Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Рия деген не?

Рия деген не?

Рия мәселесі ең өзекті тақырып, білімі бар кісі рияның кесапаты туралы анық біледі. Рияға көзге түсуге тырысу, құлшылықтарды көзбояушылық үшін, біреудің мақтауы, дәріптеуі үшін орындау сияқты жеккөрінішті амалдар жатады деп хабарлайды alashainasy.kz.
Пайғамбарымыз (ﷺ): «Мен қатты қорқатын күнәлардың ішіндегісі ол – рия» деген. Имам Ғазали күнәларды үшке бөлген: сараңдық, көреалмаушылық және рия. Өйткені, рия жасау кіші ширк болып табылады. Пайғамбарымыздың (ﷺ) рияға байланысты көптеген ескертулері бар. Солардың бірінде былай дейді: «Менің үмбетімнің ширкке, яғни Аллаға серік қосуға түсіп кетуінен қатты қорқамын, өйткені олар пұтқа табынбайды, күнге, айға, тасқа да табынбайды, бірақ істерін жұртқа көрсету үшін жасайды, Алла үшін жасамайды».
Атақты ғалымдардың бірі Харис Әл Мухасиби рияны былай суреттейді: «Рия – құлдың Аллаға мойынсұнып құлшылық жасап жатқанында басқа құлдарға ұнағысы келуі». Басқаша айтқанда рия құлдың құлшылық жасаған кезде Алладан басқаға көңіл қоюы. Сондықтан, рия Алла Тағалаға құлшылық жасап жатқан болып көрінсе де, негізінде Алланың жаратқан құлдарының мақтауы мен марапатына ие болуды көздеу. Ғибадаттарын әдейі көрсетіп, адамдарға жақсы көріну.
Рияның 3 түрі бар: ашық рия, яғни көрсету үшін істелген амал, естірту үшін істелген әрекет және жасырын рия. Ашық рия көзге көрсету, яғни мақтанып, жұртқа жақсы көріну үшін жасалады. Оқыған намазы, берген садақасын мақтан тұтып, баршаға жар салып жүреді. Екінші амал, естірту арқылы болатын рияға мысал ретінде, өтіп кеткен оқиғаны мақтан ете айтуды айтамыз. Қажылық сапарға барғанды мақтан етіп, баршаға жар салу, әке-шешесіне істеген қайырымдылығын өзгелерге мақтан тұтып айту және т.с.с. «Амалдарың босқа кетпеуі үшін, оған рия араластырмаңдар» деген Дәйлами. Ал, жасырын рия деген жүректе жоқ екен, ол жүрекке бір келіп, бір кетіп отырады. Мысалы, намаз оқып отырып, адам осы оқыған намазымды біреу көрсе екен деп ойламайды. Бірақ, көріп қойса көңілде оқыған намазымды көрді ғой деген сезім пайда болады, өкініш сезімі емес, мақтаныш сезімі. Сол ой рия еткен болып табылады. Көңілде болған, ойға келген кішкене ғана нәрсе рияға жетелейді. «Мал-мүлкін риямен ел-жұртқа көз қылып көрсету үшін жұмсап, Аллаға һәм ақирет күніне иланбайтындарды да Алла жақсы көрмейді. Кімде-кім шайтанды жақын жолдас тұтса, ол қандай жаман жолдас еді десеңші!» («Ниса» сүресі, 38-аят). Рия жасауға түрткі болатын түрлі себептер бар. Оларды былай тізбектеуге болады:
1. Иманның әлсіздігі.
2. Мақтаншақтық.
3. Абыройлы болуға құмарту.
4. Басқаларды көреалмаушылық.
