Жыршы-термешілер «Таңшолпан» бағдарламасында

Бағдарлама жұлдыздарын атап өтер болсақ, аудандық жыраулар үйінің директоры Айна Тұяқова, жыршы-термеші Ғанибек Өмірзақов, Зәуре Ізекешова және де Айнұр Сүйеуова. Атаулы бағдарлама барысында аудандық жыраулар үйінің директоры Айна Тұяқова ауданның 95 жылдығына орай қолға алған іс-шаралары туралы қысқаша баяндап өтті. Кейін аудан жастарының өнерге деген қызығушылығы, сондай-ақ арнайы үйірмелерге келуші жастардың талпынысы туралы айтылды.
– Бала күнімде өнерге қызығатын едім. Бұл өнерге келуіме себепкер болған ең алғаш қолыма домбыра ұстатқан Сәкен ағам. Ал ең бірінші терме үйреткен сол кездегі өнер мектебінің ұстазы Бұғыбай Ыбыраев болатын. Өзім еңбек жолымды Жақсықылыш кентіндегі №19 мектепте «Үйірме жетекшісі» болып бастадым. Бірнеше шәкірт дайындап, сахнаға шығарып жүрдім. Ең алғашқы шәкіртім Ақбота Таңатова. Ол қазір Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата университетінің «Дәстүрлі ән» мамандағын тәмәмдап, елге қызмет жасауда. Осы өнер жолында көптеген жетістіктерге жетіп келемін, – дейді жыршы-термеші Айнұр Сүйеуова.
Айсәуле НҰРЛАНОВА