Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қамыс қайық

Қамыс қайық

Балалық шақтың қызығы көп қой. Балдәурен шақта өткен сондай оқиғалардың кейбірі жыл өткен сайын жай ғана күлкілі жайт болып қалмай, көңіл түкпірінде сақталар жылы естелікке айналады екен. Кейбірін еске алып еріксіз күлесің. Ал кейбірін ойласаң ішіңнен: «Сол кезде не болар еді?» деп селк ете қаласың.
Сондай бір шытырман оқиға Батырхан екеуміздің басымыздан өткен. Батырхан – сыныптасым. «Батка» десең, ауылдың біраз жұрты біледі. Азан шақырып қойған есім-сойы әп-әдемі болғанымен, қысқартып «Батка» дейтінбіз. Қазір ойласам, балалық шақтағы адам аттарының өзі бір қызық қой. Біреуді шын атымен емес, лақап атымен іздейсің. Сол атау кейін шын есімі сияқты болып кетеді.
Біздің үй Құмбазар ауылының шығыс жақ бетінде, ал Батканың үйі ортаңғы бөлігінде орналасқан. Екі үйдің арасы аса жақын емес. Бірақ бала кезде қашықтық дегеннің өзі өлшем емес қой. Қазір екі жүз метр жер жүруге ерініп, көлікпен барғымыз келіп тұрады. Ол кезде мың метр дегеніңнің өзі бұйым емес еді.
Күн арқан бойы көтеріліп, шеке қыздырар шақта Батка томпаңдап біздің үйге келеді.
– Жүр!
Ойынға шақырғаны.
Болды. Ол кезде бізде сағат та жоқ, жоспар да жоқ. Тәңірдің таңының атқаны – ойынның басталғанын білдірер еді. Дүниенің шаруасына бас ауыртар біз жоқ. Үйге қайтатын уақыттың болғанын ойынның қызығы басылғанда ғана сезетін едік-ау. Батканың әжесі біздің үймен көрші тұратын. Екеуміз жол-жөнекей кездескен нәрсенің бәрін түрткілеп, біресе бір-бірімізбен алысып, біресе жарысып, әжесінің үйіне кіруге ыңғайлана бастаймыз.
Үйде әжесі мен Сәкен деген ағасы тұрады. Үйі тап-таза. Тып-тыныш. Көзге түсер көне дүниелері де көп. Қазір ойласам, сол үйдің ішінде бір дәуірдің жұрнағы тұрғандай екен. Бұрынғы адамдардың қолынан қалған дүниелер, ескі бұйымдар, қабырғаға сіңген тыныштық – бәрі бір бөлек әлем болатын маған. Бізге оның тарихы да, қадірі де қызық емес. Кәмпит қызық. Кітап та көп болатын. Бірақ балалық шақта кітаптан бұрын кәмпит қызық қой. Әжеміздің той-томалақтан «штуктеп» жинап қоятын кәмпиті мен пішінәйі біз үшін кәдімгі қазына. Екеуміз барған сайын барын алдымызға үйіп-төгіп қоятын. Біз де әдеп сақтаған болып, бір-бірімізге қарап қоямыз. Сырттай қарасаң, мәдениетті балалар сияқты көрінгенімізбен, көзіміздің қиығы кәмпитте. Біреуіміз бір кәмпитті артық алып қойсақ, іштей есеп жүргізіп қоятынбыз. Бала көңілдің экономикасы да осындай мығым еді. Бір уыс кәмпит – үлкен қуаныш. Ал әженің «айналайын» деген бір ауыз сөзі – бүтін бір күнге жететін жылу.
Тойып алған соң сыртқа шығатынбыз.
Сондай қамсыз күндердің бірінде әдеттегідей үйден шығып, ауылдың ішін кезіп жүрдік. Біздің үй жақтан жүз-екі жүз метрдей жерде арық бар еді. Арық болғанда да, жай арық емес, тереңдеу. Балаға бой бермейді. Дариядан насос арқылы су айдалатын. Насос қосылса, арықтың арнасы толып, суы мінез көрсетіп, екпіндей ағатын. Бірақ бізге оның бәрі маңызды емес еді.
Қауіптің өзі қызық болатын ол кезде. Қауіпті көрген сайын: «Мұнда не бар екен?» деп жақындай түсетін кез ғой.
Сол күні де жерде жатқан қамысты көрдік.
– Қайық!
Болды.
Қамыс бізге қайық болды да кетті.
Әр қамысты бір-бір «қайық» қылып, суға жарыстыра бастадық.
– Менің қайығым озды!
– Жоқ, менікі озды!
