Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Киелі теке немесе сарсаңға түскен жандар

Киелі теке немесе сарсаңға түскен жандар

1967 жылдың қоңыр күзі. Қарашаның ортасы. Күздің жартысы болса да күн әлі жаймашуақ, жылы. Мен ол кезде автоклуб жүргізушісі едім. Киномеханигім – Махан деген үлкендеу кісі. Ертең кезекті сапарға шығамыз деп отырғанда Махан маған: «Жақсыбай, осы сапарға бір өзің шығатын болдың, бастық маған Қызылордаға барып зат әкелесің деп жатыр, мына мекенжайдағы үйде өзің қатарлас Тәуіпбай деген жігіт бар, соны салып алып Теректіге тарт, сонда оншақты отар бар, соларға кино қойып қайт, Тәуіпбайдың үйі сонда», – деді.Ертеңіне ертемен көрсетілген мекенжайдан Тәуіпбайды тауып алып, Теректіге тартып кеттім. Түс ауа Теректідегі қалың сексеуілдің шетінде отырған Тәуіпбайдікіне де келіп жеттік. Әкесі Қари ақсақал бір отар қой бағады екен. Шешесі сұрастыра келе, менің нағашы апам болып шықты. «Ой, апамның көзі» деп мені айналып-толғанып жатыр. Мен қара үйдің бір шетіне аппараттарымды орнатып, кешке кино қоюға дайындалдым. Соның арасында үйде отын жоқ екен, машинаның үстіндегі май құйған бөшкені түсіріп тастап, Тәуіпбай екеуміз жақын жердегі сексеуілден фургонға толғанынша тиеп, екі қатынап сексеуілді үйіп тастадық. «Көлік болмай әкеле алмай отыр едік» деп апам қуанып жатыр. Әне-міне дегенше кеш түсіп, мал ауылға оралды. Шайға отырдық. Ортада бір қазан ет асылып жатыр. Шайды енді ала бергенде, үй жанына бір машина келіп тоқтады. Келгендер совхоздың зоотехнигі Нұраш пен жүргізуші Сәурен екен. Олар да шайға отырды. Амандық-саулықтан кейін Нұраш Қариға қарап: «Қареке, дайын оқ-дәрің бар ма, мына сексеуілдің іші толы киік қой, ет пісем дегенше барып келсек», – деді. Қари да киік дегесін делебесі қозды ма, шамалы оқ бар еді, жетіп қалар деп бірден жинала бастады. Маған барасың ба, әлде қаласың ба деп еді, үйде жалғыз өзім не бітірем, барайын дедім, әрі қызық көргім келіп. Сәуреннің машинасымен жүріп кеттік. Машина су жаңа бортты ГАЗ-53 екен, лыпып тұр. Машинада – Нұраш, Қари, Тәуіпбай, көрші малшы жігіт Төлеу және мен. Рөлде Сәуреннің өзі. Әркім өз міндеттерін бөліп алды. Қари мен Нұраш – мылтық атушы. Екеуінде екі қосауыз. Төлеу – прожектор ұстаушы. Тәуіпбайды қайтарда жол тауып келесің деп кабинаға отырғызды. Ішінде мен ғана қызықтаушы.
бинаға отырғызды. Ішінде мен ғана қызықтаушы. Прожекторды оңды-солды салып, қалың сексеуілдің ішін сүзіп келеміз. Ешқандай киік жоқ, жым-жылас. Едәуір уақыт кездік, киік кездеспеді. Қой, киіктер бір жаққа ығып кеткен шығар, ауылға қайтайық деп, енді жүре бергенде, алдымыздан бір отар киік прожекторға шағылысып, бізге қарап тұра қалды. Сәурен киіктерге жаймен жақындай берді. Тіпті қасына келдік. Киіктер өздеріне ненің жақындап келе жатқанын білер емес. Нұраш пен Қари патырлатып ата бастады. Киіктер бірінен кейін бірі құлап жатыр. Сол кезде барып отар киіктің жартысы қараңғыға сіңіп жоқ болды, қалған жартысы әлі де не болғанын біле алмай орындарында тұрып қалды. Мылтықшылар тағы да дүркін-дүркін атты. Бірнеше киік құлап түсті. Қалғандары қараңғыға кіріп кетті.
