ТӨЛЕ БИ ТАҢДАҒАН КЕЛІН
kazakh-tv.kz Атақты Төле би: – Балама әйелді өзім таңдап алып беремін. Байдың байлығына қызықпаймын, бидің билігіне қызықпаймын. "Асыл пышақ қап түбінде жатпайды" деген. Келінім ақылды болса, балам дана болады. Ердің бақыты – әйел деген. Ел сыйлайтын ерді ақылдылықпен адам етіп тәрбиелейтін әйел, кең жайылған дастарханымен ердің атын шығаратын да әйел. Малына, байлығына қызығып, ешкімге құда болмаймын. Келінді асықпай ел арасынан өзім іздеймін. Бұйрық болып, кездессе көрермін. Ырыс, бақыт та, қызыр да әйелде. Әйел қызырлы болса, үйіңнен жақсы адам кетпейді. Мысалы, берекелі үйге кім келмейді? Жақсы әйелдің арқасында ердің даңқы кетеді. "Би бол, би болмасаң би түсетін үй бол" деген. Би түскендей үй болу – әйелден. Ол әйелді халық та жақсы көреді, кембағал, қайыршы да жақсы көреді. Жақсы кісіні жұрт жек көре ме? Әйелі жақсы болмай ер оңбайды. Ердің бақытын кетіретін де әйел, ерге бақыт әперетін де әйел.
Осындай ой құшағында жүрген Төле биге Түрікмен елінен елші келіп:
– Бір жылдан бері бітпей жатқан дауымыз бар еді, соған билік жасаңыз,– деп шақырады. Жер шалғай болса да Төле би Түрікмен еліне барып, дауласқан екі жақты татуластырып қайтады. Аттары болдырып, шөлдеп-шөліркеп келе жатқан жолаушылардың алдынан бір топ атты қыз-келіншек көрінеді. Ол топтың ішінде Данагүл дейтін кедейдің қызы да бар еді. Жалғыз көк шолақ атына мініп, байдың қыздарымен тойдан қайтқан беті еді деседі.
– Әй, апайлар, тоқтаңыздар, аттарыңыздың басын тартыңыздар. Жоғары жақтан бірқатар аттылар келе жатыр, алдынан кесе-көлденең өтпейік. Үлкендердің алдынан кесіп өту дұрыс болмайды. Олар ел қорғайтұғын, жер қорғайтұғын ерлер. Кім біліпті, араларында ақылы асқан ақылды, данышпан қариялары бар шығар, ашулы, арынды батырлары бар шығар. "Ер сыйлаған есікте қалмас" деген. Әлі-ақ бәрімізде бір-бір үйдің иесі боламыз. Шарапат-жақсылығы тиер, үлкен кісілердің батасын алып, алғысына бөленейік. Апалар, аттарыңыздың басын тартыңыздар, тосып тұралық. Атты кісілер алдымыздан кесіп өтсін. Сонан соң жүрсек те ауылымызға жетерміз,– деді Данагүл. Қызыл-жасыл киген қыздар жол кеспей иіріліп тұрып қалды. Топ алдындағы Төле би мұны алыстан көріп, байқап келе жатады. Қызыл-жасыл киінген қыздардың деңгейіне жетіп, алдарынан өтіп, ат ала кел дерліктей жерге ұзап кеткен соң, қасындағы жолдастарының біреуіне:
– Анау алдымызды кеспей кейіндеп қалған балаларды шақырып келші,– деді. Ол шауып барып, қыздарды шақырып келді. Жақындай бергенде Данагүл атынан түсіп жаяулап:
– Апалар, бәріңіз де аттан түсіңіздер. Жаяу барып сәлем берейік. Үлкен кісілерге атпен тасыраңдап жетіп барып сәлем бергеніміз ұят. Бұл кісілер ешуақытта да кездеспейтін кісілер. Жолымыз болады екен,– деді. Барлық қыз аттан түсті. Жаяу жүріп келіп, бәрі басын иіп, сәлем берді. Төле би:
– Қарақтарым, өркендерің өссін, бақытты болыңдар. Қай ауылдың баласысыңдар, – дейді қуанып.
– Сыйқым ауылының баласы едік.
– Сендер алыстан бізді көріп, тосып тұрдыңдар. Әлдеқашан өтіп кететін уақыттарың болып еді. Не себептен тостыңдар соны айтыңдар? Қыздар жауап таба алмай Данагүлге қарады. Ол: – Аталар, біз сіздерді алыстан көріп, аталарымыз бен ағаларымыз шығар. Араларында ер бастаған батыр бар шығар, сол ерге ақыл айтқан ақсақалы бар шығар. Әкеміздей үлкен, қызырлы адамы бар шығар деп алдарыңыздан өтпей тосып тұрдық. Үлкен кісілердің батасын алалық, жақсыны көрмек үшін, көрмеген аталарымыз, ағаларымыз болса көрелік. Аты-жөнін білейік деп тосып тұрдық,– деді.
