Азан шақырып ат қоюдың мәні қандай?
Қазақ халқында көненің көзіндей болып сақталып келе жатқан дәстүрлер бар. Біз оның көбін білсек те орындамай жататынмыз жасырын емес. Соның бірі – азан шақырып ат қою. Қазір көбіміз балаға құжат жүзінде есім берсек те, оның атын азан шақырып қойып жатпаймыз. Ал әр дәстүрдің астарына терең мағына сыйғызған халқымыздың бұл әдебінің де мәні терең.
Жуырда ата-анамның алғашқы немересі өмірге келді. Бала аман-есен өмірге келген соң қандай есім қоямыз деген тақырыпты көп талқыладық. Сіңілім заманауи есімдерді ұсынды. Әкем қазақша көне есім болғанын қалады. Не керек, екі күн кеңесіп «Кәусар» деп қойдық. Жақында отбасылық чатқа келін әкемнің үлкен ағасы мен жеңгесінің үйге арнайы келіп балаға азан шақырып ат қойып жатқан бейнежазбасын жіберіпті. Ол кісілер жетпіске жақындаған жасы бар, біз ес біле бастағаннан сәждеге бас қойған еді. Содан баланың атын азан шақырып қою керек екендігін білсем де, сол жоралғыны өзімнің 3 балама да жасамағаным есіме түсті. Ол кезде мән бермедік пе? Сонан соң оның түпкі мағынасын іздестіре бастадым.
Сәби болашақта сыйлы, құрметті, үлкен азамат болсын деген ниетпен ырым етіп, ата-анасы жасы үлкен, сыйлы адамға қолқа салады. Жақын-жұрағат жиналып ат қоятын адам сәбиді қолына алып, «Аллаһу әкбар» деп азан шақырып, сәбидің оң құлағына есімін үш рет қайталап айтады. Бұл баланың есінде сол есім қалсын, құлағына сіңсін деген ниетпен жасалады. Сондықтан азан шақырып, ат қою қазақ халқының мұсылмандық жоралғысының қалыпты қағидаларының бірі болған.
Әкесі өзі азан шақыра алмайтын болса, имам-молдаларды шақырып, баланың басын құбылаға қаратып, оң құлағына аят жолын айтып, «мұның аты пәленше ..., сенің атың пәленше ...» деп, үш мәрте айқайлап айтатын болған. Рәсім аяқталған соң дұға оқылып, қатысқан туысқандары нәрестеге, оның ата-анасы мен туысқандарына ақ тілегін айтып, үлкендер батасын берген. Жиналғандардың ішінен біреуі қазанның құлағын даңғырлата қағып, балаға қойылған атты үш рет қайталап, жұртқа жария ететін болған. Ат қоюшы ата-ананың қалауымен сәбидің бетін ашып, көпшілікке көрсетеді. Бұл аты қойылған баланың елімен алғашқы жүздесуі деп есептелген. Әрбір іс-амалын асыл дінмен ¬астастыра білген халқымыздың тілінде «азан шақырып қойған аты» деген тіркес осындайдан қалса керек.
Ислам шариғаты бойынша да туылған баланың құлағына азан шақырып ат қою – сүннет. Бұл орайда дін өкілдері: «Шариғат бойынша нәрестенің оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтылады. Ислам шариғатында жаңа туылған баланың құлағына азан шақырудың мән-мағынасы – оның бойына иман сөзін жастайынан сіңіру. Өйткені азан мәтінінде адам баласының Алла тағалаға деген сенімі мен мұсылмандығын айғақтайтын куәлік сөздер қамтылған. Нәрестенің құлағына айтылған сөздер оның жүрегіне жетіп, иманды ұрпақ болып өседі.
Бала дүниеге келгенде әр отбасы оған жарасымды әрі әдемі есім беруге тырысады. Кейбірі заманына сай, ел арасында кең таралған, заманауи есімдерді қойып жатса, үлкендер ата-бабаларының, ұлы тұлғалардың есімін, енді бірі ежелгі есімдерді қояды. Көбіне қазақтар ырымдап ат қойған. Мысалы, ертеректе бала туысымен ең алғаш кездескен кісінің атын қою дәстүрі болған. Мұны жақсы ырымға балаған. Сәбиге көз тимесін, өмірі ұзақ болсын деген мақсатпен мағынасы ерсі немесе сиықсыз есімдерді қойған.
Қалай болғанда да есімсіз адам болмайды. Кез келген жанға бұйырған аты беріледі. Ең бастысы – адам деген атқа, үлкен үміт, ақ ниетпен қойылған есімге кір келтірмеу. Сонымен қатар азан шақырып, ат қоюдың да мәнін жоғалтпағанымыз жөн.
Н. БАҚЫРАН