Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Көктеммен бірге оянатын кеміргіш

Көктеммен бірге оянатын кеміргіш

…Бүгінгі Поволжье, Ресей, Орта Азия, Өзбекстан, Түркіменстан, Ауғанстан, Иран, Қазақстанның құмдауыт пен тақыр жерлерін мекендейтін, ұсақ кеміргіштер тобына жататын, қорқу дегеннің не екенін білмейтін өжет әрі өте сақ тышқанның балпақ деген түрі болады. Өзі үш-төрт жылдан артық өмір сүрмейді. Жыныстық зеректігі өмірінің екінші-үшінші жылы ғана кемеліне келіп, толыса бастайды. Отызға тарта шөптің түрімен қоректеніп, үнемі өсімдік тамырынан ылғал соратындықтан, суға да аса құмар емес. Оның аса бағалы жон терісі сәуір айының ортасына қарай түлеп, күн көзіне шағылысып қып-қызыл болып, жанардың жауын алып құлпыра түседі. Бір қызығы, әлгі мақұлық жыл он екі ай тіршілігінің тоғыз айға жуығын жер астында, қалың ұйқының құшағында өткізеді. Құм шыжғырған шілде айының ішінде әуелгі жазғы ұйқыға кеткеннен күздік, қыстық ұйқысын қандырып, қыс күрмелер күні, яғни 13 наурызда бір-ақ оянады. Соған қарағанда, жыл мезгілінің ауысуына байланысты табиғатта болып жататын ерекше өзгерістерді бірінші осы тышқан тұқымы сезетін болса керек. Қысқы ұйқыдан алдымен еркегі, сосын ұрғашысы, соңынан барып балпанақтары тұрады. Сөйтіп, сол күні табиғаттың қандай мінез танытып тұрғанына қарамастан, қыстай жатқан індерінің аузын, ішін толайым тазалап алып, бір-бірімен кісі сияқты көріседі. Егер күн рай жылы болса, сол сәттен бастап тіршілігін жалғастырады. Ал ауаның әлі де болса қытымыр екенін байқаса, балпақ қалыпты әдетімен күн жылынғанша қайтадан көз шырымын алуға кіріседі. Сол балпақтың әлгі ғажайып әрекеті жыл басы Наурыз келгенде ауыл-үйдің айналасын тазартып, кірқоңдарын жуып, киім-кешектерін қайта жаңартып киетін дала халқының тіршілігіне қатты ұқсайды. Олардың жылдағы осы әдетінен бір танбайтынын білетін және табиғи құбылыстарды қалт жібермей үнемі бақылап жүретін ескерімді ақсақалдар балпақ іннен шыққан күнді жыл басы дейтін. Бұған байланысты халық жады да көп нәрсе сақтаған. Ел арасында «байдың ұлы балпанақ» деген сөз қалған. Бұл әлгі тышқан тұқымдастың май басқан, толық, балпиған, қобалақ болмысына сүйсініп айтылған теңеу болса керек. Кешегі аштық зұлматы құрық салған жылдары адамдар балпақтың етін жеп жан сақтаған. Кіші жүз қазақтары арасында айтылатын «Төртқара, балпағыңды жеп қара» деген қағытпа сөз соның белгісі. Қазір ұмытыла бастағанымен, бұрын қазақ тұрмысында балпаққа қатысты атау, есім тергеу, ойын түрлері де жиі кездесетін. Тоғыз ай мен бір жастың арасындағы топ-толық, дені сау перзентін кеміргіш тұқымдасының баласының атымен «балпанақтай» деп еркелететін қазақ оның ерекше қасиетін ежелден білсе керек. Қазақ балалар фольклорында «Бала, бала – балпақ, басың неге жалпақ?» деген әзіл аралас жыр жолдары да кездеседі. Жалайырдың атақты биі, көсем, әрі әулиесінің есімі Балпық болуында да бір табиғи үйлесімділік пен заңдылықтың болу мүмкін…
Берік ЖҮСІПОВ,
фольклортанушы «Балпақ іннен шыққан күн» мақаласынан
15 наурыз 2020 ж. 1 323 0