Жол үстіндегі жолаушы

Нет! – я не требую вниманья
На грустный бред душей моей,
Не открывать свои желанья
Привыкнул я с давнишних дней.
Сал демеймін сөзіме ықыласыңды,
Қайғылы өлең еттім өз басымды.
Көкірегім бар сырын өз әлінше
Көрінгенге көрсетпей көп жасырды.
Түпнұсқада өз сырын ашпауды көптен бері әдет еткен томсыраулы жанның жай-күйін сезсек, Абай аудармасында бар сырын жан баласынан жасырған қайғылы жанның бәлкім, іштей, бәлкім сыбырлаған, мүмкін солай өз сырын ашуға тырысқан хәлін аңғарамыз.Абай тәржімасында, әйтеуір бір жұмбақ, бір құпия бардай. Өз жанын өлең еткен ақын ішкі сырын ішіне бүге отырып,бар сырын керісінше, ақтарып салатындай.
Пишу, пишу рукой небрежной,
Чтоб здесь чрез много скучных лет
От жизни краткой, но мятежной
Какой-нибудь остался след.
Қол жазуды ермек ет, жатпа бекер,
Бұл көңілсіз дүниеден көп жыл өтер.
Өзі қысқа, өзі асау, тентек өмір
Арттағыға бір белгі қойса нетер?
Екінші шумақта өлеңнің ішкі иірімі тіптен тереңдей түседі. Абай «көңілсіз дүние» сөзін қолданғынымен, құр пессимизмге ұрынбайды. Артқыға белгі болар бір нәрсе қалдырар жай ойла деп, үміттің жылт еткен сәулесін аңғартады. Ең қызығы, Абайдың «тентек өмір» деген тоқтамы. Иә, өмірді қысқа дейміз, асау дейміз, бұралаң дейміз, шырғалаң дейміз. Алайда, Абайдың «тентек өмірі» қай өмір? Қандай тентектік? Бас бұзарлық тентектік пе, әлде, азат басы ноқтаға көнбейтін «тентектік» пе?! Бұрынғы басылымдарда «қысқа» сөзі «қисық» деп беріліп жүр екен. Араб қарпімен жазғанда шын мәнінде «қысқа» және «қисық» сөздерінің харакаттары болмаса, әріптері, жазылуы біп-бірдей. Сондықтан оны дәл ажыратып оқу қиынырақ соғады. Түпнұсқаға үңілсек, «кривой» емес, «краткой» болғандықтан, «қысқа» сөзінің алынуы логикаға саяды.
Быть может, некогда случится,
Что, все страницы пробежав,
На эту взор ваш устремится,
И вы промолвите: он прав;
Кім біледі, кез болса арттағылар
Ойға салып оқыр да, сөзін сынар.
Көзін салып, ойланып кейбір сөзін,
«Рас-ау!» деп мағынасын о дағы ұғар.
Дәл осы шумақта Абайдың көркемдігі анағұрлым шарықтай, асқақтай түскен. Әлгі айтылған «өзі қысқа, өзі асау, тентек өмір арттағыға не қалдырар екен?» деп қам жеген Абай келесі шумақта, сол арттағы кейінгі буын,артқы толқын ұрпақтыңосы бір сырды ойға салып, аяулы жанын түсінетінін, оның бар анығын да, ғайыбын да «рас» деп мақұлдарын хәкім алдын ала сезіп тұрғандай.
Быть может, долго стих унилый
Тот взгляд удержит над собой,
Как близ дороги столбовой
Пришельца памятник могилы!..
Кім білер, жабырқаңқы жазған сөзім
Жібермей, кеп тоқтатар оның көзін.
Жолаушы жол үстінде тамаша еткен
Сықылды өткен жанның бір күмбезін.
Бұрынырақтағы басылымдарда «Сықылды өлген жанның бір күмбезін» деп басылған екен. Бұны қате деп білер едім. Себебі, өлім сөзі – Абайға ауыр қолданыс. Иә, оның дем алысы, жабыққан, жалыққан, үміт еткен, үкілеген көңілінің алағай да, бұлағай сәті өткен шығар, алайда, Абай болмысы, өтті, өшті, жоқ болды ма?! Сонымен бәрі бітті ме?! Жоқ, меніңше, өлгеннің бәрі – өлген болар, алайда өткеннің бәрі – өлмейді ғой.
Метафора ғой, сонда да, Байронның алып жыр күмбезін Лермонтов кеп зиярат еткендей, Лермонтовтың асқақ ұлы күмбезін Ибраһим мырза зиярат еткендей, Ибраһим Құнанбайұлының өткеніне екі ғасырға таяу уақыт өтсе де, Жидебайға зиярат етер жол үстіндегі әрбір жолаушығаұлы хәкім:
«Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» - деп, мәңгілік үн қатып жатқандай.
Дархан АМАНЖОЛҰЛЫ