Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АРАЛДЫҚТАР ЖАҢА ЖЫЛ МЕРЕКЕСІН АТАП ӨТТІ

АРАЛДЫҚТАР ЖАҢА ЖЫЛ МЕРЕКЕСІН АТАП ӨТТІ

Бүгін жылдағы дәстүрге сай аудандық мәдениет үйінде Жаңа жылдық салатанатты шара өткізілді.
Жаңа жыл мерекесіне арналған думанға аудан жұртшылығымен қатар Сыр өңірінің мақтанышы, биылғы Алматы қаласында өткізілген «Әлем барысы» турнирінің қола жүлдегері Мақсат Исақабылов пен жерлесіміз, Қарақұм ауылының тумасы, жас балуан Еңбек Сақтағановтар қатысты.
«Жаңа – жыл, жаңа – ай, жаңа – күн!» атты салтанатты кештің шымылдығы түрілген соң, аудан әкімі Оразбаев Мұхтар Әуесұлы жиналған көпшілікті жаңа 2020 жылмен құттықтап: «Жаңа жыл – өткен жылға баға беріп, жаңа бастамалар мен ізденістерге тың қадам жасайтын мереке. «Өткен жылға өкпе жоқ, жаңа жылдан үміт көп», - дейді халқымыз. Ескі жылдың есіркеуі мен жаңа жылдың жарылқауын тілеп отыратын қазақ халқы үшін әрбір жылдың орны ерекше. Тарих қойнауына аттанғалы тұрған доңыз жылы еліміз үшін айтулы жыл болды. Соның ішінде, 2019 жыл біз үшін нәтижелі жетістіктермен, маңызды шаралармен есте қалды», - дей келе өңірімізде жыл көлемінде атқарылған жұмыстар мен бірсыпыра жетістіктерді атап өтті.
Мұнан соң, кеш барысында жылдың қорытындысымен әр сала майталмандары «Жыл үздігі - 2019» номинациясымен марапатталды.
Салтанатты жиын одан әрі ауданымыздың өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты. Шаттыққа толы мерекенің куәсі болған көпшілік әсем әнге бөлеген, сазды биге еліткен кештен ерекше көңіл күймен тарасты.



Аудан әкімінің баспасөз қызметі.
27 желтоқсан 2019 ж. 810 0