Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Көктем, қашан келесің?

Көктем, қашан келесің?

Құба белді идірген көктем шуақ,
Қыс бұртиып, көз жасын төккен жылап.
Жұпарыңа елітіп жер-жаһанды,
Алып-ұшып жеттің бе, көктем шырақ!

Тұяғындай сыртылдап кер маралдың,
Гүл-ғұмырын ояттың кең даламның.
Ұлан-асыр тірліктің қайнар көзі,
Үр, жаңа күн, құбылта жер жамалын.

Алқара аспан еңсемді көтер менің,
Сары-ала қаз көшіне жетер ме едім.
Тамашалап шырқаудан көк майсаның,
Алақайлап кірпігін көтергенін.

Ақша бұлтқа еркелеп асылып-ап,
Көздерінің мөп-мөлдір жасын ұрлап,
Қонар едім гүлдердің қауызына,
Ойнар едім желменен жасырынбақ.

Көктем күлді сыңғырлап тілегіме,
Мүмкін емес нәрсені біледі е...
Көңілімнің жайнатып жасыл бағын,
Еніп кетші, гүл-көктем жүрегіме.
Айгүл Темірбайқызы.
21 ақпан 2019 ж. 3 761 0