Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Оқулық жарыққа шықты

Оқулық жарыққа шықты

Қызылорда «Болашақ» университеті «Жаратылыстану және спорт» кафедрасының доценті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Марат Мықтыбайұлы Жанзақовтың екі бөлімнен тұратын «Селекция және тұқым шаруашылығы негіздері» атты оқулығы Алматы қаласындағы «TechSmith» баспасынан жарыққа шықты.
Аталмыш оқулықты баспаға Білім және ғылым министрлігінің Қазақ ҰАУ жанындағы РОӘК «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» кадрлерін даярлау бағыттары бойынша оқу-әдістемелік бірлестігі ұсынған. Оқулықты ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторлары, профессорлар С.Садуақасов, И.Таутенов және Ж.Өтесінов рецензиялады.
Жалпы селекция және тұқым шаруашылығының негіздері бөлімдерінен тұратын  оқулықтың тарауларында мәдени өсімдіктердің, яғни егістік дақылдардың селекциясы мен тұқым шаруашылығының негізгі мәселелері мен бағыттары баяндалған. Әлеуетті өнімділігі және өнімінің сапасы, аурулар мен зиянкестерге төзімділіктері үйлескен, табиғаттық-климаттық жағдайлардың күрт өзгеруіне, қарқынды және энергия үнемдейтін технология бойынша өсіруге бейімделген егістік дақылдар сорттары мен будандарын шығарудағы бастапқы материалдар және оларды алу тәсілдері мен әдістері (сұрыптау, будандастыру, мутагенез, гетерозис, полиплоидия, анеуплоидия мен гаплоидия және т.с.с.), жалпы селекциялық процесті, сондай-ақ тұқым шаруашылығын ұйымдастыру мен жетілдіруге, тұқым сапасын жақсартудың заманауи әдістері мен тәсілдеріне аса көңіл бөлінген. Өсімдік селекциясындағы жаңа генетикалық әдістер қарастырылған.
Оқулық жоғары және орта арнайы оқу орындарының өсімдік шаруашылығы, биология, экология  мамандықтары студенттері, магистранттарына, сондай-ақ ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу мекемелерінің жас ғылыми қызметкерлеріне арналған.
«Болашақ» Ғылыми-зерттеу институты
28 желтоқсан 2020 ж. 794 0