Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АРАЛДЫҚТАР ТӘУЕЛСІЗДІК МЕРЕКЕСІН АТАП ӨТТІ

АРАЛДЫҚТАР ТӘУЕЛСІЗДІК МЕРЕКЕСІН АТАП ӨТТІ

Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап өткен Тәуелсіз ел болу мәртебесін көру – ұрпаққа бұйырған зор бақыт. Бұл күнді атап өту – тәуелсіздікті нығайту жолындағы өлшеусіз еңбектің бүгінгі белесін қорытындылайтын мерейлі сәт.
Осы орайда, бүгін аралдықтар тәу етер Тәуелсіздік мерекесіне арналған «Елімнің бақытын тербеткен – Тәуелсіздік» атты салтанатты шарада бас қосты.
Аудандық мәдениет үйінде өткізілген салтанатты шара шымылдығы Тәуелсіздіктің 28 жылдығына арналған, Қазақ халқының тарихына шолу жасалған қойылыммен түрілді. 
Мерекелік кеште аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы көпшілікті ұлтымыздың ұлық мерекесі Тәуелсіздік күнімен құттықтап, азаттық алған жылдар ішіндегі еліміздің толағай табыстарын саралай келе «Тәуелсіздік жылдары өңіріміздің де экономикалық даму көрсеткіштері қарқын алып, осынау жыл ішінде Арал ауданы зор жетістіктерге қол жеткізді. Уақыт талабына сәйкес, аудан көлемінде жаңартулар мен жаңғыртулар жасалды. Бұл тарапта әрбір аралдықтардың еңбегі, лайықты үлесі бар», - деп ерекше атап өтті.
Мерекелік шара аясында салтанатты түрде ант қабылдаған мемлекеттік қызметшілерге куәлік табысталды. Сонымен қатар, бірқатар аудан азаматтары мен сала үздіктері облыс әкімінің, «Nur-Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының және аудан әкімінің алғысымен және «Қызылорда қаласына 200 жыл», «Жалағаш ауданына 80 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
Сонымен қатар, ауданға елеулі еңбек сіңірген бірқатар ел азаматтарына Арал ауданының «Құрметті азаматы» атағы, сондай-ақ, қоғам жұмысына белсене ат салысқан аудан азаматтарына «Жомарт жүрек» сыйлығының номинациялары табысталды.
Одан әрі, аудан әкімі болған, қоғам қайраткері Бақытжан Қодаманов пен ҚР Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Абзал Мұхимов сөз алып, аралдықтарды айтулы мерекемен құттықтап, ризашылықтары мен ізгі лебіздерін білдірді.
Салтанатты шара аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласып, көпшілік оркестр мен жеке орындаушылардың күмбірлеген күйі мен әсем әндеріне қанықты.


Аудан әкімінің баспасөз қызметі
14 желтоқсан 2019 ж. 1 321 0