Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Аллаға шүкір» деңіз!

«Аллаға шүкір» деңіз!

Кез-келген ахуалға қарамастан Аллаға шүкіршілік білдіру әрбір мұсылманға тән қасиет болуы тиіс.  
Алла Тағала Қасиетті Құранда былай айтқан: «Енді, Meні еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және Маған шүкіршілік қылыңдар да қарсы болмаңдар» (2:152). «Сол уақытта Раббыларың: “Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін. Ал, егер қарсы келсеңдер, азабым тым қатты” деп жариялады» (14:7).
Хадисте былай айтылған: «Ақиқатында, әрбір желінген тілім мен әрбір жұтым үшін Алла Тағалаға шүкірлік ететін пендесіне Ол міндетті түрде разы болады» (Мүслим). Шынайы шүкіршілік  – Алла Тағаланың адам пешенесіне жазған кез-келген несібесі үшін разы болу. Иман Алла Тағала нәсіп еткен кез-келген нәтиже, кез-келген жағдай үшін Оған шүкіршілік етуден тұрады.  Алла Тағалаға шүкіршілік етудің себептері көп, төменде солардың бірнешеуін келтірдік:
1. Алланың нығметі шексіз.
«...Егер Алланың нығметін санасаңдар, санына жете алмайсыңдар...»
(14: 34). «Жаратушы біреу, жарата алмайтын біреумен тең бе? Енді де түсінбейсіңдер ме? Алланың нығметін санасаңдар санына жете алмайсыңдар. Рас, Алла өте жарылқаушы, ерекше мейірімді. Алла (Т.) жасырын және көрнеу не істегендеріңді біледі» (16:17-19).
2. Шүкіршілік білдірмеу – шайтанның жетегінде кету.
Ібліс айтқан: «Сонан соң оларға алды-артына, оң-солынан келемін де олардың көбін шүкір етушілерден таппайсың» деді» (7:17).
3. Шүкіршілік  – иманның негізі.
Алла Тағала Қасиетті Құранда былай айтқан: «Енді, Meні еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және Маған шүкіршілік қылыңдар да қарсы болмаңдар» (2:152).
4. Шүкіршілік пайда береді.
Біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) былай айтқан: «Алланы жақсы көріңдер, өйткені Ол сендерге қайыр нәсіп етеді» (Тирмизи). Құранда былай айтылған: «Рас Лұқманға шүкірлік етуі үшін даналық бердік. Кім шүкір етсе, өзі үшін шүкір етеді. Ал кім нәсүкірлік етсе, сонда да Алла мұңсыз, мақтауға лайық» (31:12). «Оның артынан тағы қайталаған едіңдер. Сонда сендерге Алланың кеңшілігі, мейірімі болмаса, әлбетте зиянға ұшыраушылардан болар едіңдер» (2:64).
5. Шүкіршілік – бұл құлшылық.
Қасиетті Құранда былай айтылған: «Әй мүміндер! Ризықтандырғанымыздың жақсысынан жеңдер. Әрі Аллаға шүкірлік етіңдер, егер Оған ғана құлшылық ететін болсаңдар» (2:172). 6. Шүкіршілікте  – Алла Тағаланың разылығы бар. «...Егер шүкірлік етсеңдер, сендерге разы болады...» (39:7). Хадис: «Ақиқатында, әрбір желінген тілім мен әрбір жұтым үшін Алла Тағалаға шүкірлік ететін пендесіне Ол міндетті түрде разы болады». (Мүслим)
7. Адам баласы Алла Тағалаға шүкір айту үшін жаратылған.
«Алла (Т.) сендерді аналарыңның қарнынан еш нәрсе білмейтін түрде шығарды да сендерге есту, көру және ойлау қабілетін берді. Әрине шүкіршілік етерсіңдер» (16:78).
8. Шүкіршілікте екі дүние табысы бар.
Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан: «Бұл дүниеде де және ақиретте де қайырлы болатын төрт нәрсе бар. Олар: шүкіршілігі бар жүрек, Алланы еске алатын тіл, қиыншылыққа төзетін тән және тәнімен де, ерінің мүлігімен де оны сатпайтын әйел».
9. Шүкіршілік қиыншылыққа төзуге үйретеді.
«Мүміннің жағдайы қандай ғажап! Асылында, оның жағдайының бәрі ол үшін қайырлы және бұл жағдай мүміннен басқа ешкімге нәсіп етілмеген: егер оны бір нәрсе қуантса, ол Аллаға шүкір айтады әрі бұл ол үшін қайырлы болады, егер оның басына қайғы түссе, ол сабырлылық танытады және бұл да оған қайырлы болады». (Мүслим)
10. Шүкіршілікте Алланың мейірімі бар.
«...Күдіксіз Алла адамдарға кеңшілік иесі. Дегенмен адамдардың көбі шүкірлік қылмайды...» (2: 243).
11. Шүкіршілік ету несібені арттырады.
«Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін...» (14:7).
08 сәуір 2020 ж. 12 594 0