Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қарақұм құрылтайы хақында

Қарақұм құрылтайы хақында

Қазақстанның ұланғайыр жері оңайлықпен сақталып қалған жоқ.Туған жері үшін қаншама хандар мен батырлар, билер мен халық жан алып, жан берісті. Қазақ даласына қауіп төндірген жоңғар шапқыншыларына қарсы халқымызды ұлы ұрысқа үндеген Арал өңіріндегі Қарақұм құрылтайына 300 жыл толуына байланысты сол кездегі аудан әкімі Мұсабаевтың өкімімен «Қарақұм құрылтайы жылы» болып салтанатты түрде аталып өтті.
«Алғашқы Қарақұм құрылтайы» жылына байланысты аудан әкімі Мұсабаевтың өкіміне сәйкес ұйымдастыру комиссиясы құрылып, нақты іс-шаралар белгіленді. Соның негізінде баспасөз беттерінде «Қарақұм құрылтайын» насихаттайтын алуан тақырыпта материал жарияланды. Қаланың «Шанхай» бетінен «Алаш алаңы» жасалып, қазақтың үш жүзінің бірлігін көрсететін үш тұғырлы, биіктігі 11 метрлік ескерткіш орнатылды. Оның ортасында биіктігі 3 метрге жуық Әбілқайыр ханның ескерткіші орын алды.
2012 жылы «Қазақ рухын көтерген Қарақұм құрылтайы» атты кітап жарыққа шықты. Кітап аудан әкімі Мұсабаевтың алғысөзімен басталды.
–1710 жылы Арал маңындағы Қарақұмда өткен құрылтайында Әбілқайыр Сұлтан Кіші жүз ханы болып сайланса, Бөкенбай батыр біріккен қазақ жасағының қолбасшысы болып тағайындалды. Жоңғарларға қарсы күресте табын Бөгенбай батырдың даңқы тек Кіші жүзге ғана емес, бүкіл қазақ даласына аңыз болып таралды. Аталмыш жиында қазақ әскерін бастау, «Алаш» ұрандыдан табын Бөкенбайға, «Арқар» ұрандыдан Әбілқайырға жүктелді. Қарақұм құрылтайы жиынының Қазақ тарихындағы маңыздылығын тарихшы Ирина Ерофееваның баяндауынан ұғынуға болады.
«Қазақ рухын көтерген Қарақұм құрылтайы» атты кітабындағы мақалалардың авторлары өз пікірлерімен бөліскен екен. Көпшілігі «Қарақұм» құрылтайына қазақтың үш жүзінің өкілдері қатысыпты» деген пікірде екен. Жиынға ол кезде жорықта алған жарақатынан аяғы сал болып жүре алмай қалған Тәуке ханды да қатыстырып, сөз сөйлетіп қойған. Қазақ жасағының басшысы қылып, орта жүзден арғын қанжығалы Бөгенбай Ақшаұлын сайлатқан.
2019 жылдың 13 тамызында «Толқын» газетінде жарияланған «Бөлінгенді бөрі жейді» деген Нұрбай Жүсіптің мақаласында осы пікірді қолдаған. Сол мақаладан үзінді келтірсек:
– Кезінде Көкше өңірін мекендеген қанжығалы Бөгенбай батыс, 1708 жылы 30 мың жасақты бастап, қазақ елінің берекесін алған қазақ-орыстарды түре қуып, Еділден әрі асырып тастаса, 1710 жылы Арал өңірі Қарақұмда «Қазақ халқы ешкімге бодан болмайды, ешқайда кетпейді, жер бөлінбейді!» –деп ұрандап, қазақ сардарлары қасық қаны қалғанша қасиетті қазақ жерін қорғауға ант-су ішкен сол құрылтайда қанжығалы Бөгенбай Ақшаұлы батыр бас сардар болып сайланған, – деп пайымдаған.
Данқты батыр, қолбасшы, ұлт қайраткері Бөгенбай Қарабатырұлы туралы қазақ тарихына үлкен еңбек сіңіріп жүрген кәсіби тарихшы Ирина Викторовна Ерофеева жуықта «Рыцарь звания чести, Казахский батыр Богенбай Карабатырулы (Ар-намыстың ақтаңгері)» атты тамаша тарихи еңбегін жарыққа шығарды. Осы шығармада тарихшы Ерофеева «Қарақұм құрылтайы» жайында тарихи деректердің бетін ашып, біздің бұл жиын туралы түсініктеріміздің қателіктерін мойындатты.