– Қарағым, балам, атың кім?–деді Төле би.
– Атым Данагүл, ата.
– Әкеңнің аты кім?
– Әкемнің аты Алакөз.
– Жақсы, шырақтарым, өркендерің өссін, құдай тілеулеріңді берсін. Жарайды енді, аттарыңа мініңдер,– деп Төле би батасын беріп жүріп кетті.
– Тарт Сыйқым ауылына,– дейді былай шыға бере жолдастарына. Сыйқым ауылына жақындап келгенде бір серігін шаптырды. – Бар Алакөзге, ауқатты адам ба екен, нашар адам ба екен? Қандай адам екен? Хал-жайын біліп, біз жеткенше қайта орал,– дейді. Шапқыншы бәрін біліп қайта оралды.
– Ой, биеке, Алакөз деген кедей адам екен. Байдың жылқышысы көрінеді.
– Үйі қайсысы?
– Үйі анау шетте тұрған қараша үй.
– Жүр, мені ертіп барғын,– дейді. Шапқыншы ертіп барды. Алакөздің үйі қырық жамау, тесік-тесік, ішінен қараса сырты көрінетін қараша үй.
– Алакөз қайда?
– Анау құдық басында мал суғарып жүр.
– Шақырып кел. Орта жастағы әйел шапқыншыға шидің ішінен бір тостаған айран ұсынды. Шөлдеп келген адам айранды тұшына жұтып, басын көтере бергенде, үйге ұзын бойлы отыз бес-қырықтың ар жақ, бері жағындағы жігіт ағасы кіріп келді.
– Ассалаумағалейкум!
– Уағалейкумсалам! Иә, Алакөз деген сіз боласыз ба?
– Мен боламын.
– Сен болсаң, ауылыңа мейман келді. Төле биді білесіз бе?
– Ойбай, білмегенде ше? Оныңыз не дегеніңіз? Төкеңді кім білмейді. Ол кісіні бүкіл қазақ түгілі өзбек, қырғыз, қарақалпақ, түркімен түгел біледі емес пе?
– Ал енді сол Төкең мына Түрікмен жақтан келе жатыр еді. Бүгін сенің үйіңе қонақ болады. Қонақты қарсы алуға жағдайың бар ма, батыр?
– Ойбай, бар жағдайым. Ол кісіні құдай айдап біздікіне келсе, одан артық бақыт бар ма? Байларға бармай, біздікіне келгеніне мың мәрте шүкіршілік етеміз.
– Ал, қатын, қамдан. Байдан бір мал сұрап әкелейін. Шапқыншы қайта шауып кетті. Алакөз де атына мінді. Келін сәлем беріп, Төле биді серіктерімен үйіне әкеп түсіреді. Алаша, киіз жетпеген жерге қамыс төседі. Үй кісіге толды. Жалғыз сиырының айранына суды қосып жіберіп шалап жасап, бір-бір тостағыннан сусын ұсынды. Біреулерді жүгіртіп, байлардың үйінен самауыр, қарызға нан алдырды. Ауыл хабарланып, жиналып қалды. «Ой, Алакөздің үйіне Төле би келіп түсті. Қасында бір топ жолдасы бар» деген хабар байға да жетті. Домаланып ол да келді. Келіп, «О, Төке» деп сәлем беріп шұрылдасып жатыр.
– Төке, біздің үйге неге түспедіңіз? Мынау балаңызды ұялтқаныңыз қалай?
– Халқым үшін мен Төле би болып тұрып байға ғана, барға ғана түсіп, кедейлерді есіме алмасам, онда әділет бола ма? Байға жақ боп кедейдің ақысын жібермесем, онда жұрт әділетті деп айтар ма еді?! Мейірімім түсіп мына Алакөздің үйіне қонақ болғым келді. Ал енді бәрің бірдей ағайынсыңдар ғой, құрметтерің болса істей беріңдер. Лездің ішінде-ақ киіз де келіп қалды, текемет те, жастық та келіп қалды. Алакөздің үйінде жоқ болғанымен елде бар. Мал сойылып, ауыл адамдарының бірсыпырасы жиналып, әңгіме тыңдап, Төкеңмен бірге отырды. Бір кезде Төле би сыртта жүрген Алакөзді шақырып алды.
– Алакөзім, балаң бар ма? Қанша балаң бар?
– Уа, би аға, менің балам емес, Құдайдың баласы деп айтайын, бір қыз балам бар.
– Осы үйде жүрген келіннен бе?
– Иә, осы келініңізден. – Мм... Жақсы екен. Келін қай елдің баласы еді?
