Муза мен музыка үйлесім тапқан күн

Осы айтулы датаға орай Қызылжар ауылындағы мәдениет үйінде «Шынбергеннің сырлы әуені» атты облыстық әншілер байқауы ұйымдастырылып, Сыр руханиятының айшықты кеші өтті. Бұл күні ауыл аспанында саз бен сөздің сиқыры қалықтап, әуен мен шабыттың үні жаңғырды.
Байқаудың басты қонағы туған күн иесі, мәдениет саласының үздігі, ауданның мақтанышы Шынберген Сүлейменов. Ол өзінің өнер жолындағы ізденістері мен шығармашылық мұрасымен ел жүрегінен орын алып үлгерген тұлға.
Мерейлі кеш – өнердің мерекесі
Шара барысында сахна шымылдығы ақынның шығармашылығына арналған бейнеролик және шайыр туралы жазылған прологпен ашылып, көрермен қауым Шынберген Сүлейменовтің өмір жолы мен өнердегі ізін тағы бір мәрте зерделеді.
Кеш барысында Арал аудандық мәслихатының төрағасы Б.Төрахметов сахна төріне көтеріліп, мерейтой иесін аудан жұртшылығы атынан арнайы құттықтап, аудан әкімінің алғыс хатын және ауданның ең жоғары марапаты «Құрмет грамотасын» табыс етіп, аралдықтардың атынан ақынға ат мінгізді. Сонымен бірге ол:
– Құрметті Шынберген Байқараұлы! 50 жас мерейлі белесіңізбен Арал ауданының жұртшылығы атынан құттықтаймын!
Киелі Арал топырағы әрдайым өз перзенттерімен мақтанады. Сіздің өмір жолыңыз – жас ұрпаққа үлгі, адалдық пен жауапкершіліктің айқын көрінісі.
Жыршы-шайырлар мекендеген киелі өңірде кешегі дүлдүлдердің даңғылын жалғастырып, өнер деген ұлы құдіретті өскелең ұрпақтың жадында жаңғыртып жүрген жандардың бірісіз.
Сіздің ел игілігі жолындағы еңбегіңіз, мемлекетіміздің дамуына қосқан үлесіңіз, әсіресе ұлттық құндылықтарды ұлықтап, қоғамның әлеуметтік-экономикалық, мәдени салаларында сіңірген еңбегіңіз кейінгі буынға үлгі, мақтаныш.
Осы мерейлі жасыңызда сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық, бақ-береке, шығармашылық шабыт, баянды табыс тілеймін! – деген аудан әкімі Аманжол Сақыпұлының құттықтау сөзін жеткізді.
– Өнер – халықтың рухани айнасы. Сыр елі әрдайым сөз өнерін биік қойған. Сіздің шығармашылығыңыз ел мәдениетінің абыройы мен мақтанышы. Мерейтойыңыз құтты болсын! – деді Б.Төрахметов өз сөзінде.
Кештің қадірлі қонағы Қайнар Алагөзов мерейтой иесіне арнайы арнау айтты...
Алла деп ат тіредім Қызылжарға,
Қызылжар қойнауында қызыр бар ма?!
Бірыңғай жүйріктердің ауылында,
Көсіле қояр ма екен біздің жорға?!
Дегенмен елді жерге қаратпаспын,
Ән мен жырдың аламаны
Кештің ең қызықты бөлігі облыстық деңгейде ұйымдастырылған әншілер байқауы болды.
Байқауға Жаңақорған, Шиелі, Сырдария, Жалағаш, Қармақшы, Қазалы және Арал аудандарынан келген өнерлі жандар қатысып, өзара бақ сынасты. Әр қатысушы ақынның әндерін орындап қана қоймай, сахна мәдениеті мен дауыс ерекшелігін де көрсетті.
Көрермен қауым шабыт пен шеберлік, талант пен табандылықтың жарасымын тамашалап, саз бен сөздің үндестігіне тәнті болды.
Салтанатты шараға Ақын Қайнар Алагөзов, Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту мәдени продюсерлік орталығының бөлім меңгерушісі Бағдагүл Есмұрзаева, Арал аудандық мәдениет үйінің дыбыс инженері Нартай Қайырлапов.
Қазылар алқасының шешімімен Арал қаласы атынан қатысқан А.Таңатова байқаудың Бас жүлдесін иеленді. І орын Қазалы ауданынан келген М.Жеткербайға, ІІ орын шиелілік Б.Бауыржанға, ал ІІІ орын жалағаштық О.Пазыл мен жаңақорғандық Ө.Көкенге бұйырды.
Өнер – ұлттың рухы
Бұл кеш тек бір адамның мерейтойы ғана емес, тұтас Сыр өнерінің мерекесі. Ән мен жырдың керуенін жалғаған жас өнерпаздар сахна төрінде Шымберген сазының нәзік иірімдерін өз жүректерімен жеткізе білді.
Шынберген Сүлейменов – жыр мен саздың ұлылығын бойына сіңіріп, ел жүрегінде өшпес із қалдырған тұлға. Оның шығармалары – туған жердің тарихын, халықтың болмысын, өмірдің өрнегін әуен арқылы өрнектейтін құнды қазына.
«Шынбергеннің сырлы әуені» атты бұл кеш Сыр өңірінің мәдени өмірінде айрықша белес болып қалары сөзсіз. Өнер мен руханияттың тоғысында өткен мерейлі мереке ұлт өнерінің мәңгілік өміршеңдігін тағы бір дәлелдеді.
А.НҰРЛАНОВА