Қуалаған киіктерді жинастырып, бауыздап, ішекқарнын алып тастап, машинаға тиеп алдық. Он үш бас екен. Осыған қанағат қылып, ауылға қайтуға жиналдық. Сағат түнгі 12 болыпты. Орнымыздан қозғалып, бір үш жүз метрдей жүргенде, әлгі отар киік бізден онша ұзап кетпеген екен, алдымыздан қайта шықты. Прожекторға бағжия қарап тұрып қалды. Мылтықшылар бірнеше дүркін атып жіберді, бірақ тигізе алмады. Киіктер жалт беріп, қараңғыға сүңги бастады. Осы кезде отардан бір нән теке бөлініп шықты да, біздің алдымызға түсе берді. Сәурен бас салып қуды. Теке не ұзап кетпеді, не жақындатпады, белгілі бір қашықтықты ұстады да отырды. Жараланған теке шығар деп те ойладық. Бір оңтайы келгенде мылтықшылар бір-екі дүркін атып еді, тигізе алмады. Сонымен оқ та таусылды. Ет пісірімдей уақыт қудық. Кабинаның төбесін ұрып, ауылға қайтайық деп Сәуренге айқайлап келеміз. Бірақ бізді тыңдайтын Сәурен жоқ, «осы текені басып алмай қоймаймын» деп өршеленеді. Бір кезде теке шаршады-ау деймін, аяғы шатқаяқтай бастады, ақыры құлады. Текенің қасына тоқтап, бауыздап, ішек-қарнын алып тастап, машинаға салып алдық. Сағатқа қарадық, түнгі 3 екен. Ауыл қайда деп Тәуіпбайға қарадық, ол иығын қозғайды. «Қайда келгенімізді біле алмай тұрмын» дейді. Сәурен машинаның майын көрді, екі литрдей қалыпты. Жағдай түсінікті болды. Бұдан әрі жүруге болмайды, таңның атуын күттік. Әне-міне дегенше таң да атып, жарық түсті. Барлығы жан-жаққа қарады, бірақ қайда тұрғандарын біле алмады. Алыста шығыс жақта бір қара жал төбе қарауытып көрінеді. Ол биік төбенің Қалмас па, әлде басқа ма оған да көздері жетпеді. Машинадан шамалы жерде қалың сексеуілден төбесі көрініп, бір үш ағаш тұр екен, қуанып кеттік, бір белгі бар шығар, мүмкін танып қалармыз деп, машинаның суын жіберіп, сол жерге қалдырдық та, бәріміз шұбырып үш ағашқа бардық. Үш ағашта белгілер бар екен, бірақ тани алмады, бұрын көрмеген үш ағашты болып шықты. Қари Нұрашқа қарап: «Нұреке, анау көрінген биік төбе Қалмас болу керек, бұл жақта Қалмастан басқа ондай үлкен төбе көрген емеспін, егер осы Қалмас болса, онда ауыл батыс жақта, алыста қалды, Тәуіпбай, Төлеу, Жақсыбай үшеуі жас қой, ауылға осылар кетсін, біз жаяу жүріске жарамаймыз, осылар қайтып келгенше осында күтейік», – деді. Бәріміз осы ұйғарымға пәтуаластық та, үшеуміз батысты бетке алып жүріп кеттік. Бұл кез таңғы алты жарым еді. Қалың сексеуілдің арасында жолсызбен келеміз. Анда-санда машинаның көне сүрлеуі кездеседі,бірақ оның қайда апарарын білмегесін түсе алмадық. Тікелей тарта бердік. Түс кезінде солтүстіктен қою қара бұлт келіп, нөсерлетіп жаңбыр жауды. Күн қатты суытып, арты қарға ұласты. Менің үстімде шолақ қара тоным бар еді, басқалар да алды қыс болғасын жылы киінген, әйтеуір тоңғанымыз жоқ. Кешеден тамақ ішпегесін әбден титықтап шаршап, шөлдедік. Жата қалып тақырға тұрып қалған қақтан су іштік. Ілбіп келеміз, ауыл көрінетін емес. Кеш болуға айналды. Сексеуіл сиреп, жазық далаға шықтық. Бағытымыз дұрыс екен, ауылдың төбесі көрінді. Үйге келіп, бір тапа нанға бас қойдық. Кешкі алты жарым болыпты, тура 12 сағат жүріппіз.
