Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ ШЫРША КЕШІ ӨТКІЗІЛДІ

БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ ШЫРША КЕШІ ӨТКІЗІЛДІ

Жаңа жыл бүлдіршіндердің айрықша асыға күтетін мерекесі. Осы орайда, бүгін №62 мектеп-лицейінде «Халық үні» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен және аудан кәсіпкерлерінің қолдауымен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жаңа жылдық шырша кеші өткізілді. Мерекелік шараға 110 бүлдіршін қатысты.
Жаңа жылдық кешке аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қатысып: «Баршаңызды Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа 2020 жылда барлық арман-мақсаттарыңыз бен ақ тілек-ниетеріңіздің орындалуына тілектеспін! Әрқашан денсаулықтарыңыз мықты болып, ата-аналарыңыздың көңіл нұры мен көз қуанышына айналыңыздар. Аспандарыңыз ашық, болашақтарыңыз жарқын болып, жүздеріңізден шаттық кетпесін!»- деп мерекелік лебізін білдірді.
Мұнан соң, балғындар Аяз ата мен Ақша қардан сыйлық алып, қуанышқа бөленді. Аудандық оқушылар үйінің өнерпаздары бүгінгі шарада бүлдіршіндерге әсем әндерін арнап, балғындардың қиялына қанат бітіріп, ертегілер әлемінің қаһармандары сомдалған түрлі ғажайыпқа толы қойылымдар көрсетті.
Қамкөңіл балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеу, олардың бойына өмірге деген құштарлық нәрін себу мақсатында ұйымдастырылған шарада балаларға мерекелік торт пен тәттілер, түрлі сыйлықтар үлестірілді.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.
26 желтоқсан 2019 ж. 943 0