Өрелі өнер иесі
Жастар саясаты – мемлекетіміздің басты бағдарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Біз жастардың жасампаздық әлеуетін ашып, олардың қоғамдық өмірге белсене араласуына толық жағдай жасауымыз керек. Бүгінгі жас буын – ел ертеңінің сенімді тірегі, жаңа Қазақстанның қозғаушы күші» деп атап өткен болатын. Бұл тұрғыда жастардың шығармашылық әлеуетін арттырып, оларды жауапкершілікке, сахна мәдениетіне және ұйымдастырушылық қабілетке баулитын бірегей жобалардың орны бөлек. Соның ішінде ауданда ширек ғасырға жуық уақыт бойы ұлттық брендке айналған «Жайдарман» ойындарының маңызы зор. Жайдарман – жастарды тұлға ретінде қалыптастыратын үлкен мектеп.Арал өңірінде де өнердің өзіндік өрнегі бар. 2006-2007 жылдардан бастау алған аудандық Жайдарман қозғалысы бүгінде жаңа тыныспендамып келеді. Осы жылдар ішінде сахна төрінінен қаншама дарынды жастар түлеп ұшып, қазіргі таңда түрлі салада абыройлы қызмет атқаруда. Жайдарман мектебінен өткен баланың қоғамда өзін көрсету белсенділігі қай уақытта да жоғары екені даусыз.
Аудандық маусым ؘ– нәтижелі мәре
2025 жылдың қараша айынан бастау алған, «Арал-АС» шығармашылық тобының ұйымдастыруымен және Жастар ресурстық орталығының қолдауымен өткен мектеп командалары арасындағы аудандық сайыс өз мәресіне жетті. Бұл маусымға қала мектептерінен, Оқушылар үйінен және Сазды ауылынан жалпы саны 11 команда қатысып, бақ сынасты. Әр кезең сайын тек әзілдің сапасы емес, ұйымдастыру деңгейі де өсіп отырды. Әр ойынның қорытындысы бойынша «Үздік команда» мен «Үздік ойыншылар» анықталып, іріктеу елегінен өткендер суырылып алға шықты.
Маусымның деңгейін көтеруге белгілі жайдарманшы, облыс жастар орталықтарының басшысы болған тәжірибелі жүргізуші Әліби Басаровтың қосқан үлесі зор. Сонымен қатар, ойындардың жоғары деңгейде өтуіне әр кезең сайын арнайы демеушілік қолдау көрсетілді. Атап айтқанда, маусымашарда – Жастар ресурстық орталығының кубогі, 1/8 ойында – «AMANAT» жастар қанатының кубогі;ширек финалда – қала әкімінің кубогі, жартылай финалда – Аудан әкімінің кубогі тігіліп, жастардың ынтасын арттыра түсті.
2026 жылдың 16 мамыр күні көптен күткен үлкен финал және финалдық кезеңге жолдама ала алмаған ұжымдар арасында кіші финал сайыстары дүбірлеп өтті. Нәтижесінде, тартысты өткен кіші финалда «220V» (№220 мектеп) және «Болашақ» (Оқушылар үйі) командалары өзара финалист атанса, үлкен финалдың қортындысы бойынша чемпион – №220 құрамасы. Ал ІІ орынды «Сазды» құрамасы иеленсе, ІІІ орын «Тұмар» (№262мектеп) мен «Миньоны» (аудандық Оқушылар үйі)командаларының еншісіне тиді.
Сайыс соңында үлкен финалға қатысқан 4 команданың жетекшілері жастар өнеріне қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан КВН Одағының президенті Есен Елеукеннің арнайы Алғыс хатымен марапатталды.
Сахнадағы бірнеше минуттық жарқын ойынның артында қаншама адамның көрінбейтін жанқиярлық еңбегі жатыр десеңізші. Ұйымдастырушылардың ізденісі, музыкалық сүйемелдеу, лэд-экрандардың үйлесімділігі, командалардың күндіз-түні жүргізген дайындығы, көрерменді жайғастыру және фото-видео таспалау жұмыстарының бәрі біте қайнасып, үлкен шығармашылық ансамбльді құрайды.
Ойынның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына қарамастан, маусым барысында көңілге кірбің ұялатқан өзекті мәселе де жоқ емес. Ол – жергілікті көрерменнің қолдауы мен ықыласының төмендігі. Осы орайда белгілі жайдарманшы, осы қозғалыстың бел ортасында жүрген Төребек Дәрмағамбетов пікірін ашық білдірді:
– Бізді ең қатты қынжылтқан жайт – залдан жергілікті көрерменнің қолдауын сезіне алмауымыз. Жастардың өнерін тамашалауға жұртшылық жиналса екен деп, сабақтан немесе жұмыстан қолдары босамайтындарды ескеріп, сайысты арнайы демалыс күніне, яғни сенбіге қойдық. Сырттан келгендердің жанкүйерлігіне қарап сүйсінесің әрі ойланасың. Салыстырмалы түрде айтсақ, аудан орталығынан 80 шақырым қашықтықта жатқан Сазды ауылынан жас өрендерді қолдау үшін қаншама сыныптас достары мен ауылдастары арнайы келеді. Ал дәл осы жерде, 2-3 шақырым ғана жерде тұратын қала мектептерінің оқушыларына қолдаушы табылған жоқ. Залдағы бос орындардың орнын тек балаларының өнеріне бейжай қарамайтын ата-аналар, бауырлары және түрлі саланың белсенді жастары, кәсіпкерлер мен спортшылар секілді нағыз жастар жанашырлары ғана толтырып отырды. Бұл үрдіс өзгеруі тиіс, өз баламыздың талантын өзіміз бағаламасақ, өнер қалай өркендейді?
