Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қақпандағы көкжал

Қақпандағы көкжал

Күн сәрсенбі. Жерге жарық енді түскені болмаса, таң әлдеқашан атқан-дай. Тек күннің бетін бұлт көлегейлеп, бір қарағанда әлі қараңғы сейілмегендей сезіледі. Ескі жертөленің жалғыз мөржесінен көк түтін будақтауда. Бұл таңның сәтті боларын үй ішіндегі жалпақ денелі, қара жігіт Мейрам әлі сезіне қоймаған еді. Әп-сәтте жертөле ішіне жылылық орнап, таңғы асқа жайылған ақ дастарқан бетін түннен қалған бүтін еттер толтырды. Қою күрең шай да ұйқысы шала Мейрамның асқа тәбетін арттырғандай. Сәл уақыттан соң, ескі жөртеленің сыртқы есігі айқара ашылып, екі ұрты етке толған Мейрам сыртқа шықты.
Күн тамаша. Жерге шуақ түспесе де түндегі жел басылып, ен далаға меңіреу тыныштық орнаған. Қой қора жақтан уақ малдардың маңыраған дыбысы әлсін-әлсін естіледі. Мейрам темекісінің соңғы тұқылын тартып болды да, қораға беттеді. Алғашқы жұмыс-ерте төлдеген қой-ешкілерді төлдерінен ажыратып, оларды көрші ауылдың қойы өрер тұсқа жеткізіп тастау. Бұл жұмыс әрі кетсе бірер сағаттай уақыт алады. Көрші ауылдың малы бұл ауылдың бір шақырымдайғы маңынан өтуші еді. Уақыт алатын жұмыс қойды соған қосып жіберу ғана. Әзірге Мейрамның мойнында қой кезектің жүгі жоқ. Сол маңдағы екі-үш ауыл бірігіп, қой кезекті он күннен бағып тұруға келісілген-ді. Бұл бұрынан бар келісім болған соң, Мейрам қойдың кезегіне әлі бір аптадай уақыт бар екенін есіне түсірді. Қорадағы шаруаларды бір ыңғайлап болған соң, осыдан бір күн бұрын ауылдан үш-төрт шақырым жерде өліп жатқан қасқа сиырдың өлексесіне құрылған қақпанды қарап қайтуды жоспарлады.
Малдың түннен қалған орындарын жайлау, қозы-лақтардың алдына жем салу, қолға қарап тұрған сиырларды өріске айдап, түйе саудыру сынды шаруалармен жүріп, түскі ас уақытының да болып қалғанын байқамай қалыпты. Көк бестіні еріттеп болған соң, үйге қарай бет алды. Түскі асын ішіп, қалың киімдерін киіп алған Мейрам, алды-артына қарамастан астындағы жарамды жылқымен әлгі қақпан құрылған бағытқа тартып отырды. Қасына үйдегі қайың қаптал қара төбет бірге ілесті. Ат үстінде келе жатқан Мейрамның бір күн бұрын құрған қақпаны сәті түссе бір аңды қабатындай еді. Алайда, осы маңды бірнеше айдан бері торуылдап, шетке шыққан ірі қараны қойша қырып жүрген көкжал ол қақпанға ілігеді деген ой үш ұйықтаса да түсіне кірмеген-ді. Өйткені, ол бұған дейін де бірнеше рет қолға түсе жаздаған тіс қаққан қасқыр еді. Бұл маңның қырат-жоталары ол үшін жатталып қалғандай.
Ой құшағында келе жатқан Мейрамның астындағы көк бесті әлдебір нәрсені сезгендей сыңай танытып, тіксіне қалды. Қасындағы ит те қожайынға мұнан ары ергісі келмей, артқа қарай шегіншектеп, қыңсылай берді. Бұл көріністерге куә болған Мейрам дереу ес жиып, әп-сәтте қақпан құрылған әлгі ылдыйға жақындап қалғанын сезді. Тізгін тартып, өз-өзіне келген соң, жақын маңда бірдеңе барын сезіп, қолына қамшы мен аң мауыздауға ыңғайлы пышағын алды. Сол пәтпен әлгі қақпан құрылған жердің бауырай бетіне бір-ақ шықты. Көз алдындағы көрініс сәл уақыт бұрын өзі жүгірткен оймен тұспа-тұс келерін сезбеген еді. Зер салып қайта қараған Мейрамның көзіне бұл жолы көптен қолға түспей жүрген әлгі көкжал оттай басылды. Қасындағы иттен қайран болмасын сезді ме, қолындағы қысқа қанжар мен қамшысына сеніп аттан түскен қалпы, әлгі арланға жақындап бетпе-бет келді. Тырнақтың жоғарғы жағынан ілген қақпан азулы көкжалды қанша жұлқынса да босата қоятындай емес. Бір күн, бір түн бойы жұлқынған қасқырдың қақпан қапқан аяғы қанға бөгіп, ісіп кеткен. Аң біткеннің асылы әрі тектісі арланның осыншама жанына мейірмі болмайтынын Мейрам бірнші мәрте көріп тұрған жоқ. Бұған дейін де қақпанға түскен талай қасқыр аяғы жұлынғанша қақпанды жерге ұрғылап, бостандыққа шығатындығы жайлы кейбір аңшылардан естіген еді. Бұл жолы ол үйге барып мылтық алып келгеннен гөрі, оның өлігін өзімен бірге алып кетуді жөн санады. Осындай шешімге келді де үстіндегі ауыр киімді шешіп тастап, қақпандағы қасқырпен ашық айқасқа шықпақшы болды. Бір қолында қамшы, бір қолында пышақ. Ызаға булығып, көзі қанға толған көкжал да орайы түссе алдында тұрған екі аяқтыны жарып тастауға даяр. Көп ұзамай-ақ, айқас басталып кетті. Денесі қызған Мейрам өзіне қарап арсалаңдап тұрған қасқырдың жанынан былай жүгіріп бір өтеді, кейінге қарай тағы өтеді. Әр өткенінде қамшымен, бірде пышақпен, енді бірде аяқпен тепкілеуде. Үстіндегі киімі көкжалдың тістеріне ілініп, алба-жұлбасы шыққан. Жаны берік дала тағысының ажалмен арпалысқан сәті, ал жер бетіндегі жанды-жансызға иелік ететін санасы жоғары адам баласының арланнан алғалы жатқан кегінің көрінісі тек сол маңдағы көк бесті мен көктеді Тәңірге аян еді. Осылайша, арпалыспен өткен жарты сағаттай уақыт Мейрамның пайдасына шешілді.
Иә, ақ дала төсіндегі аңшылық кәсіпті жанына серік еткен аңшы Мейрам осылайша, сол маңдағыларды зар жылатқан көкжалды көк бестіге өңгерді. Бұл кезде қасындағы иті ауылдағы үйілген шөптің қуысын паналап жатқан-ды. Қыстағы шаруаның бел ортасында жүрген аңшы Мейрам ауылға аяқ астынан олжалы оралды.
БАЛАУСА ТӨРЕБАЙ
05 сәуір 2018 ж. 1 815 0