Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ақынмен кездескен сәт әлі есімде (Мұқағали Мақатаев – 90 жыл)

Ақынмен кездескен сәт әлі есімде (Мұқағали Мақатаев – 90 жыл)

Өткен күнде белгі бар. Мен өзімнің педагогикалық қызметімді 1969 жылы «Арал» совхозындағы №57 орта мектепте мұғалім болудан бастадым. Келесі жылдың көктем айларының бірінде сол кездегі мектеп директоры Ізатулла Сұлтамұратов: «Қазір ауылдық советтің кеңсесінде ақын Мұқағали Мақатаевпен оқырмандардың кездесуі болады. Соған қатысасыздар» деп сабақтан босаған 10-15 шақты мұғалімді өзі бастап жиын өтетін жерге алып келді. Әртүрлі жиналыс, мәжіліс, іс-шаралар өткізуге арналған жұпынылау жабдықталған «Қызыл отау» аталатын шағын бөлмеге келіп кірдік. Қабырғаны жағалай қойылған орындықтарда он шақты адам отыр екен. Сонда барлық жиналған адам қарасы біздерді қосқанда бас-аяғы жиырманың ол жақ, бұл жағында ғана болды.
Көп кешіктірмей қызыл матамен көмкерілген төрдегі столға аудандық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі Атабай Қылышбаев пен ақын Мұқағали Мақатаев келіп жайғасты. Аупартком өкілі ақынның өмірбаянымен таныстырып, оның шығармашылығына қысқаша шолу жасап, сөз кезегін ақынның өзіне берді. Мінбеге жаратылысынан мол пішілген денелі, қою қара шашын шалқалай артына қайырған, жазық маңдай, жанары отты, әлі 40 жасқа да тола қоймаған жігіт ағасы Мұқаң көтерілді. Ол «ақынға қара сөзден өлең оңай» дегендей, зор даусымен бірден өлең оқуға көшті. Ойыңды байытып, сезіміңді оятып, қиялыңды қанаттандырып, көкке өрлеткен, «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» жыр шумақтарын автордың өзі нақышына келтіріп оқығанда, тыңдаған сайын тыңдай бергің келеді. Ол өлеңдерін ұзақ оқыды. Мұқағалидың мінсіз өлеңдерін тыңдаған сайын әдемі ән тыңдаған сияқты рухани ләззат алып, толғанып, тебіреніп отырдық.
Жүрегіңді жарып шыққан туындыңды оқырман жүрегіне әдемі қалпында жеткізе білу де үлкен өнер екен-ау өзі. Дикция қандай! Интонация қандай! Дауыс тембрі ше?! Ақынның өзі оқып тұрған өлеңдеріндегі ең шырайлы, ең шұрайлы сөздер мен сөз тіркестеріне логикалық екпін түсіруі де мүлде бөлек. Қанша айтқанмен қазақ радиосында диктор болып қызмет атқарған адам ғой. Ол өлең оқығанда құдды бір мәнерлеп оқудың арнаулы курсын бітірген көркемсөз шебері сияқты лирикаға мөлтілдеп тұнып тұрған тұнық, мөлдір өлеңдерін мейірімді де сүйкімді, нәзік те жұмсақ, қоңыр даусымен жеткізсе, патриоттық тақырыптағы жырларын оқығанда «қырандай сұңқылдап» арқаланып, шабыттанып кететін сияқты көрінді маған. Осылайша, ақын біршама өлеңдердің басын қайырып, өз орнына келіп отырды.
Мен мектеп директорының оң жағынан орын алып, жыр оқылып жатқанда өзімнің студент кезімнен қалыптасқан әдетім бойынша ақын өлеңдерінің кейбір шумақтарын үлгіргенімше қойын дәптеріме жазып отырғанмын.