Енді автордың өзіне кезек берейік:
– Қазақтардың үш жұртының батыс пен оңтүстік-шығыстағы көршілермен ата-бабаларының киелі атамекені үшін, оның төрт құбыласын төрткүл дүниемен жалғастырып тұрған керуен жолдары үшін ғасырдан астам уақыт бойы жүргізген күресі далалықтар үшін өте ауыр тарихи сынақ болды да, бұл қолына қару алып, сыртқы жауға қарсы тұрып, өз халқының өмірлік мұраттарын өжеттікпен қорғай білетін, сол үшін өмірін қия алатын ерлердің қажеттілігін туғызды. Осы бір халықтың тағдыр-талайын біржола белгілейтін тарихи тайталаста кәсіби жауынгер, рухы асқақ, намысты ерлердің басты қаһармандарға айналғаны, халықтың барлық сенімі мен үмітін соларға артқаны заңдылық еді. Орыстың мемлекет қайраткері, ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысының тарихшысы А.Н.Татищев олардың қоғамдағы дәрежесін, «ар-намыстың ақтангері (рыцарь звания чести)» деп атапты.
ХVІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХVІІІ ғасырдың ортасындағы дәуірде ғұмыр кешкен, аса көрнекті қазақ батырларының ең таңдамалы өкілдерінің бірі – Кіші жүздегі жетіру тайпасының табын руынан шыққан Бөкенбай Қарабатырұлы болды. Қазақ қосындарының жоңғарлармен соғысуының ең шиеленіскен тұсында Бөкенбай сескенуді білмейтін қайсар жауынгер ретінде ғана емес, екінің бірінде бола бермейтін, жұртты азулы, қаһарлы жауға қарсы жұмылдыра білетін, дарынды әскербасы ретінде көрсете білді. Қалданмен соғыс аяқталғаннан кейін, табындар Бөкенбайды жастығына қарамастан, өздерінің рубасы сайласа керек. ХVІІІ ғасырдың басында қазақ жүздерінің оңтүстік-шығыс шекараларындағы геосаяси жағдай шиеленісе бастады. Жоңғар хандығының әскери үстемдігі артты.
Ойрат әскерінің қазақтардың оңтүстік шебіне жаппай басып кіруі далалық саяси жүйенің ыдырай бастап, қазақ хандығының бұрынғы беделі мен құрлықтың ішкі бөлігіндегі геосаяси кеңістікте үлкен ықпалының жойыла бастаған дәуіріне сәйкес келді.
Мемлекет басшылығында қартайған, іс жүзінде жүріп-тұрудан (аяғынан жан кеткен) қалған Тәукенің отыруы – Даланың орталық билігін әлсіретті.
ХVІІ ғасырдың соңы ХVІІІ ғасырдың басындағы қазақ жүздеріндегі билікті 7-ден 10 -ға дейінгі хандар бөліп алған-ды.
Алайда ойраттардың бұрынғыдан да күшті жаңа басқыншылығының болу қаупі алысты болжай білетін сұлтандар мен рубасылардың өзара қырқыстарын шегере тұрып, жаудан қорғанудың қамын жасауға деген ниетін туғызды. Осы мақсатпен Бөкенбай батыр мен өзге жауапкершілігі мол Кіші жүз рубасыларының бастамасымен 1710 жылы қыста Арал аумағында көшіп-қонып жүрген ру-тайпалардың ықпалды өкілдерінің құрылтайы шақырылды.
1710 жылы өткен Қарақұм құрылтайы туралы халық аузындағы тарихи мәлімет бізге 1803-1804 жылдары Бұқар хандығына сапар шеккен орыс сауда-саттық миссиясының басшысы, поручик Яков Петрович Гавердовский (1770-1812ж.ж.) жолжазбалары арқылы жетті. Ол мұны Әлім тайпаларының төртқара және шөмекей руларының жайлауында қағазға түсіріпті. Оқиға туралы баян 1809 жылы әзірленіп, оның тарихшыларға баяғыдан белгілі болған, қазақ халқының тарихи мен этнографиясы жайлы әрқилы еңбектер жазарда пайдаланып келген көлемді еңбегі – «Қырғыз-қайсақ елі мен халқының сипаты» атты кітаптың екінші бөліміне енгізілген. Мұнда алшын көсемдерінің Қарақұм құрылтайы туралы қысқаша мәліметі беріледі де, осы құрылтайға қатысушылар алдында сөйлеген Бөкенбай батырдың әйгілі сөзі мейлінше кеңінен баяндалады.
