Бала тәрбиесі – бесіктен

Күллі адамзат баласына үлгі болар ұстаз ретінде жіберілген Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с) балаларына әрдайым әкелік жылулығы мен мейірімін көрсеткен. Балаларына мейірімділік танытпағанның мейірімнен жұрдай екендігін айтқан.
Осы орайда, бала тәрбиесіне кіріспес бұрын сәбилік болмыстың қандай екендігін ескерген жөн. Жас бала көргенін бірден қабылдайды. Өйткені ол қолданылмаған дыбыс таспасы секілді. Таспа қалай естіген нәрсесін бірден қабылдайтын болса, бала да дәл солай естіген және көрген нәрсесін бірден қабылдайды. Дұрыс тәрбие бермеген ата-ана ертең баласының бұзықтығы үшін сұралады. Бала тәрбиелеудегі басты өлшем – жақсы үлгі болу. Фотоаппарат алдында не болса соны қатесіз түсіретіні сияқты бала да дәл солай ата-анасының жақсы және жаман әрекеттерін, айтқан сөздерін қағып алады. Қолында темекісі бар әке баласына «темекі шекпе» десе, құмар ойын ойнайтын әке баласына қанша жерден «құмар ойнама» десе де, бұл тек ауада қалықтаған дауыс қана болып қалмақ.
Балаға қатысты айтатын дүние көп, сол ойларды барынша сыйдыру үшін тәрбиелеудің тәртібі мен әдебін сатылай санамалағанды жөн көрдік. Әлбетте, төмендегі әрбір пунктке қатысты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір жолынан мысалдар, хадистер мен аяттар жеткілікті.
- Бала туғанда құлағына азан шақыру
- Жақсы есім қою
- Құран мен шариғат негіздерін үйретіп, имандылыққа баулуды бастау
- Балаларын сүюде алаламау, бәріне бірдей қарау
- Көркем мінезділікті дәріптеу. Жалқаулық, жасықтық сынды жаман қасиеттердің зардабын түсіндіру.
- Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір жолы мен исламға еңбегі сіңген ғалымдардың қалдырған ізінен сыр шертіп отыру.
- Ортасына көңіл бөлу.
- Ата-анасын сыйлауға, басқалармен жақсы мәміле жасауға, отансүйгіштікке баулу.
- Ғылым-білімге ынталандыру
- Өміріне қажетті машықтар мен мамандықтарды игерту
- Ұлы ер, қызы бой жеткен соң жақсы жар таңдауына көмектесу.
Қадап айта кетер бір жайт, ислами құндылықтарды далалық мәдениетімен тамаша үйлестіре білген ата-бабаларымыз да бала тәрбиесіне ерекше мән берген. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп, елдің ертеңі ең алдымен бүгінгі сәбиге берілер тәрбиеге байланысты екенін терең түсінген. Алла Тағала сол ата-бабаларымыздан жалғасқан ізгілік жолын үзбей, халқымыздың бесігіне құт-береке дарытқай!
Қалижан Заңқоев
«Рахымқызы Раиса Ана» мешітінің бас имамы
Қалижан Заңқоев
«Рахымқызы Раиса Ана» мешітінің бас имамы