Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әйгілі әншімен болған бір сәт

Әйгілі әншімен болған бір сәт

Қазалылық Марина Бақбергенова – Кеңес Одағының батыры В.Счастнов атындағы № 249 мектептің түлегі. Қаршадайынан білімге құмар Марина қоғамдық өмірге де белсене араласты. Ол мектеп қабырғасында жүргенде-ақ «Қыз сыны» секілді байқауларға қатысып, бірінеше мәрте жүлделі орын иеленген еді. Арманшыл жас 2002 жылы білім іздеп Ақтөбе қаласына барды. Осындағы Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік университке түсті. Студенттік жылдарда Ақтөбе қаласындағы оқу орындары арасында өткен «Жыл аруы-2004» байқауына қатысып, бас жүлдені жеңіп алған.
2006 жылы университет бітірген Марина Әйтек би кентіндегі Жанқожа батыр атындағы №70 мектепке тарих пәні мұғалімі болып орналасты. Сынып жетекшілігін атқара жүріп, ауданда өтетін қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылды. Келесі 2007 жылы мәдениет үйінде өткен аудан мұғалімдерінің кешін жүргізді. Осылайша, көпшілікке жүргізуші-дикторлық қырымен танылды. Мұғалімдердің «Наурыз шапағаты» байқауында «Испан биін» орындап, облыстық байқауға іріктеліп алынды.
Марина әкесі Әнуарбек пен анасы Запурадан алған тәлімді тәрбиесімен үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарап, сөйлеу мәдениетімен көпшіліктің көңілінен шығып, елге таныла бастады.  2007 жылы күзде КСРО Халық артисі, әлемге әйгілі әнші Роза Тәжібайқызы Бағланова өзінің 85 жылдық мерейтойын өзі дүниеге келген Қазалы топырағына келіп атап өткені мәлім. Халық қаһарманын күтіп алу, онымен бірге жүру, қызмет көрсету бақыты көптің ішінен осы М.Бақбергеноваға бұйырды. Бұл сәтті қазір Марина өмірімдегі ең айтулы кезеңнің бірі деп еске алады. «Роза апа аузынан айналайыны түспейтін керемет жан болатын. Есімі шартарапқа танымал бола тұра қарапаймдылығымен, кішіпейілдігімен таң қалдырды», – дейді ол.
Айта кетейік, Роза Бағланова Қазалы ауданы орталығы Әйтек би кентіндегі Жанқожа батыр атындағы № 70 мектептің 1939 жылғы түлегі. Осы мектептің мұғалімі Маринаның әнші апасына қызмет жасауы ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі дер едік.  
Бақытжан ТҮМЕНБАЕВ,
№ 70 мектептің тарих пәні мұғалімі.
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Суретте: Роза Бағлановамен бірге сол кездегі аудан әкімі Айтбай Көшербай мен Марина Бақбергенова

syrboyi.kz
19 желтоқсан 2021 ж. 1 601 0