Шайыр Шымберген туған жерінде

Осыған орай ақынның туған жері Қызылжар ауылында «Шымбергеннің сырлы әуені» атты облыстық әншілер байқауы өтіп, руханияттың жалауы желбіреді.
Сырлы сөз бен әсем әуен қалықтаған керемет кештің басты қонағы – туған күн иесі, мәдениеттің үкілі үздігі, аудан мақтанышы Шымберген Сүлейменов.

Шараға арнайы қатысқан Арал аудандық мәслихатының төрағасы Б.Төрахметов кеш иесін арнайы құттықтап, аудан әкімінің арнайы құттықтауы мен ауданның ең жоғары марапаты – Құрмет грамотасын табыстады.
Көмейіне бұлбұл ұялаған кіл үздіктердің тартысқа толы байқауына Жаңақорған, Шиелі, Сырдария, Жалағаш, Қармақшы, Қазалы, Арал аудандарынан өнерлі жандар қатысып, өзара бақтарын сынады.
Нәтижесінде Арал қаласынан келген А.Таңатова байқаудың бас жүлдесін иеленді. І орынды Қазалы ауданынан келген М.Жеткербай қанжығалады. ІІ орын шиелілік Б.Бауыржанға бұйырса, жүлделі ІІІ орынды жалағаштық О.Пазыл мен жаңақорғандық Ө.Көкен өзара бөлісті.

Байқауда саз бен сөздің сиқырын үйлестіре білген, шеберлік пен шабыттың, талант пен табандылықтың жарасымын танытқан әрбір байқаушы көпшілік жүрегінен ерекше орын алды.

"Толқын" ақпарат