«Ал, енді кезекті оқырмандарға берейік. Ақын шығармашылығына байланысты кімде қандай ой, тілек, ұсыныс-пікір бар?» – деп, Атабай Қылышбаев отырғандарды көзімен бір шолып өтті. Зал тым-тырыс. «Сен шығып сөйлейсің!» – деді директорым, мені түртіп қалып. «Ағай, мен Мақатаев поэзиясымен жақсы таныс емеспін. Сөйлемеймін» , – дедім мен.
Ізатулла ағамыз қызық адам еді ғой, жарықтық. «Сөйлейсің!» деді де, сол жақ санымды саусақтарын батыра оңдырмай шымшып алды. Орнымнан ұшып тұрып, мінбеге қалай жетіп барғанымды білмей қалдым. Институт аудиториясынан жаңа ғана шыққан, поэзиясымен оншалықты таныс емес маған заңғар ақынның алдында аяқ астынан сөйлеу оңай болсын ба? Бірдеңелерді айтқан болдым. Не айтқаным есімде жоқ. Есімде қалғаны: «Құрметті Мұқа! Экологиялық апаттың нақ кіндігінде орналасқан Арал өңіріне келген қадамыңыз сәтті болсын. Ауданның балықшылары мен малшылары, тұзшылары қалыптасқан қиыншылықтар мен түйіні шешілмеген әлеуметтік мәселелерге қарамастан, теңіздей тасыған ел байлығына тамшыдай болса да еселі еңбектерімен өз үлестерін қосуда. Осы сапарыңызда сізге киелі Арал топырағы шалқар шабыт сыйлап, жаңа туындыларыңыздың өмірге келуіне себепкер болсын» деген мағынада тілегімді жеткіздім. Сөз соңында ақынның «Ей, Табиғат!» атты өзі жаңа ғана оқыған өлеңінен үлгіріп жазып алған:
Ғұмыр бердің шоп-шолақ, шара бар ма...
Ей, Табиғат! Барыңды маған арна!
Неше мың жыл неге мен жасамаймын,
Мың жыл жасап жүргенде қара қарға!? – деген жыр жолдарын қайта оқыдым. Міне, ақын аға, сіздің тәрбиелік мәні зор, өміршең шығармаларыңыз ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, өзіңіз жырлағандай, мыңдаған жылдар жасайтын болады. Біз бұған нық сенімдіміз»,– деп мінбеден түстім. Ол орнынан сәл көтеріліп: «Рахмет, айналайын!» деп қолын ұсынды. Осылайша маған ұлы ақын бейнесін көріп, дауысын есіту бақыты бұйырды.
Содан бері арада 51 жыл өтіпті. Толық жарты ғасыр. Біз кішкентай жүрегіне кең дүниені сыйғыза білген, қазақ поэзиясының әдеби кеңістігіне еркін құлаш ұрған, жұлдыздай жарқыраған талантты ақынның өлең-жырларын іздеп жүріп сүйсіне оқыдық.
Бүгінгі күні арада осынша уақыт өтсе де, ақын кітаптарын қолыма алып парақтаған сайын, сол бір ұмытылмас жүздесу ойыма оралады. Әдетте елге белгілі ақын-жазушылармен, спорт, өнер майталмандарымен кездесу дегеніңіз мәдениет, клуб үйлерінде дүркіреп өтпеуші ме еді? Ал Мұқағали сияқты поэзия алыбымен, жоғарыда атап өткенімдей, поэзия көгіне енді ғана қанат қаққан, аты әдеби ортаға беймәлім жас талант иесімен кездескендей өте жұпыны жағдайда бас қосу сол кешке қатысқан баршамызды ойландырғаны рас еді.