Ол күні далада қалғандарға бара алмадық Ауылда малға қарайтын еркек жоқ, Тәуіпбай да, Төлеу де малдарына кетті. Ертеңіне мал жайлап болғасын, Төлеу екеуміз жолға шықтық. Тәуіпбай босамады. Менің машинам жаңа болғанмен, ауыр фургон болғасын қатты жүре алмай келеміз. Түс болды. Машина қалған жерді таба алмадық. Үш ағашты іздедік, ол да көрінбейді. Бір кезде алдымыздан киіктің бір ешкісі қашты. Жете алмайтынымды білсем де, киіктің ізіне түстім. Киік олай-бұлай бұлталақтап жүрді де, бір үш ағашқа келді. Қарасақ, өзіміздің адамдар қалған үш ағаш. Қасына Лениннің шалашы сияқты үлкен қос істеп, ішіне от жағыпты. Бірақ адамдар жоқ. Машинаның қасында болды ғой деп, айдап сонда бардық. Оның да басына жаңағыдай қос істеп, ішіне от жағыпты. Адамдар жоқ. Олай-бұлай қарадық, еш белгі жоқ. Енді оларды қайдан іздерімізді білмедік. Бағана ауылдан шығарда кеше қанша шақырым жаяу жүрдік екен білейін деп спидометрді белгілеп алғанмын, бұл жер ауылдан 44 шақырым екен. Сонда олар осындай елсіз далада қайда кетуі мүмкін? Мүмкін, кабинаның ішіне бір белгі қалдырған шығар деп, кабинаны ашайын десем құлыптап кетіпті. Алдыңғы терезеге көзім түсіп еді, әйнектің ішкі бетіне бір бет қағаз жапсырып кетіпті. Қағазда: «Төлеу, Тәуіпбай, Жақсыбай бауырларым! Біз сендерді бүгін сәскеге дейін күттік, келмегесін не жолдан адасты, не түнгі қара суыққа ұшырап жазым болды. Үшеуі де темекі шекпейтін еді, қалталарында от жағып жылынатын шырпылары болмаған шығар, әйтпесе осы кезге дейін бір хабары болмай ма дедік. Сендерден күдер үзгесін, бетімізді оңтүстікке алып кетіп барамыз. Егер анау көрінген шын Қалмас болса, осы жерден бір күндік жерде құмның ішінде бір малшы ауылы болу керек, аман-сау болсаңдар, бізді сол жақтан іздерсіңдер. Алдымызда не күтіп тұрғанын білмейміз, бір Аллаға сыйындық. Қош сау болыңдар! Ағаларың Қари, Нұраш, Сәурен»,– депті.
Жағдай түсінікті болды. Айтылған бағытқа бірден тартып кеттік. Қалмастың жиегінен көне машина жол шығады екен, соған түсіп алып жүріп келеміз. Екі көзіміз сексеуілдің ішінде. Жыбырлап келе жатқан бірде-бір адам жоқ. Оң жақта алысырақта аппақ болып төрт құлақты Баспақтың моласы қалып барады. Сексеуіл сиреп, көз ұшында бұйра-бұйра құмдар көрінді. Бағыт дұрыс екен, құм ішінде отырған малшы ауылына да келіп жеттік. Бірақ біз іздеген адамдар мұнда келмеген болып шықты. Енді қайттік? Шамасы, жолда көрмей кеткен болдық қой. Дереу ізімізбен кері қайттық. Тағы да екі жақты сүзіп қарап келеміз. Ешкім жоқ. Арасында фургонга да шығып қарадық, қыбырлаған жан жоқ. Қайтадан машинаға келдік. Бұл кезде күн де кеш болуға айналды. Жоғалғандарды енді іздеудің еш қисыны жоқ, мүмкін өйтіп-бүйтіп ауылға барған шығар деп ойладық. «Төке, машина айдай аласың ба дедім Төлеуге. «Иә, ертеректе машина айдағаным бар еді» деді ол. Олай болса, Сәуреннің машинасына отыр дедім. Менің машинамнан бір шелек май алып құйдық. Енді машинаны қалай оталдырамыз деп қиналдық, өйткені кілт жоқ және жаңа машина болғасын анау-мынауға ашылмайды да. Кілтін Сәурен өзімен бірге алып кеткен. Абырой болғанда, менің машинамның артық кілті кілттермен