Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қазақтың «Тақиялы періштесі» өмірден озды

Қазақтың «Тақиялы періштесі» өмірден озды

Қалың көпшілікке «Тайлақ» есімімен танылған «Тақиялы періште» фильмінің бас кейіпкері өмірден озды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Иісі қазақ сүйсініп көретін «Тақиялы періште» фильмінің бас кейіпкері, аты аңызға айналған актер, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы Әлімғазы Райымбеков өмірден озды.
Әлімғазы Сұмағұлұлы 1936 жылы 1 желтоқсанда Алматы облысында дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын ауылда жүргізуші болып бастаған. 1965 жылы алғашқы «Ән қанатында» фильмінің спорттық іс-шараларына шақырту алады. 1966 жылы «Қилы кезең» фильміне түседі. 1968 жылы қазақ киносының алтын қорынан ойып тұрып орын алған «Тақиялы періште» (режиссері Шәкен Айманов) кинофильміндегі Тайлақтың рөлін сомдайды. Осы кезден бастап жұртшылыққа кеңінен танылады.
Бұдан бөлек, «Көгілдір такси», «Қан мен тер» секілді оннан аса кинофильмге түскен. Бірнеше мерекелік медаль мен Құрмет грамоталарын алған. Алматы облысы Көксу ауданының да Құрметті азаматы.
Әлімғазы Райымбеков өмірінің соңына дейін қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жас ұрпақты тәрбиелеуге үлкен үлес қосты. Кез келген іс-шараларда ақ батасын беріп, ел амандығын тілеп жүретін, немере-шөберелеріне үлгілі азамат еді.
Әлімғазы Райымбековті туған жерінде жерлейді. Ақтық сапарға шығарып салу рәсімі Көксу ауданы, Еңбекшіқазақ ауылында ертең өтеді. Бұл жөнінде марқұмның балалары хабарлады. Әлімғазы Райымбеков 10 баланың әкесі. Бес ұл, бес қыз тәрбиелеп өсірген арда тұлғаның жарқын бейнесі халқының жүрегінде сақталады.

inform.kz
19 қаңтар 2021 ж. 685 0