Сол күні әдебиет атты киелі кеңістіктің төрінен өзінің лайықты орнын алып үлгерген, алыстан ат арылтып, Аралға асығып жеткен ғажайып ақынға неғып лайықты сый-құрмет көрсете алмадық? Пір тұтатын ақынымызға аудан орталығында жырсүйер қауымды жинап, бір әдемі әдеби кеш ұйымдастыруға болмас па еді?! Әрине, болады. Әлде бұл мәселеге аудандық партия комитеті мән бермеген бе? Жоқ, олай емес-ау, шамасы. Менімше, сол бір кездері шаршап-шалдығыңқырап, қамығып-жабығып жүрген ақынның өзінің айтуымен жақын маңдағы елді мекендердің бірінде кездесу кешін өткізу асығыс түрде ұйымдастырылған сияқты. Оның күнделіктерінде, замандастырының еске алуларында жазылғандай, бұл уақыт Мұқағали тағдырының алағай да бұлағай кезеңі болатын. Иә, оның тағдыры өте күрделі болды. Азғантай ғұмырында ол қайғы мен қасіретті көп көрді. Азапты, дертті күндері көп болды. Дос деген адамдардың өзі Мұқаңнан бойын аулақ ұстауға тырысты. Бірі кеудесінен итерсе, бірі аяғынан шалды. Партиядан шығарылып, жұмыссыз қалды. Жазушылар одағы мүшелігінен аластатылды.
Оны осындай беймаза өмір әбден ашындырды, ызаландырды. Күндестік, қызғаныш пен көреалмаушылық жанын жегідей жеп, жігерін жасытты. Қамыққан, жабыққан пенде ретінде, өзін арбаның бесінші доңғалағы санады. Тым әсірешіл де сезімтал, өте сыншыл да мұңшыл, нәзік ақын жанының жазықсыз жараланғанын көру қандадй өкінішті!
Дегенмен кейбір сәттерде пендешілікке салынып, әлсіздік танытқанымен, күрескер ақын өлең жазуын еш тоқтатқан жоқ. Жанайқайын ұққан, түсінген Фаризаға мұң шаққан Мақатаев:
Білмеймін, бұзықпын ба, жындымын ба?!
Кеп тұрады тілегім мұңды-мұңға.
Енді қалған өмірдің құрдымында,
Өлтірсе де көмбеймін жырды құмға! – деп, асқақтаған арманмен, шалқар шабытпен махаббат, өмір, Отан, табиғат тақырыбындағы жаңа жырларын төгілте жаза берді, жаза берді... Қазақ оқырманы күйбеңі таусылмайтын тіршіліктен жалыға бастағанда шерлі, қасіретті, назалы ақынның қуатты жырларына үңілді. Бүкіл өмірді, өмірдегі барлық құбылысты ақын көзімен көре білетін оның мұңды, сырлы өлеңдерінен рухани ләззат алып, жанына дауа тапты.
***
«Қызыл отаудағы» әдеби кешіміз аяқталды. Біз келген қонақтармен ілесіп, сыртқа беттедік. Үлкен жүректі, дүлдүл ақынмен қол алысып қоштасып, оның мінген көлігі көзден ғайып болғанша сыртынан ұзақ уақыт қарап тұрдық.
Иә, ол аз ғұмыр кешті. Небәрі 45 жыл.
... Кім біледі...
Ендігі қалған өмір,
Неше жылға жетерін,
Неше күнге?
Ұмыт болып есебің, өсегің де,
Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде,
Қырықтың бесеуінде,– деп жырлаған М. Мақатаев өзінің дәл осы жаста бақилық болатынын осындай жыр шумақтарымен болжап айтып кетті. Маған алып ақын өзінің көзі тірісінде, қалған санаулы ғұмырында барын халқына беруге асығып бара жатқан сияқты болып көрінді.
Айтылған жоқ өмірге ғашық әнім,
Қашан айтам, қашан мен басыламын?!...
Айта алмай қалам ба деп ашынамын,
О, муза!
Мен бір жаққа асығамын.
Иә, бізге беймәлім бір жаққы асығып кетті ол...
Әнес ӘУЕЗОВ,
Қазақстан Журналисттер одағының мүшесі
20 ақпан 2021 ж. 563 0