Шынында да, аудандық деңгейде шыңдалып, облыстық, республикалық додаларда Аралдың намысын көтерсе екен деген үмітпен жасалған еңбекке халық тарапынан да зор ықылас қажет-ақ. Әйтпесе, жылдар бойы бір ауданнан тек бір ғана команданың суырылып шығуымен шектеліп қала беретініміз ащы да болса шындық, – дейді ол.
«Дарынның» дара жолы
Бүгінде аудан деңгейіндегі сеңді бұзып, республикалық аренада Аралдың атын абыроймен асқақтатып жүрген ұжымның бірегейі – Арал аудандық Оқушылар үйі жанындағы «Жайдарман» үйірмесінің атынан шығатын «Дарын» командасы. Бұл құрама – бүгінде аралдық жастардың мақтанышы.
2025 жылы басталған беделді «Супер Лига» ойындарының биылғы сәуір айында өткен басты финалына қатысқан «Дарын» тобы ерекше ойын өрнегін көрсетіп, жүлделі ІІ орынды иеленді. Бұл ғана емес, олар саяси ұйымның белсенді қолдауымен тағайындалған «Ауыл» партиясының арнайы кубогін де қанжығаларына байлады. Осылайша, финалдық бәсекеде бақ сынаған жалғыз аудандық команда бола тұра, Аралға олжалыоралды.
Ұжымның табысты жолы мұнымен тоқтаған жоқ. Елордамыз Астана қаласында өткен «Маусымашар-2026» фестиваліне қатысып, жоғары деңгейлі «Jaidarman Junior» лигасына ресми жолдама алды. Ал жақында ғана,Астана төрінде өткен ширек финалдық кезеңде тағы да оқ бойы озық шығып, жартылай финалға жолдама иеленді. «Дарынның» бұл жетістігі – жүйелі дайындық пен шынайы таланттың жемісі.
Жайдарман – жастарбойындағы тек күлкі сыйлау қабілеті емес, ол – үлкен жауапкершілік, ұжымды ұйыстыра білу, сахна мәдениетін меңгеру, көпшілік алдында өз ойын еркін әрі шешен жеткізуді үйрететін үлкен тәрбие құралы. Осы ретте, ойынды үзбей тамашалап жүрген аудан тұрғыны Бақытжан Сұлтанов:
– Жайдарманды әзіл-оспақ деп қарау қате. Осы сахнаға шыққан балалардың сөз саптауын, өзін-өзі ұстауын көріп сүйсінемін. Олар қоғамдағы өзекті мәселелерді әзілмен жеткізе отырып, өздері де азамат ретінде өсіп жатыр. Сондықтан мұнда бүкіл ауданның қолдауы ауадай қажет-ақ, – дейді.
Десе де, мектеп жайдарманында бір өкінішті үрдіс бар. Оқушыларды бала күнінен баулып, дайындап, үлкен қалаларға шығарып, «міне, телевизиялық жобаға жеттік» деген шешуші сәтте олар мектеп бітіріп, студент атанып кетеді. Нәтижесінде, олар өздері оқуға түскен жоғары оқу орындарының белсенділеріне айналып, сол университеттердің атынан сайыстарға шыға бастайды. Әрине, бір жағынан балалардың жаңа ортаға тез бейімделіп, өздерін жоғары деңгейде көрсете алғаны қуанышты. Бірақ, біздің басты мақсатымыз – Арал ауданының атынан шығатын таза жергілікті чемпиондар шоғырын қалыптастыру.
Алдағы уақытта Арал жайдарманының ауқымын кеңейту бағытында үлкен жоспарлар бар. 2006 жылдан бері осы сахнадан өткен барлық буын өкілдері мен ардагер командалардың басын қайта қосып, ауданда үлкен ретро-ойын ұйымдастыру көзделуде. Бұл бастама аға буын мен жаңа толқын арасындағы сабақтастықты арттырып, Арал жайдарманының даңқын жаңа белеске көтерері сөзсіз. Жастардың өнері өрлей берсін, тек көрерменнің ықыласы мен қолдауы үзілмесе болғаны.
Г. САҚТАПОВА










