Өнердің шырақшысы – халықтың шынайы ұлы

Ауылымыздың абыройын аспандатқан, руханиятымыздың шырақшысы, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, облыстық әрі республикалық Құрмет грамоталарының иегері, 46 жылдық еңбек жолын мәдениет пен өнерге арнаған ардақты жан – биыл 70 жасқа толып отыр. Бұл – жай ғана мерейтой емес, бұл – бір әулеттің ғана емес, тұтас ел мен елді мекеннің рухани шежіресіне айналған нағыз өнер майталманына көрсетілер құрмет. Бұл кісі менің әкемнің ұстазы. Ал өзіме ардақты нағашы атам. Ол - ұстазғана емес, тәрбиеші де еді. Әкем де, ауылдың талай баласыда сол кісіден өнерге деген құрметті, сахна әдебін, ұлттық болмысқа деген сүйіспеншілікті үйренді.Ол-тек бір ұрпақты емес,тұтас буынды тәрбиелеген ұлы жан. Оның еңбегі-тарих, өнегесі мұра, ал өзі-аңыз адам. Ол кісі ауылымыздағы мәдениет үйінің директоры болып, халық театры атағын алу жолында аянбай еңбек етті. Домбыраның үнімен елдің жүрегіне жол тапты, сахна мен сахнагерлердің өрісін кеңейтті, ұлттық өнердің ұмытылмауына зор үлес қосты.
Атамның өнері мен өнегесі ұрпағына да жалғасқан. Балалары – қазақ өнерінің әр саласында абыройлы еңбек етіп жүр. Гүлайым апайымыз – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдаған кәсіби домбырашы, бүгінде өнер мектебінде мұғалім. Нұрболат – Алматы қаласында опера әншісі, әлем елдерін аралап, қазақ әнін паш етіп жүрген дарын иесі. Нұрлан – ауылымыздағы орта мектепте шығармашылық үйірме жетекшісі болса, Нұрәлем – мәдениет үйінде көркемдік жетекші, облыстық байқаулардың жеңімпазы, сахнаның шын жанашыры.
Нағашы әжем – Бекзия апамыз да өнердің ортасынан шыққан, сахнада табысқан жан. Кейіннен отбасы жағдайына байланысты өнер жолынан қол үзіп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған, бүгінде немере-шөбере сүйіп отырған ардақты ана, ақ жаулықты әже.
Осындай өнерге берілген, руханиятқа жанымен қызмет еткен өнегелі отбасы – ауылымыздың мақтанышы, елдің рухани қазынасы.
70 жастың биігіне шыққан нағашы атама зор денсаулық, мәнді ғұмыр, шығармашылық шабыт тілей отырып, ұрпақтары мен шәкірттерінің шексіз алғысын жеткізгім келеді. Өзіңіз секілді тұлғалар – ұлттың шын байлығы!
Ердос ЕСҚАЛИ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда студенті
2 курс студенті