– О, би аға, келініңіз мынау қожа атамның тұқымы еді. Тектұрмас деген әулиенің әулетінен.
– Ә, жақсы екен. Жарайды, келінім. Балам, әлгі қызыңды, Данагүлді шақырып кел. Үлкен кісілердің әңгімесін есітіп отырсын. Бала ғой... Данагүл көрші ауылда қыздармен отыр еді. «Әкең шақырып жатыр» деп бір келіншек барып, шақырып келді.
– Атаңменен амандас,– деді оған шешесі ақыл айтып.
– Ол кісілерді мен көргенмін. Бағана күндіз сәлем бергенмін. Мені таниды,– деді Данагүл. Бір кезде тамақ пісті. Төле бидің алдына бата сұрап бас келді.
– Әлгі Данагүл баламды шақыршы. Табаққа бата беріп болғаннан кейін жерде Төле би басты қасқалап пышақпен кесті де, бір ұртын өзі аузына салды. Бір құлағы мен таңдайын алып:
– Қарағым, Данагүл, келші өз қолымнан ұсынайын. Құлақ бергенім – екімнің бірі бол! Таңдай бергенім – айттырмай біліп, құпия, жұмбақ сырымды шешіп, өсиетімді жұртқа жайып жүретін балам бол, міне, – деп ұсынды. Данагүл келіп еңкейіп, қолына алып:
– Рахмет, ата. Айтқаныңыз қабыл болсын, – деді басын иіп. Жолаушылар қонақ болып жатты. Таң атты. Шай ішіп отырғанда, жұртқа Төле би:
– Оу, жігіттер, мына Алакөз мырзамен құда болғым келіп отыр. Данагүл балама мейірімім түсті. Бұйрық болса, бала етіп алсам деп отырмын. Мен де кедей адаммын. Алакөз де кедей адам. Қоралап айдап беретін малым жоқ. Сондықтан мұныкі менікі, менікі мұныкі. Екеумізге екі бала ортақ. Ниетім қалыс. Қабыл көрсең, Алакөз қарағым, тапқанымыз екі баланыкі, – дейді. Алакөз әйелі екеуі орнынан ұшып тұрегеп, жылап қоя берді.
– Би аға, бүйтіп дүниеге келіп, бізге бала бітіп, ол баламызға сіз секілді адамның мейірі түсіп, үйімізге келіп құда болады, қызырға ие боламыз деген жоқ едік. Би аға, өле-өлгенше баламыз сіздікі. Ерлі-байлы екеуміздің мал-жанымыз да осы баланың жолында. Сіздің бізді елегеніңізге, осынша мейірбаншылықпен бізге мейіріңіздің түскеніне ризамыз. «Рас па, өтірік пе» деп келініңіз екеуміз қуаныштан жарылып кете жаздап тұрмыз.
– Ал ендеше олай болса, мінеки, бабам Бәйдібектің батасы болсын, әумин. Қолынды жәй: «Ақылды, абыройлы, мейірлі, рақымды, кішіпейіл, киелі, айтқаны әділ, тілегі қабыл, өмір жасы ұзақ, халқына қадірлі, жұртына сүйкімді, әке-шеше, туыс-туғанына жағымды, арты үбірлі-шүбірлі, алды қоқырлы, нәсіпті болсін. Аллауәкпар!» – деп бата береді. Арада ай өтпей Төле би Данагүлді ауылына келін етіп түсірді. Келіні өзінің ойынан шығып, күткендегідей болды.
– Балам, Данагүлім, өзімнің ұлым қандай болса, сондай болып жүре бер. Атаға көрінбей қашып кетуді қой. Ол ескірген әдет. Мен болсам, халық үшін жүрген адаммын. Көбінесе түзде жүремін. Үйдің, ауыл-абанның, бәрінің ақылшысы өзің бол, шырағым. Шаруаны да өзің басқар. Тізгін-шылбырды қолыңа ал,– деп келінін баласындай көріп, титтей нәрсе болса, ақылдасып отыратын болады. Бір жақтан жолаушылап келсе үлкен кісідей келініне көрген-білгенін айтып, сұрақ қоя сынап, ауылдағы шаруаның жайын әңгімелетіп, үнсіз тыңдап отырады екен. Көп ұзамай-ақ келіні ел аузына ілікті.
– О, Төкең тегін кісі емес қой. Келінді тауып алды. Шүкірлік, келіні ауыл-аймақ, туғанға түгел ақыл беруге жарайды,—десті жұрт. Төкең сыртта алты алашқа билік айтса, қара домалақ келіні ауылдағы ағайын-туғанға билік етті.
«Қазақстанда медиацияны дамытудың кейбір сұрақтары» кітабынан алынды