Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

«BAKALSHAK»

Бүгінгі заман жастарының өнерге көзқарасы ерекше. Олар шектеулер мен дәстүрлі ережелерге қарағанда, еркіндікті, өз ойын ашық жеткізуді қалайды. Мұның айқын мысалы – еркін форматта ұйымдастырылатын ән кештері. Олар шабыттың, шығармашылықтың, сондай-ақ шынайы эмоцияның алаңы.
Жақында аудандық Мәдениет үйінің сахнасында «BAKALSHAK» жобасы болды. Ауданның өнерлі жастарының басын қосқан кеш еркін форматта өтіп, көпшіліктің көңілінен шықты.
– Алдымен карантин кезінде YouTube каналдан «HomeMuz» жобасын ашқан болатынмын. Яғни гитарамен ән айту. Кейін жобаны оффлайн форматқа көшіру керек болды. Сонда көптің есінде қалатын, тез таралатын әрі теңізді өлке тұрғындарына жақын деп «BAKALSHAK» деп атадық.
Жобаның негізгі мақсаты – жанды дауыста, аспаптармен ән айту. Себебі қазір эстрадада жаздырған әнді айтатындар бар. Және әрбір концертте белгілі тақырып қойып, сол турасында ән айтылады. Мысалы, алғашқы кеш «Бізбен бірге әндет» деп аталып, еркін тақырыпта болса, бүгін «TikTok» әлеуметтік желісінде танылған әндер шырқалды, – деді кеш жүргізушісі әрі ұйымдастырушы белгілі кәсіпкер Төребек Дәрмағанбетов.
Кештің шымылдығы көрермендермен әзіл айтып ашылды. Кейін жас өнерпаздар аспаптардың көмегімен ән айтса, арнайы Ақтөбе қаласынан келген қонақ Әсет Сисенов гитарада ойнап, көпшілік көңілін баурады. Сонымен қатар қонақтар арасына жеке кәсіпкерлік нысандардан сертификаттар сыйланды.
– Кеш керемет деңгейде өтті. Қаламызда осындай көңіл көтеруге, серпілуге арналған жобалардың қолға алынғаны қуантады. Үнемі жұмыс пен жиналыстардан босамайтын қызметкерлер үшін де, үйдегі үлкен кісілер мен жастарға да келуге болады. Ерекше әсер алдым. Алдағы уақытта жиі-жиі ұйымдастырылып, жалғасын тапқанын қалаймын, – дейді кеш қонағы Гүлсая Нағашыбайқызы.
Еркін ән кештері жастардың өзін тануына, талантын ашуға мүмкіндік береді. Ол қоғамның жаңа үнін қалыптастырады, өнердің кеңжиегін кеңітеді. «BAKALSHAK» – өнерлі жастар бейнесі.
Г.САҚТАПОВА
25 қаңтар 2025 ж. 122 0