Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АРАЛДА ШЫРША ШАМЫ ЖАҒЫЛДЫ

АРАЛДА ШЫРША ШАМЫ ЖАҒЫЛДЫ

Шырша шамын жағу – жаңа жылдық мерекеге деген дайындықтың белгісі. Осындай қызықты да, көңілді мерекені қарсы алу рәсімі ауданымызда дәстүрге айналып, бүгін аралдықтар ауданның бас шыршасын жағу рәсіміне куә болды.
Аудан орталығындағы алаңда салтанатты түрде шырша шамдарын жағу мерекесіне аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қатысып, алаңда жиналған жұртшылықты келе жатқан жаңа жылмен құттықтап:
- «Бүгiн баршамыз орталық алаңның сәнін кіргізіп тұрған шыршаның отын жағып, мерекелiк шараларды бастауға жиналып отырмыз.
Жаңа жыл – бәріміз ақ пейілмен асыға күтетін, қуанышқа толы ең жайдары, келер күнге мол сенім артатын ерекше мереке. 
Өздеріңіз куә болғандай, ғасыр жылнамасына енгелі тұрған 2019 жыл өзінің толағай табысы мен ырзық несібесін сыйлады.
Санаулы күндерден соң жаңа 2020 жыл төрімізге енгелі отыр. Ал жылыстап бара жатқан ескі жылда айтарлықтай айшықты жаңалықтар жетерлік.
Өткен жылда аудан экономикасының барлық саласында тұрақты өсім қалаптасып, даму көрсеткіштері ілгеріледі. 
Жалпы, Жаңа жыл мерекесi атқарған жұмысты қорытындылап, жаңа жоспар құратын кезең. Мен алдағы жылға да жоспарларымыздың үлкен екенiн айтқым келедi»,- дей келе жиналған қауымға ақжарма тілегін жолдады.
Мұнан соң, аудан басшысы мен 2019 жылы Ресей федерациясы Анапа қаласында өткен Әмбебап жекпе жек спортынан әлем чемпионы атанған Болатұлы Әліби және Жыл үздігі №14-мектеп лицей оқушысы Қаусар Маханбетжан бас шыршаның шамын жақты.
Одан әрі Аяз ата мен ақшақар мерекелік лебіздерін жеткізіп, ауданымыздың басты жетістіктерін тілге тиек етсе, ертегілер әлемінің әртүрлі кейіпкерлері ән шырқап, би биледі. Мерекелік шарада бас қосқан қала тұрғындары мен қонақтары аудан өнерпаздардың өнерін тамашалап, көтеріңкі көңіл күйде тарасты.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.
26 желтоқсан 2019 ж. 1 143 0