Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » БАТАГӨЙ ҚАРИЯ

БАТАГӨЙ ҚАРИЯ

         Бүгінде бата беріп, бәтуалы сөз айта алатын адамның азайғанын ұят та болса, мойындаймыз. Астан кейін қол жайып, үлкендердің аз-кем күбірінен кейін бет сипап тұра беретініміз жасырын емес. Дегенмен, сөздің қасиеті бар деп ұққан қазақтан қара сөздің қадірі бір жола ұшып кеткен жоқ. Ел арасын іздесек, толассыз кенішке жолығатынымыз анық. Ұлағаты мол, аузының дуасы бар қариялар кезігеді. Осындай шежіре кеуде қарияның бірі – Зиғаладин Құлмағанбетов. Сексеуіл кентінде тұратын ақсақал сексеннің екеуіне келсе де сергек. Ақ самайлы атаға Ұлыстың ұлы күні қарсаңында арнайы сәлем бере барып, наурыз батасын алдық.
         Қарияның кәрілікке бой бергісі жоқ. Сөйле десеңіз, ағыла кетеді. Ұлағатты әңгіме де, тарихтан тәмсілді де айтады. Алайда, ақсақалдың баталы сөзі бәрінен басымырақ. Үлкендер ұлағатынан жиғанынан бөлек өзі де ойдан сөз құрайды. Батаны жанынан шығарады. Іздеп барғанымызға іші жылып қалған атамыздан "қанша бата білесіз" деп сұраған едік.
         – Шырағым, соны санап көрді дейсің бе? Жастайымыздан үйренгенімізді, құдайдың аузымызға салғанын айтамыз ғой. Жұртқа жақсы сөз айтудан артық не бар. Дегенмен, сөздің қасиеті болады. Бата беру бала күнімізден естіген ескі әңгімелердің, өлең-сөздің сарынымен қалыптасты– деді қария.
         Қария бата беруден сайысқа да түсіпті. Аудандық жарыста бас жүлдені алып, одан кейін облысқа жолдама алады. Одан екінші орын иеленеді. Атамыз сонымен қатар, жиған-тергенін, үлкендерден естіп, көңілге түйгенін, шығарған баталарын жинақтап, бастырған екен. Кітабына "Ұрпаққа аманат" деп ат беріпті. "Көкірегімдегім өзіммен кетпесін, артымдағыларға аз-кем азық болсын деген ниет қой" дейді өзі
         "Биссимиллә, Зиғаладин, қалам ұста, Біраз күн өтіп жатыр бекер босқа, Мінекей келдің бүгін сексен жасқа, Үлгілі сөзің болса, шығар тысқа, Сүлеймен Әмпәтиша пайғамбарға, Айтыпты көп насихат бір құмырсқа, Дүниеден өзің кетсең де, сөзің қалсын, Болатын үлгі етер жақын досқа, Бұл күнде жақсы сөздің бағасы аз, Күліседі сықақ етіп, ақылы қысқа, Ел іші алтын кеніш деген сөз бар, Жүзден жоқ, мыңнан біреу ұғар, ұқса" деп кітап басына келтіріпті ақсақал. 
         Бұл күн – заманның оңалған шағы дейді қария сөз арасында. Тірлігіңді түзеуге, тыныш өмір сүруге бар мүмкіндік қарастырылғанын, соның бағасына жету қажеттігін өсиет етіп отырады.
         – Қазір көп нәрсе түзелді деп санаймын өзім. Советтің заманында көптеген ұлттық құндылықтарымызды жойылтып алдық. Бір ғана мысал айтайын, мен Наурыздың тойын өмірімде бірінші рет 1963 жылы Арысқа барғанда көрдім. Ол заманда қазақтың жаңа жылы деген түсінік жоғала бастаған ғой. Арыста қызмет бабымен жүргенмін. Бір кезде қараң-құраң адам жиылып, көшеде құшақтасып, қазан көтере бастады. Бұл не жиын деп сол жерде жүргендерден сұрағанымда "бүгін Ұлыстың ұлы күні ғой. Наурыз мейрамы" деді. Бүгінде бұл мерекені мектеп те, мекеме де, жер-жерде салтанатымен атап өтеді. Осыдан өзге қандай қуаныш керек, – деп ұрпаққа ұлағатын айтты.
         Көсем сөзді қария сексеннің сеңгіріне шықса да, қарап отырғысы келмейді. Ойға оралған, ел аузынан естігендерін тағы бір баспа етіп шығарғысы келеді.
         – Қалам ұстасам, ұйқым келетін болыпты. Жалқаулық желкеден тартып тұр. Әйтпесе, бір кітапқа жүк боларлық біраз хикаят бар. Бастапқы жауың жалқаулық, Сорлататын жаныңды, Ағаттығың аңқаулық,  Соқтыратын саныңды, Жасқаншақ болсаң ұры алад(ы), Қоралап қойған малыңды,  Жалаттырмайды жасықтық, Аузыңдағы балыңды. Міне осындай мінездерден аулақ болу қажет, – деп батасын берді ақсақал.
         "Қарты бар елдің – қазынасы бар" дейді қазақ. Осыдан артық ой сорабын түйіндейтін сөз жоқ шығар.     
         М.ҚҰРМАНӘЛІ.
                     
21 наурыз 2018 ж. 1 465 0