Қаламмен жазғанды жақсы көремін, сіз ше?
massaget.kz Психологтар алдына келген адамдардың жазған күнделігіне зер сала отырып, клавиатурамен теріп жазғандарға қарағанда, қағазға қаламмен жазғандардың ойын жинақтауы, сөз саптауы әлдеқайда жақсы болатынын аңғарған. Қолмен жазу машығын дамытсаңыз, оның басқа да пайдасы көп.
Клавиатурамен теруге қарағанда, қаламмен жазсақ, жазған ақпаратымыз есте жақсы сақталады. Қолмен жазғанда мидың торлы белсенді жүйесінің аймағы жақсы жұмыс істейді, ол артық ақпаратты екшеп, тек қажетті ақпаратты сіңіруге ат салысады. Қағазға қаламмен не қарындашпен әріпті жазған кезде бар ойымыз жазып жатқан мәтінде болады. Себебі әр әріпті жазғанда миымыз соның дұрыс жазылуына шоғырланып отырады, ал клавиатурамен тергенде жай ғана пернені басамыз, мұнда қандай сөз жазғанымызды ми аса қабылдай қоймайды.
Сөз саптауымыз жақсарады. Көптеген жазушылар бүкіл романын қаламмен жазып шыққан, содан кейін ғана клавиатурамен терген. Мектеп оқушылары да эссені компьютерде теруге қарағанда, қолмен жазса экспрессивті-эмоционалды сөздерді, теңеулер мен метафораларды көбірек қолданып жазатыны анықталған.
Ойымызды жинақтау жеңілдейді. Компьютермен жұмыс істеу сенсорлық жүйеге ғана салмақ түсіреді. Экранға үңілу, тінтуір меңзерінің қозғалысы, кез келген ақпарат бір пернені басқанда оңай табылуы – осының барлығы шығармашылық қабілетті мұқалтады. Керісінше, қолыңызда тек қалам мен қағаздан басқа түк жоқ болса, ойыңыз ештеңеге алаңдамай, ой түбінде жатқан асыл сөзді тереңнен толғап, сыртқа шығарасыз.
Күйзелістен арыламыз. Өз ойын, уайымын қағазға түсіру адамды біраз жеңілдетіп тастайды. Көптеген психологтың әлдекімге ренжісеңіз, әлденеге көңіліңіз толмаса, барлығын қағазға жазып, кейін жыртып тастаңыз не өртеп жіберіңіз деп кеңес беруі тегін емес. Шынында мазалаған барлық ой сонымен бірге кетіп қалғандай әсер қалдырады. Ал арман-мақсаттарыңыз қағаз бетінде жазулы тұрса, оған жетуге деген талпынысыңыз да арта түседі.
Миымыз жасарады. Жазу кезінде мидың ойлану, тіл және жұмыс жады секілді түрлі аймағы оянады. Жиі-жиі қолмен жазсаңыз, уақыт өткен сайын миыңыз шыныға түседі. Психологтар жазу машығы мен когнитивтік қабілеттің тығыз байланысты екенін әлдеқашан дәлелдеген.