Сәлаф ғалымдарымыз өз-өзіне «сен тәкаппарсың» деп айтып, өз нәпсісін тыйып жүруге тырысқан. Әбу Бакр Ханзәлә деген ғалымға жолығып: «Ей, Ханзәлә қалай жағдайың?» десе, Ханзәла: «Жаман, Ханзәлә мұнафиқ болды» деген екен. «Астағфируллаһ, қалай сонда?» деп, Әбу Бакр таң қалып, түсінбей қалады. Сонда ол: «Өзің ойлашы, пайғамбардың жанында отырсам, оң жағымда жәннат, сол жағымда тозақ бар секілді, мықты сезімде отырамын. Пайғамбардың жанынан кетіп, уйге отбасыма барсам, бала-шағаға алданып, солардың қызығына кіріп кетемін» дейді.
Малик ибн Динар деген ұлы кісінің басынан бір жағдай өтеді. Мешітте сабақ беріп, шығып келе жатқанда бір кісі жолығып, «Ей, мураъи, қалайсың, қалай жағдайың?» депті. «Мураъи» деген - көзбе-көр, яғни риякер деген сөз. Әлгі кісі бірнеше рет солай қайталапты. Сонда өте сабырлылық танытқан Малик ибн Динар әлгі кісіге қарап: «Иә, мен сол риякермін, осы Басра халқы білмеген нәрсені саған кім айтты екен?» деп сұраған екен. Бұл жерде ғалым, расында риякер болғандықтан емес, өзіне-өзі солай айтып, нәпсісін жеңіп отырған. Осы екі оқиғадан ғибрат алар болсақ, адам өз бойындағы тәкаппарлықты жеңбесе, риякерлікке жол ашылады немесе рия ететін амалдар тәкаппарлыққа алып барады. Ал, тәкаппарлық тек бір Жаратушыға ғана тән сипат.
Абдуллаһ ибн Амр ибн Ас (р.а.) Пайғамбарымыздың (ﷺ) былай деп айтқандығын жеткізеді: «Кімде-кім амалын риямен жасаса, Аллла Тағала оған солай қарайды». Алла Тағала «Кәһф» сүресінің 110-аятында, «Ендеше, кімде-кім Раббысымен қауышуды үміт етіп, қаласа, игі істер істесін һәм Раббысына жасаған құлшылығында оған ешкімді (және еш нәрсені) серік етіп қоспасын», – деп бұйырады. Бұл аятта құлдың Раббына құлшылығында Аллаға ортақ қосудың мағынасыздығы көрсетіліп, ғибадатта Алла разылығы емес, ықылас пен шынайылықтың болмауы; рия, көзбояушылық секілді сезімдердің қайта керексіз екендігіне кесім айтылған.
Имран ибн Хусайн адамзаттың Ардақтысының (ﷺ) хадистерінің бірін баяндап былай дейді: «Шын мәнінде сендер үшін қорқатын нәрселерімнің ішіндегі ең қорқыныштысы – сендер кіші ширк жасап қоя ма деп алаңдауым». Сонда адамдар оның не екенін сұрағанда: «Бір істі көзге көріну үшін жасау», - деп жауап берген. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Кішкентай ширктен сақтаныңдар!» – деп ескерте келе, «кіші ширктің» не екенін сұраған сахабарына, пайғамбарымыз (ﷺ): «Ол – рия», – деп жауап береді.
«Олар нендей бір іс істеген болса, рас оны қолға алып, шашылған тозаңға айналдырамыз» («Фұрқан» сүресі, 23 аят) – деген Алла Тағала өз кітабында. Олай болса, амалдарымызды көзбояушылықпен емес, Алланың разылығын алу мақсатында істейік. Көңілдегі мақтаныш сезімі мен нәпсіге ерік бермеу қажет. Алланың жарылқауымен біздер мұсылман болып дүниеге келдік. Осыған шүкір етіп, Алланың бұйрықтарын риясыз орындап, сүннет амалдарды сауаб үшін жасайық, бауырлар. Алла Тағала баршамызға амалдарымызды риясыз ететін иман беріп, елімізді тыныш, халқымызды бір-біріне бауырмал еткей!




25 қараша 2019 ж. 1 242 0