Ақсақалдар құрылтайы туралы далалықтар аузынан жазып алғандарын кітапқа түсірген Я.П.Гавердовский еңбегінің теңдесі жоқ құндылығы – қағаз жүзіне көшуі еді. Осы хикаяның мәтініне қарағанда, Я.П.Гавердовскийдің орыс керуенінің қазақ даласымен өтетін нақты маршруты туралы, өздерінің Қарақұм құрылтайына қатысқан жақын аталары, олардың ата-тегі туралы баяндап берген жергілікті далалықтардың ең басты өкілдері туралы тәптіштей жазылған жол-жазбалары күні кешеге дейін зерттеушілер үшін белгісіз болып келді. Осыдан 20 жыл бұрын ғана менің, менің әріптесімнің өткізген арнайы эвристикалық ізденістеріміздің нәтижесінде ресейлік астаналар архивінен «Ұ.М.И нөкерінің поручигі Гавердовский мен боп тастаушылар Иванов пен Богдановичтің оның ұлы жарлығы бойынша Қырғыз даласы арқылы Бұқар провинциясына сапары кезінде жүргізген жазбалар» деп аталатын бірінші бөлімі табылып, 2007 жылы жарық көрді.
Кіші жүз сұлтандарының, рубасылары мен батырларының жиыны (құрылтай) 1710 жылы Арал өңіріндегі Қарақұмда өте ауыр, күрделі, қоғамдық-саяси жағдайда өтті. Сол тұста қазақ ауылдарының санасын билеп алған үрей мен үмітсіздік, өз күшіне сенбеушілік сезімі мұнда айқын көрініс берген. Соның салдарынан жоңғар тақырыбын талқылаудың алғашқы сағаттарында жиындағы пікірлер таразысы «жеңілушілер партиясы» жағына қатысушыларды жоңғар қонтайшысына қарулы қарсылық көрсетуден бас тартып, соған бағынуға немесе отырған жерлерін тастап, қаша жөнелуге шақырушылар жағына ауған, «жаны тәттілер» – делінеді әңгімеде, – осы жиын үстінде үрейге билетіп, қонтайшының кешірімділігіне жүгініп жан сақтау керектігін айтты. Енді біреулер тұрақтарын тастай қашып, Еділден әрі өтіп кетуді ұсынады. Ал енді біреулер қорқақ қояндарша бытырай қашып кету керек деп, көп жұрттың көңіліне қобалжу ендірді.
Алайда жиналған жұрттың едәуір бөлігі айтушылардың үмітсіз, үрей толы сөздерінің әсерімен үргедек рубасылар жағына ауытқи бастағанда қызу пікір-таласқа ерлігімен елге аян болған рубасы Бөкенбай кірісті де, жауға қарсы шығудан гөрі қашуды жөн санап тұрғындарға қаһарлана қарап, ызалана сөйлеп кетті. Бөкенбай үстіндегі киімін өңірінен қақ айырып, семсерін көтерген күйі долдана сөйлеп, күндей күркіреген:
– Уа, ағайын! Ұлдарымыздың құл, қыздарымыздың күң болғанын, жайлауымызды жат жайлап, мал-жанымызға дінсіздер ие болғанын көргенше шыққыр көзіміз неге ағып түспейді? Желкілдеген ту ұстап, желекті найза көтерген бабаларымыздың аруағына сыйынып, ата жауға қарсы неге шықпаймыз? Қас дұшпанымыздың қара жүрегіне шанышар көк сүңгіміздің ұшы мұқалды ма, қаскөйдің басын қылша, мойнынан талша шауып, допша домалатар айбалтамыздың жүзі қайырылды ма? Жо-жоқ, ағайын! Ата-баба қалдырған алдаспанымыздың әлі қолымызда, сауырына тақымымыз тисе, жел боп ағатын тұлпарымыз әлі астымызда! Ендеше айбынымыз неге пәс тартып, жүрегіміз неге шайлығады?
– Қылыштарыңды тасқа қайраңдар, ағайын!..
