Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімінің құттықтауы

Аудан әкімінің құттықтауы

Құрметті Айбек Жақсанұлы Тәңірбергенов!
Сізді бүгінгі республикалық жыршы-жыраулар байқауының бас жүлдегері атануыңызбен шын жүректен құттықтаймын!


Сүлейлер салған сара жолды жалғап, ғасырлар бойы атадан балаға мұра болған асыл қазынамыз өнеріміз бен мәдениетімізді, өскелең ұрпаққа жеткізу жолында Сіз, аянбай еңбек етіп келесіз. Бүгінгі жеңісіңіз ұлттық өнерімізге деген адалдығыңыз бен сүйіспеншілігіңіздің айқын дәлелі әрі қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына үлкен тарту болды деп санаймын.

Төл тарихын ұлықтап, ұлттық өнерді дәріптейтін халықтың елдігі мәңгілік болмақ. Өйткені, өнер – өміршең, тарих – мәңгілік. Осы орайда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған, Сыр сүлейі Кете Жүсіп Ешниязұлының 150 жылдығына арналған «Жырлансын, Тәуелсіздік жыр бұлағы» атты республикалық жыршы-жыраулар байқауында жүлделі орындар Өзіңіз бастаған жыр жүйріктері Демеубай Жолымбетов, Бексұлтан Орынбасаров және ізбасар ұлыңыз Жәнібек Жақсанға бұйырды. Өнерге баулып, тәрбиелеп келе жатқан ізбасар перзентіңіздің жыр майталмандары арасынан оқ бойы оза шығуы жанкүйер ағайынның мерейін тасытты.

Жыр жалауын желбіреткен айтулы додада қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, қара сөздің қадірін қасиет тұтып, талай дарынның бесігін тербеткен, өнер мен дәулет қатар қонған киелі Арал топырағының төл таланттарының жеңіс тұғырынан табылуы заңдылық іспетті.
Осы ретте өнер жолында елдің рухын көтеріп, халқымыздың мәдени танымы мен талғамын қалыптастыру, әлеуметтік-рухани құндылықтарын насихаттауға қосқан сүбелі үлесіңіз үшін барша аралдықтардың атынан алғысымды білдіремін.

Алдағы уақытта да бар күш-жігеріңізді еліміздің рухани кемелденуі жолында жұмсай береді деп сенемін. Әрдайым өнер жолында халықтың ыстық ықыласына бөленіп, биік белестерден көріне беруіңізге тілектеспін! Жеңісті күндеріңіз көп болғай!

Құрметпен, аудан әкімі
СЕРІК СЕРМАҒАМБЕТОВ.
25 қыркүйек 2021 ж. 376 0