Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қатты қиналғанда мына дұғаларды оқыңыз!

Қатты қиналғанда мына дұғаларды оқыңыз!

  mazhab.kz اللَّهُمَّ إِنِّي أَعُوذُ بِكَ مِنَ الْهَمِّ وَالْحَزَنِ وَ الْعَجْزِ وَالْكَسَلِ وَالْجُبْنِ وَالْبُخْلِ وَغَلَبَةِ الدَّيْنِ وَقَهْرِ الرِّجَالِ
Аллаһуммә инни ә‘уузу бикә минәл-һәмми уәл-хазәни уәл-‘ажзи уәл кәсәли уәл-жубни уәл-бухли уә ғаләбәтид-дәйни уә қаһри-рижәәли.
Мағынасы: Уа, Аллаһым, мені уайым жеуден, қайғы-қасіреттен, дәрменсіздіктен, жалқаулықтан, қорқақтықтан, сараңдықтан, қарызға белшеден батудан және адамдардың зорлық-зомбылығынан сақтай гөр!
Белгілі сахаба Әбу Саид әл-Худри (р.а.) аталмыш дұғаға қатысты мына бір оқиғаны әңгімелеген:
Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) намаздан тыс уақытта мешітке кіргенінде ансарлық Әбу Үмәмә атты бір кісінің отырғанын көріп:
«Әй, Әбу Үмәмә! Намаздан тыс уақытта мешітте не істеп отырсың?» − деп сұрайды.
Ол:
«Уа, Алланың елшісі! Қарызға белшеден батып, қатты қиналып отырмын», − деп жауап берді.
Сонда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оған:
«Саған оқығаныңда уайым-қайғыңды сейілтіп, қарыздарыңнан Алланың Өзі құтқаратын бір дұға үйретейін бе?» − дегенде, Әбу Үмәмә (р.а.):
«Әлбетте, уа, Алланың елшісі!» − дейді. Сонда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оған осы дұғаны үйретіп:
«Бұл дұғаны таңертең және кешке үзбей оқып тұрғын», − дейді. Кейіннен Әбу Үмәмә: «Мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бұйырғанын бұлжытпай орындап жүрдім. Соңында Алла Тағала менің барлық уайым-қайғымды сейілтіп, қарыздарымнан да толық құтылдым», − деген болатын (Сунәну Әби Дәууд, Китәбу ас-саләәт 1330).
Дұғаның тез қабыл болуы үшін...
Әнас ибн Мәліктің (р.а.) жеткізуі бойынша бір күні Алла елшісінің (с.ғ.с) жанында отырғанда дұға жасап отырған бір адамды көреді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сонда Әнастан:
«Әлгі кісінің не деп дұға жасағанын және неге байланысты дұға жасап жатқанын білесің бе? – деп сұрайды да артынша сұраққа өзі жауап беріп былай дейді:
«Ол еткен дұғасы сол сәтте қабыл болатындай етіп Оның ең маңызды есімдерін атап, Аллаға жалбарынуда, Алладан сұрауда».
Әлгі дұғаның оқылуы былай болады:
يَا بَدِيعَ السَّمَوَاتِ وَ الْأرْضِ يَا حَىُّ يَا قَيُّومُ إِنِّى أَسْأَلُكَ
«Йә бадиғас самауати уал ард йа хаййу йа қаййум инни әсалукә».
Мағынасы:
«Уа, Раббым! Аспан мен жерді жаратқан, мәңгі тірі, зиянсыз Жаратушы Ием өзіңнен сұраймын» (Бұхари, Әдәбул-муфрад, 195).
Сонымен қатар, дұға етерден бұрын «Қамар» сүресінің 55-аятында кездесетін
Алла Тағаланың екі есімін атау маңызды. Олар: «Мәлік» және «Муқтадир» есімдері. Құран тәпсіршісі Махмуд Алуси осы екі көркем есімнің дұға еткенде маңызды екенін айтады. Мәлік – ұлы басқарушы, Муқтадир – шексіз күш иесі деген мағынаны білдіреді. Олар мыналар:
يَا مَلِيكُ يَا مُقْتَدِرُ
«Йа, Мәлику, йа, Муқтадир» дегеннен соң ары қарай өз мұқтаждықтарын сұрап, дұға жасай береді.

18 қараша 2019 ж. 1 635 0