Бөкенбай қолындағы семсерді білегіне тартып, қан шығарады да, оны семсердің жүзіне жағып, қаруын басынан асыра көтереді:
– Уа, ағайын! – деп күркірейді батыр, – мына семсермен, мына қанмен ант беремін – қасық қанымыз қалғанша қасиетті жерімізді жауға таптатпаймыз!
Осы бір адам таңданарлықтай аруақты сөз бен қимыл қазақтың жақсы-жайсаңына ғаламат әсер етіп, әлгінде ғана иіні түсіп кеткен жұртшылықты дүр сілкіндірді, жауды жеңіп, қуып тастауға бекінтті. Аруақты ердің сөзінен кейін, құрылтайға жиылған қалың ел Бөкенбайдың салған ұранына ермекке түгелдей ант етті. Ұлттың рухы асқақтағаны сонша, кейбір ел ағалары антты бекіте түспек үшін денелерін жаралап, ортасында жанып тұрған отқа қан тамызды. Ант біткен соң намаз оқылды да, құрбандыққа ақбоз ат шалынды.
Құрылтайда әртүрлі рулар мен тайпалардан әскер құрылып, оған көпшіліктің ұйғарымымен Бөкенбай батыр қолбасшы болып сайланды. Дәл осы жиында қол жеткізген бірлікті бекіте түсу үшін Кіші жүз рубасылары мен ел ағалары ерлігімен, ерекше біліктілігімен жұртқа кеңінен танылып үлгерген, далалық Жошы ұрпағының бұрындары атағы шығып көрмеген, кедейлеу бұтағынан тарайтын Әбілқайырды Кіші жүз ханы сайлап, ақ киізге көтерді.
Сонымен, жоғарыда келтірілген сөздер мен өз әкелері мен аталарының өздері жадында берік сақтаған, шынайы, бастан өткен, куә болған тарихтарын Я.П.Гавердовскийге айтып берген – далалықтардың есімдеріне дейін айқын. Әңгімешілердің сол тұста өздері елге ие болып отырған қазақтардың куәлік баяндарына сүйенсек, ел құлағына сіңісті боп қалған, ғылыми пікірлерде айтылып жүргендей, күллі қазақтың жүдеулі рухын көтеріп сөз сөйлеп, халықты жауға қарсы бірінші болып жұмылдырған, сол кезде әлі жас, арғын қанжығалы Бөгенбай Ақшаұлы емес, сол тұста алшындардың үш бірдей ұрпағына кеңінен танымал батыр, ар-намыстың ақтаңгері, Кіші жүздің Жетіру тайпасының ішіндегі табын тайпасының рубасы, ел-ағасы Бөгенбай Қарабатырұлы екеніне күмән жоқ. Бұл жиынға арғындардың өкілдері қатыспағанын да айта кету керек.
Осы құрылтай басқыншыларға жалпыұлттық қарсылық көрсетудің тарихында шешуші рөл атқарды. Осы жиынның арқасында алшындардың әрқилы әлеуметтік бөлімдеріндегі жеңілушілік көңіл күрт өзгерді, жұрттың рухы көтеріліп, бірлікке қол жеткізді. Одан соң қазақтардың өзге ірі бірлестіктерінде де жауды жеңіп, ата-баба жерінен қуып тастауға деген ортақ арман-мүдде қалыптасты.
1727 жылы Қарақұмда тағы да қазақ батырларының бастамасымен үш жүздің ең беделді, ең ықпалды өкілдерінің қатысуымен тағы да бір құрылтай өтті. Бұған қатысқан хандар, сұлтандар мен билер, ел ағалары жоңғарларға қарсы жалпықазақтық әскер құруды ұйғарып, үш жүздің біріккен әскеріне Әбілқайырды бас қолбасшы қылып сайлады.
Сәтті басталған жорықтың шырқау шегі Ұлытаудың оңтүстігіндегі, Сарысудың батыс жағындағы Бұланты мен Белеуті өзендерінің арасындағы жазықта (қазіргі Қалмаққырылған) өткен ұлы майдан болды. 1727 жылы үш жүздің әскері күші басым жауды күйрете жеңді. Жоңғарлардың ең ірі жеңілісі Қарасиыр жазығында болды да, кейін Қалмаққырылған атанып кетті. Осы шайқаста Бөгенбай батыр Әбілқайырдың жанында болды.
Тиыштық Қаракүшікова
20 маусым 2020 ж. 2 582 0