Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Барды бағалай білейік

Барды бағалай білейік

Бұрынғы үлкен қариялар «Тәуір адам байыса, шапағатын ел көрер. Жаман адам байыса, екі көзі шелденер» деп үнемі сөз арасында айтып отыратын. Қарап отырсақ, бұл сөздің астарында үлкен мән-мағына жатыр. Олай дейтініміз, уызынан жарымаған адам бірден биікке шықса, басына қонған бақты бірде көтеріп, бірде көтере алмай жатады. Алла өзі барлық пен жоқшылықты тек көтере алатын адамға береді емес пе?! Сол арқылы сынап, төзімділік пен шыдамдылықтарын байқайды. Егер де, барлыққа асып-тасып, кедейлерге садақа беруді ар көрер болса, онда өздерінің өткен күндерін ұмытқандығының белгісі. «Бармын деп тасынба, жоқпын деп жасыма» деген мәтел осыдан қалса керек-ті. Негізінен, «ақшам жоқ, жетіспеушілік жағадан жармасқан заман болды» деп қайғыра берудің де қажеті шамалы. Кедей мен бай адамның айырмашылығы–олардың арасындағы дүниелерінде ғана. Қиямет күні кімнің жақсы амалы көп болса, сол пенде жұмаққа кіретіні рас. Шүкірлікпен күн өткеріп, қаншама адам бар жер бетінде өмір сүріп жатыр. Алайда, олардың арасында да ақылдысы мен ақылсызы болады. Адамның тұрмыстық жағдайының деңгейі тек өзіне ғана байланысты. Мәселен, тақырыпқа арқау қылыпел ішінде болған оқиғаны баян ете кетейін.
Ертеректе алыс ауылдардың бірінде бір сіңірі шыққан кедей отбасы тұрады. Тұрмыс жағдайларының нашарлығы соншалық, бүгінгідей заман дамыған тұста шәйнекті далаға отқа қойып, тамақты қамыспен ошаққа пісіретін. Отағасы мен отанасы бес баласын ел қатарлы өсіріп бағу үшін, олар бір байдың жылқысын бағып, малшылықпен айналысады. Өмірі ауыздары аққа тиіп көрмеген балалар да мәз. Сонан, іштеріне май айнала бастаған соң, ерлі-зайыпты екеуі ойласа келе, қой-ешкі асырап, оны көбейте береді. Кейіннен бір-екі бас ірі қараны байдың малдарына қосып бағып,  оны да еселей түседі. Еткен адал еңбек пен маңдай тердің ащы дәмін татып өскен балалары да ақылды болып өседі. Қожайындары негізінен бұл отбасыға мейіріммен қарап, қолдан келген қамқорлығын аямаған жақсы адам болған. Жанашыр жанның арқасында, әрі өздерінің еңбектерінің нәтижесінде ерлі-зайыптылар кейіннен өз алдарына шаруа қожалығын ашып, әлгі байдан бөлек шығады. Бір-біріне рақмет айтып, қош айтысқан жандардың алда күтіп тұрған тағдырларын ешкім білмеді.
Сөйтіп, ұлын-ұяға, қызын қияға қондырып, ел алдында біраз абырой-бедел жинаған тұста, жасы елуге таяған отағасы байлықты көтере алмай, той-томалақта ешкімге дес бермейтін жағдайға жетті. «Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін» дегендей, бәрі «байеке» деп қолпаштап отыратын. Өзі де жалшы ұстап, баяғы өрім-өрім болып жүретін қара кемпірі сол уақытта көйлектің түр-түрін кие бастады. Содан не керек, «Өзбек байыса, там соғады, казақ байыса, қатын алады» деген ғой, байекем бір күні тоқал аламын деп қылық шығарады. Барша ағайын-туыс жиналып, ер-азамат екі әйелге бірдей қарап жатырса, несі айып деп салт-жоралғысын жасап,  қыздың ата-анасының алдынан өтіп, құда түсіп қызды ақ отауға кіргізеді. Бәйбішесі қанша қарсы болғанымен де, өз дегенінен қайтпады.
Осылайша күндер зырғып өте береді. Бір күні оның үйіне диуана келіп, бір тілім нан мен бір жұтым қара су сұрап келеді. Сонда қымыздың буына мас болып отырған байекең дастарқанда тұрған бір тілім нанды алып, табанына үйкеп-үйкеп, «байлық міне» деп қайыршыға қарай нанды лақтырып жібереді. Диуана жерде шашылып жатқан нанның қиқымын жинап, үстелге қайта қойып, үн-түнсіз үйден шығып кетеді. Арада көп уақыт өтпей-ақ, байдың малдарына қасқыр шауып, қалғандары аусылмен ауырып, үй ішінен береке кете бастайды. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, уайымнан жатып қалған байдың өзі де жаман ауруға шалдығады. Обыр дерті меңдеген байғұсқа дәрігерлер аяғының тізеден төмен тұсына ота жасап, алып тастады. Бар жиған-тергендерін еміне жұмсап, өлім аузынан қалған оны жас тоқалы да тастап кетті. Балалары да әкесінен сырт айналғалы қашан?! Тек сол баяғы қырық жыл бірге отасқан қара кемпірі күндіз-түні аурухана төсегінің қасында күзетіп отырды. Жамандыққа жақсылық жасай білген сол жарының ерлігін ауыл адамдары әлі күнге жыр қып айтып жүр. Жастайынан қосылып, ыстық пен суықты бірге сезген, жоқшылық пен баршылықта бар өмірін өткерген адал жарының кең жүректі адам екенін барша ағайын-туыстегіс мойындап, үлкендер баталарын береді. «Ақылды әйел ерін төрге сүйрейді, ақылсыз әйел ерін көрге сүйрейді» деген мәтелден-ақ, қателескен жанның  жұбайларының пиғылдарын айтпай-ақ анық аңғаруға  болады.
Иә, бұл жерде маңызды оқиға бір тілім нанның құдіреті байдың тәкаппарлығын су сепкендей басқаны туралы болып отыр. Молшылықты көтере алмаған пенденің нендей күйге түскені, әрине, аянышты. Дегенмен, өмірде болған осы жайт көптеген адамдарға сабақ болды. «Көп асқанға бір тосқан» деген осы да. Әрдайым адал жардың қадірін біліп, жақсы қасиеттерін бағалап, сондай-ақ, ұдайы жетім-жесірлерге садақа беріп жүргенге не жетсін?! Сонда ел ішінде мұндай жағдайлар орын алмаған болар еді.
Света Артықбайқызы.
        
25 сәуір 2018 ж. 1 694 0