Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған қойылым көрсетілді

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған қойылым көрсетілді

Бүгін аудандық мәдениет үйінде «КОМАНДОС» атты театрландырылған комедиялық қойылым көрсетілді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған қойылымды мемлекеттік қызметшілер, бюджет қызметкерлері, аудан тұрғындары мен жастар тамашалады.

Қойылымда қоғамның дерті – сыбайлас жемқорлық жайы өткір әжуа арқылы боямасыз бейнеленді. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс саналатын іскер әйел алты ұлын да басшылық қызметке орналастырған. Алайда еркелік өтіп кеткен кенже ұлы Амандос қандай қызметке қойса да теріс әдетінен бір танбайды. Оны әйдік кемпір тоқпақтап мектеп директорлығына да сүйрейді, бұл істі де оңдырмаған соң майлы жер деп май зауытына басшылық қызметке орналастырады. Іздегенге табылған. Бұл жер де тұнып тұрған таныс-тамырлық пен жемқорлықтың ордасы боп шығады. Басшылық түгіл басын алып жүре алмайтын ерке ұл кез-келген мәселені бір қоңыраумен шешетін анасына сүйеніп, өзінше тәртіп орнатқысы келеді. Десе де жуаннан да жуан бар. Жемқорлық жайлағаны сондай, бұл жердің еден жуушысына дейін танысына сүйеніп қызмет етеді. Сондықтан анасы да басқасы да көмек қолын соза алмайды.

Аталған қойылымда сахна саңлақтары сатира арқылы күрделі мәселені көрсете білді. Қойылым шынайылығымен көрермен көңілінен шықты. Аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының шеберлігіне тәнті болған көрермендер ризашылықтарын білдіріп, қошемет көрсетті.



"Толқын" ақпарат 

24 желтоқсан 2021 ж. 2 960 0