Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ ШЫРША БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ

ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ ШЫРША БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ

Жаңа жыл – әр баланың жыл бойы асыға күтетін басты мерекесі. Балдырғандарды сиқырлы ертегілер әлеміне жетелейтін бұл күн биыл да аудан бүлдіршіндерін ерекше күйге бөлеп, жылдағы дәстүрге сай аталып өтті. Арнайы ұйымдастырылған аудан әкімінің Жаңа жылдық шыршасына өңірден 120 бала қатысты.
«Біз - еліміздің жарқын болашағымыз!» атты мерекелік шара шымылдығы «Қар ханшайымы» ертегісінің желісінде түріліп, ертегі кейіпкерлері қонақтарды сырттан арнайы безендірілген ертегілер әлеміне алып кірді.
Балақайлардың ерекше қойылымына куә болған аудан басшысы ортада сөз алып, шырша тойымен құттықтап:
- Сіздерді, ертегілер әлеміне еліктірер шаттық шадыманға толы ең ғажайып мерекелердің бірі - Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл өмірде Сіздердің жүздеріңізден нұр шашып, бар ықыластарыңызбен риза болғандарыңызды көруден асқан бақыт жоқ. Бүгін байтақ еліміздің барлық өңірлерінде өздеріңіздей өнегелі балалар Жаңа жылдық шыршаның айналасына жиналып, мерекені көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алуда. Сондықтан да, осынау шырша тойы естеріңде қалатын ерекше кеш болады деп сенемін. 
Ендеше, келер жылда ұшқыр арман-қиялдарыңыз бен ақ тілек-ниеттеріңіз орындалсын. Балалық шақтарың базарлы, өмірлерің ажарлы болсын!»,- деп ақжарма лебізін жеткізіп, шырша шамын жақты.
Салтанатты шарада бәрі де жайдары көңіл-күймен өз өнерлерін ортаға салды. Жаңа жылдың басты сәні - жасыл шыршаны айналған балалар шаттық пен қуанышқа бөленіп, арнайы мерекелік бағдарламаны тамашалады. Ортаға Аяз ата мен Ақшақар еніп, түрлі кейіпкерлерімен театрландырылған қойылымдар көрсетіліп, балалар аудандық оқушылар үйі мен «До, ре, ми» би студиясының әзірлеген өнерлерін қызықтады. Ескі доңыз жылын ризашылықпен шығарып салған балақайлар жыл басы – тышқан жылын ыстық ықыласпен қарсы алды. Ертегі желісіндегі мән мен ән, талғам мен сән де әдеттегі қойылымдардан өзгешеленген бұл думан көптің көңіліне ұмытылмастай әсер қалдырды.
Шарада балаларға арнайы дайындаған сыйлықтар мен тәттілер табысталып, аудан әкімі балаларға жаңа жылдық тортты үлестірді. Шара соңында, барлық қатысушы бүлдіршіндер мерекелік тәтті торттан дәм татты.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.
25 желтоқсан 2019 ж. 1 616 0