бірге жүр екен, соны салып көріп едік, ашып кеткені! Қуанып кеттік. Бұл кезде түн болып, аспанда жұлдыздар жарқырады. Ауылға қайтуға жиналдық. Төлеуге алдыма түс, маңдайыңды тура Темірқазыққа бағытта, олай-бұлай бұрылып кетпе, ай үнемі сол жағында болсын, анда-санда артыңа қарап қой, мен қалып қоймайын деп тапсырдым. Төлеу келісті де, машинаны оталдырып алып жүріп кетті. Мен ізімен еріп келемін. Сексеуілдің арасында мортық сияқты шөп өскен, түскен із арық болып көрініп жатыр. Бір кезде Төлеудің ізіне қарасам, солға бұрылып, тура айға қарап келе жатыр. Төлеуді тоқтатайын деп сигнал бердім, есітетін емес, фарды жыпылықтаттым. Төлеу байқап тоқтады. Ары жүре берсек адасатын болдық, өйткені бағыттан айырылып қалдық. Амал жоқ, келген ізімізбен кері қайтып, машина қалған жерге қайта бардық. Қайтадан маңдайымызды Темірқазыққа туралап жолға шықтық. Төлеу бірден қатты жүріп, маған қарасын көрсетпей кетті. Мен оның ізімен шоқалақтап келе жатыр едім, машина сөнді де қалды. Май таусылған. Фарды әрі-бері жыпылықтатып, Төлеуге белгі бердім, Төлеуден бір Төлеу жоқ. Машинаның суын жіберіп, подфонарикті жағып қойып отырдым. Бір уақытта Төлеу қайтып оралды. «Не болды?» дейді маған. Не болсын, май таусылған, барамыз да келеміз деп кеше бөшкедегі майдан бакке майды құйып алмадық, қаладан шыққан бергі бір бак май қаншаға жетсін, артыңа қарап жүр дегенім қайда» деп кейіп жатырмын. Төлеу ауылға апаратын жолды тауып келдім деді. Бұл машинаның да майы таусылып қалуы мүмкін деп ойлап, рөлге өзім отырдым. Әп-сәтте Төлеу тауып келген жолға түсіп, жылдамдықты енді ала бергенім, машина сөнді де қалды. Бұның да майы таусылған. Суын жіберіп, машинаны сол жерге қалдырдық та, екеулеп жаяу кеттік. Күн қатты суытып, аяз тұрды. Бет қаратпайтын қарлыборан соқты. Жаңа ғана қап-қара болып жатқан жер әп-сәтте аппақ болып шыға келді. Бізді үстіміздегі жылы киім сақтады, әйтпегенде үсіп едік. Түске таман өлдік-талдық дегенде ауылға да келдік. Жоғалған адамдар ауылға келмепті. Кішкене жылынып, тамақ ішіп әлденіп алғасын, Тәуіпбайдың боталы інгені бар екен, су құйып жүрген екі флягке май құйып алып, Төлеу екеуміз інгенге мінгесіп қайта кеттік. «Барғасын інгенді босатып жіберсеңдер, өзі ауылды тауып келеді» деді. Беріде қалған машинаға барып бір флягтегі майды құйып, інгенді босатып жібердік. Екінші машинаға барып, оған да бір фляг майды құйып, кештетіп екі машинамен ауылға келсек, далада қалғандар да ауылға келіпті. Аман-сау көріскенімізге қуанып, мәре-сәре болдық. «Өздеріңмен тұрмай апамның баласын өлтіре жаздадыңдар, отардан бөлініп алдарыңа түскені – отарын қорғап, өз басын құрбандыққа шалған киелі теке болды ғой, сендер оны түсінбегенсіңдер, аман қалғандарыңды айт, құдай сақтаған»,–деп Тәуіпбайдың шешесі ренішін білдіріп жатыр. Кейін білгеніміздей, біз адамдарды іздеп мал ауылға барғанымызда, олар шаршағасын Баспақтың бейітінің ішінде демалып отырыпты. Арыбері өткенде көрмегеніміз сол екен, олар да бізді көрмеген.
Міне, барамыз да келеміз деген аңшылығымыз осылай аяқталды.
Жақсыбай Төребеков,
мәдениет саласының ардагері
27 наурыз 2020 ж. 832 0