған. Артынша оның бұл жазғаны резонанс тудырып, BBC-дің бас кеңсесінде­гілер олар туралы видеосюжет әзірлеп, кө­лем­ді мақала жариялады. Осыдан кейін дерек­ті фильмнің жойқын күші жоқ деп айт­пай көріңіз.
– Қазір Qyzbolsyn деген қызық атау­мен шығатын деректі фильмді түсіруге дайындалып жатқаныңызды білеміз. Qyzbolsyn-ның идеясы неде?
– Мен қазақ азаматына тұрмысқа шық­қанмын. Отау құрып, отбасымызбен етене араласа бастаған кезде күйеуімнің әжесі өзін үнемі украиндықтардың Уля деген есімімен таныстыратын. Сұрастыра келсем, әжеміздің шын есімі Ұлболсын екен, бірақ өзін Уля деп атағанды құп көреді. Бұған қызыққан мен бұл тақырыпты зерттей бастадым. Белгілі болғандай, түркітілдес халықтарда «осы тілегім орындалсын» деген мақсатта қыз балаларға қойылған үш жүзге жуық есім бар екен. Сондай ерекше есімдері бар әйелдердің портретін неге құрастырмасқа? Бұл фильмде салт-дәстүрді қаралау немесе біреуді кінәлау тіпті де ойымда жоқ. Бар болғаны, қыз-келіншектерге сырын ақтаруға мүмкіндік беретін шынайы фильм түсіргім келеді. Түрлі ниетпен қойылған есімді арқалап жүру біреуге қиын, біреуге керісінше мақтаныш болуы мүмкін. Жуырда Ақтауда он төрт қыз тәрбиелеп отырған отбасыда ұл бала дүниеге келгенін білдім. Сондай-ақ, тұрмысқа шы­ғар­дан бұрын есімдерін өзгерткен кейіп­керлермен кездестім. Мұның барлығы қы­зық қой. Бұл фильм 2022 жылы экранға шығады деп жоспарлап отырмыз. Десе де әлі күн­ге дейін кейіпкерлер іздестірудеміз. Жал­пы, бұл кино арқылы Орталық Азия ай­мағында тұратын барлық әйелдің портретін құрастыруды көздеп отырмын.
– Бір сөзіңізде «Деректі фильмнің жой­қын күші бар» дедіңіз. Десе де қазір де­ректі фильмдерде үнемі жағымсыз сәт­тер баяндалады, адамның мысын ба­сып тастайды деген стереотип қалып­тасқан секілді.
– Мен бұл туралы жиі естимін. Бірақ, шы­­­­нында олай емес. Біз арамызда өмір сүріп жат­қан адамдардың шынайы оқиғаларын баян­даймыз. Қоспасыз, боямасыз, қаз-қал­пында жеткіземіз. Мысалы, аралдықтар «су­мен бірге құт кетті» деген стереотипті те­ріске шығарды. Олар ол жерден кеткісі кел­се баяғыда көшіп кетер еді ғой. Бірақ олар өйт­педі. Олар Алматы, Қызылорда немесе көр­ші жатқан ауданға барып тұруды тіпті де ойға алмайды. Күн кешу қиын секілді көрі­не­тін жерден адамдар неліктен кеткісі кел­мейді? Мені осы сұрақ мазалады. Негізі, бұл фильмді түсірер кезде мынадай алегорияны ұстандым. Арал теңізінің маңын саяхаттап жүр­генде Байқоңырдан ұшырылатын зы­мыран­дарды байқадым. Қазір ғалымдар Жер ғаламшары әбден ластанып, тозғаннан кейін Марсқа көшеміз деген әңгімені жиі айтады ғой. Осыны естігенде Жерде біреулер қалып «Сіздер бара беріңіздер! Ал біз осында қалып, бар­лығымыз жіберген қателіктерді бірте-бір­те түзейміз» дейтін секілді көрінеді. Арал­дық­тарды дәл сондай кейіпте көрдім. Айта ке­терлігі, арамызда әлемнің небір әсем жер­лерін көріп, сол жерге тұрақтап қалғандар бар, бірақ қанша жерден қолайлы орта болса да Қазақстанға қайтып оралып жатқандар да жетерлік. Алматыда «Теңізімнің» тұсаукесері болған кезде музыкант, архитектор, дизай­нер достарыммен осы турасында әңгіме­лес­тік. Англиядан, Америкадан оқудан келген олар елде бір үлкен іс жасағысы келетінін, бірақ барлығы бірден бола бермейтінін, алайда жоқтан барды жасап, өз ортасын гүл­дендіріп отырған аралдықтарды көр­геннен кейін көп нәрсе түсінгенін, дегеніне жетпей қоймайтынын айтады.
– «Теңізім» тек бастамасы болсын, осы­­дан кейін Netflix-ке шығатын қазақ­стан­дық фильмдер саны арта түседі деп сенеміз.
– Солай боларына мен де кәміл сенемін. «Теңі­зімнің» Netflix-ке шығуы қазақстандық туындыларға сұраныс барын дәлелдеп берді. Сон­дай-ақ, қаржыландыратын институт­тар­дың тек көркем фильмге емес, сондай-ақ дерек­ті фильмге де қаржы бөлу көркемдік және коммерциялық тұрғыдан тиімді екенін көрсетті. Бізде деректі фильм түсіретін жас авторлар саны аз, оған қоса мәдени институт өкілдері деректі фильмге еш қызығушылық танытпайды. Бұл – үлкен қателік, олар бұл сала­да әлеуетіміздің жоғары екенін түсін­бейді. Дегенен осыдан кейін деректі фильм түсіргісі келетін қазақстандық режиссерлерге көпшіліктен қолдау табу оңай болады деп сенемін. Режиссерлерге айтар басты кеңесім: мей­лінше шынайы адамдар туралы фильм түсіруге тырысыңыздар. Сосын өздеріңіз де шы­найы болыңыздар. Шынайылық пен дерек­ті фильм егіз ұғым іспетті. Көрермен туын­дыңыз арқылы сол шынайылықты сезі­ніп, сюжет желісін жадынан шығармай, көпке дейін айтып жүреді.
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ
Тurkystan.kz
19 қараша 2021 ж. 1 812 0