Бізге дүниеде бұдан маңызды мәселе жоқтай көрінетін. Бір кезде Батка тағы бір қамыс тауып алып, суға қарай лақтырып жіберді. Мен де қарап тұрмайын дедім. Шегіне басып, бар жылдамдығыммен жүгіріп келіп, қолымдағы қамысты суға қарай лақтырып жібердім де, сол бетіммен өзімді тоқтата алмай, Баткаға барып бір-ақ соқтым.
Ол да су жиегінде тобығынан кешіп, аңдаусыз тұрған екен. Екеуміз бір-бірімізге соғылған күйі арыққа қарай домалап түстік.
Әуелде не болғанын түсінбедік.
Бір батамыз, бір шығамыз. Шашалып жатып бір-бірімізге қарап шыңғырамыз. Тағы батамыз, тағы шығамыз. Жағаға ұмтылған сайын ағыс қайтадан ортасына қарай сүйрейді. Жаңа ғана қызық көрінген су бір сәтте-ақ қорқынышты болып шыға келді. Әлгінде ғана бізге ойын алаңы болып көрінген арық енді екеумізді ағызып, ырықсыз тереңге тартып батыр жатыр. Киім су болған сайын ауырлай түсті. Әлгі жарыстырып жүрген қамыс қайықтардың қайда кеткенін де ұмытып кеттік.
Сол кезде ғана жағдайдың, шын мәнінде, қауіпті екенін бала көңіл сезді.
Айқайлай бастадық.
– Әже-е-е!
– Көмектесіңдер!
Бірақ айнала жым-жырт. Шағын ауылдың бұйығы тіршілігі өз арнасымен өтіп жатыр. Біреу үйінде шай ішіп отырған болар, ал енді бірі малын қарап жүрген шығар. Ал біз болсақ арықтың ішінде өмір үшін арпалысып жатырмыз.
Жанұшыра айқайлаған дауысымызды жуық арада еститін жан көрінбейді. Судың ағысы болса өз дегенін істеп, бізді қайта-қайта ортаға қарай тартты. Жан алқымға келген сәтте адам баласы ажалдың қаншалықты жақын тұрғанын сезеді екен.
Сол кезде құтқарушының бізге қарай асығып келе жатқанын білмедік. Ол – Батканың әжесі еді. Бір қызығы, сол сәтте Зібира әжеміз екі шелегін иінағашына іліп алып, арыққа қарай бет алған екен.
Біздің дауысымызды естігенде арық жаққа көз тастаған ғой.
Сөйтсе…
Екі балапан су ортасында бір батып, бір шығып, әлек болып жатыр. Әжеміз шелегін иінағашымен қоса лақтырып тастап, бізге қарай жанұшыра жүгірген. Қайтсін, немересінің суға батып бара жатқанын көрген соң, жанын қоярға жер таппай ышқына ұмтылған ғой, жарықтық.
Екеуміздің қолымыздан кезек-кезек ұстап, тартып-тартып жүріп, жағаға алып шықты. Сол сәтте Зібира әжеміздің созған қолы бізді үлкен қауіптен құтқарып қалған еді.
Жағаға шыққан соң біраз уақыт үнсіз қалдық.
Киім су. Денеміз қалтырап, жүрек әлі де дүрсілдеп тұр. Бір-бірімізге қарап қоямыз. Әлгінде ғана кімнің қайығы озды деп таласып отырған екеуміз енді аман қалғанымызға қуанып отырмыз.
Сол жерде бір-бірімізге қараған түрімізді қазір ойлап, еске алсам, күлкім келеді. Бірақ ол кезде күлкіні ойлауға мұрша жоқ. Екеуміз де біразға дейін естен танып қалғандай мәңгіріп үнсіз отырдық. Әлгі арыққа қайта қарадық. Су ештеңе болмағандай өз арнасымен ағып жатыр.
…Жылдар өтіп жатты. Біз есейдік. Балалық шақтың талай қызығы артта қалды. Ауыл келбеті де өзгерді, сол кездегі балалар да ер жетіп азамат болды. Кеше ғана ойын қуып жүргендер бүгінде үлкен өмірдің жауапкершілігіне араласты. Алайда кейбір естелік ешқашан қартаймайды екен. Қайта-қайта айтқан сайын жаңаратындай. Батырхан екеуміздің жолымыз кейін қайтадан бір арнаға түсті.
Бір кезде бір арықтың жағасында қамыс қайықты қуып, суға құлап жүрген екі бала бүгінде бір ұжымдамыз. Кейде жұмыс арасында балалық шақтағы қызықтарды айта отырып, сол бір оқиға ойымызға оралады.
«Зібира әжеміз дер кезінде көмекке келмегенде қайтер едік?
Ол жағы беймәлім…
Төребек ТӨРЕМҰРАТОВ,
Арал ауданы, Құмбазар ауылы.

21 қыркүйек 2026 ж. 47 0